Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Төтенше жағдай еңсерілмейтін күш мән-жайы болып табыла ма?
Жоғарғы Сот бизнес көтерген сұрақтарға жауап берді
Төтенше жағдай режимі аяқталып қалғандықтан, карантиннен кейінгі кезеңде өмір сүруге дайындалу керек, деген пікірде бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов, деп хабарлайды Kapital.kz. іскерлік ақпарат орталығының тілшісі.
Сәуір айында бизнес-омбудсмен Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановқа төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты туындаған өзекті мәселелер мен сын-тегеуріндерге қатысты хат жолдады.
"Соттарға түсетін жүктеме азайды, адамдар дауларды кейін кейінге қалдырды, өйткені көпшілік карантин кезеңінде оқшаулануға мәжбүр болды. Дегенмен, жақын арада кәсіпкерлер арасында, соның ішінде сот инстанцияларындағы даулардың өсуі орын алуы мүмкін", – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Рустам Жүрсінов Жоғарғы Соттың пленарлық отырысында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот тәжірибесінің жекелеген мәселелері бойынша түсініктемелер бекітілгенін хабарлады. Жоғарғы Сот бизнес көтерген кейбір мәселелерге ресми түрде жауап берді.
"Ең өзектілердің бірі келесі мәселе. Төтенше жағдай еңсерілмейтін күш мән-жайы болып табыла ма? Пленарлық отырыстың пікірінше, ТЖ енгізу мен оның әрекет етуі еңсерілмейтін күш жағдайларының барлық белгілеріне ие. ТЖ режимін енгізуге байланысты еңсерілмейтін күш жағдайларының бар немесе жоқ екендігі туралы заңды фактіні анықтау үшін сотқа жүгіну талап етілмейді", - деп түсіндірді Рустам Жүрсінов.
Бизнес-омбудсмен нақтылағандай, шарт тараптары дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтауы тиіс. Шартты сот тәртібімен тек сотқа дейінгі талапты алдын ала жіберген кезде ғана бұзуға болады. Мұндай тәртіп сақталмаған жағдайда талап-арыздар қайтарылатын болады. ТЖ режимін енгізу талап қою мерзімінің өтуін тоқтата тұрады, ал ТЖ кезеңінде өтіп кеткен іс жүргізу мерзімдерін сот ұзарта алады және қалпына келтіре алады.