Жиі қойылатын сұрақтар

Бизнес-омбудсмен институты дегеніміз не?

Жауап

Халықаралық заңгерлер қауымдастығының пікірі бойынша, омбудсмен институты дегеніміз – конституциямен немесе заңнамалық билік актісімен бекітілген және жоғары шенді тәуелсіз жария лауазымды тұлға басқаратын қызмет. Мұндай тұлға Мемлекет басшысының алдында жауапты, кәсіпкерлердің, қызметкерлердің мемлекеттік органдардың құқыққа қайшы әрекеттері туралы шағымдарын қабылдайды, және де кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қамтамасыз ету, сонымен бірге кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүддесін қорғау мақсатында әрекет етеді.

Президенттік вертикальдің жаңа құрамдасы ретінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымының пайда болуын бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесіндегі маңызды оқиғалардың бірі деп батыл түрде атауға болады. Мемлекеттік басқарудың бұл әдісі өзін кәсіпкерлер шаруашылық қызметті жүзеге асыру процесінде тап келетін бюрократиялық проблемаларды шешудің тиімді құралы ретінде шетелдерде жағымды жағынан көрініс тапқан.

Қазіргі уақытта омбудсмен институты әртүрлі басқару формасы бар 50-ден астам елде қолданылады: президенттік республикаларда (Финляндия, Франция, АҚШ), парламенттік республикаларда (Швейцария, Австрия, ГФР), конституциялық монархияларда (Дания, Норвегия, Швеция, Испания, Австралия, Нидерланды, Ұлыбритания, Канада).

ҚР Президентінің 2014 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметке арналған жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, ҚР Үкіметіне ҚР ҰКП-ның рөлін, оның ішінде Бизнес-омбудсмен институтын енгізу жолымен күшейтуді қарастыратын заң жобасын әзірлеу тапсырылған болатын. 2014 жылдың 29 желтоқсанында ҚР-ның «Қазақстан Республикасының Ұлттық палатасы туралы» Заңы Бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесі, функциялары, тағайындалу тәртібі және міндеттері, сондай-ақ оның қызметін ұйымдастыру туралы нормалармен толықтырылды.

2016 жылдың 1 қаңтарында ҚР-ның Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі қарай – ҚР КК) қолданысқа енгізілді, оның 28-тарауында Бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесі жете түсіндірілген.

Осылайша, Қазақстанда алғаш рет бизнес-омбудсмен институты пайда болды. Жаңа құрылымға билік органдарының бизнеспен өзара іс-қимылы саласындағы жұмысын тексеру бойынша үлкен өкілеттіктер берілген.

Елбасының өкімімен 2016 жылдың 19 ақпанында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл болып Болат Әбілқасымұлы Палымбетов тағайындалды.

Оны нығайу қажеттілігі неліктен пайда болды?

Жауап

Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту қажеттілігі пісіп-жетілді, бұл Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» іс-қимыл Жоспарында айтылған болатын. Міне, осы бағытта қазірдің өзінде біраз жұмыс істелді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтының маңыздылығы туралы айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл бизнеспен айналысып жүрген әрбір қазақстандыққа көрсетілген нақты көмек. Кәсіпкердің жұмысына жасалатын жағдайды тұрақты түрде жақсарту жөніндегі қамқорлық әрдайым мемлекеттің басты назарында болады. Бұл Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолындағы тағы бір маңызды қадамы. Аталған шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қаражаттың бөлінуі біздің экономикамызды дамытуға, жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға серпін береді деп сенемін», – деп атап өтті.

Осылайша, елімізде бизнес-омбудсмен институтының қызмет атқаруы отандық кәсіпкерлікті табысты дамыту үшін жағымды ахуал құруға мүмкіндік береді.  

Бизнес-омбудсмен нақты немен айналысатын болады?

Жауап

Бизнес-омбудсмен «Атамекен» ҚР ҰКП-ның қалыптасқан жүйесіне басшылық жасайды, яғни оның қызметін ҚР ҰКП қамтамасыз етеді, өйткені мұнда кәсіпкерлік мәселелері мен проблемаларының бүкіл статистикасы шоғырланған, қазақстандық бизнесті қорғау жүйесі қалыптасқан.

Бизнес-омбудсменнің басты функцияларының бірі, кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқықтарын білдіру, қамтамасыз етумен қатар, олардың шағымдарын қарау.

Омбудсмен теңдессіз өкілеттіктерге ие: іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған мемлекеттік органдарға бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге арналған шараларға қатысты ұсынымдар, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді тоқтата тұру жөнінде ұсынымдар жолдайды. Мемлекеттік органның пікірімен келіспеген жағдайда ол прокуратура органдарына кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын одан әрі қалпына келтіру мақсаттарымен қолдаухаттар жолдай алады.

Сонымен бірге, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қалпына келтіру мақсатымен сотқа жүгіну құқығы бар. Егер, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу жүйелі сипатқа ие болса және проблеманы мемлекеттік органдар деңгейінде шешуге болмайтын болса, онда кәсіпкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл шағымды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуге құқылы.

Бизнес-омбудсменнің ҰКП-мен өзара қарым-қатынасы қалай құрылатын болады?

Жауап

ҚР-ның Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметін Ұлттық палата қамтамасыз етеді, өйткені дәл осында кәсіпкерлік мәселелері мен проблемаларының бүкіл статистикасы шоғырланған, қазақстандық бизнесті қорғау жүйесі қалыптасқан.

Осылайша, Бизнес-омбудсменнің қызметі «Атамекен» ҚР ҰКП-ның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау ісіндегі бар тәжірибесіне негізделеді.

Бизнес-омбудсменнің құзыретіне қатысты негізгі мәселелер қандай?

Жауап

Бизнес-омбудсменнің негізгі мәселелері мынадай:

  • әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған мемлекеттік органдарға бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге арналған шараларға қатысты ұсынымдарды, сондай-ақ, заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді тоқтата тұру жөніндегі ұсынымдарды енгізу;
  • мемлекеттік органның пікірімен келіспеген жағдайда кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын одан әрі қалпына келтіру мақсаттарымен прокуратура органдарына қолдаухаттар жолдау;
  • кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу жүйелі сипатқа ие болған жағдайда және проблеманы мемлекеттік органдар деңгейінде шешу мүмкін емес болса, ҚР Президентінің қарауына шағым енгізу.
Құқықтары қандайда бір түрде бұзылған кәсіпкерлер бизнес-омбудсменнің көмегіне жергілікті жерлерде қалай жүгіне алады?

Жауап

Ережелер барлық адамдар үшін бірдей. Жергілікті кәсіпкерлер де бизнес-омбудсменнің атына шағым хат жаза алады, ҚР ҰКП сайты немесе бизнес-омбудсменнің сайты арқылы да жүгіне алады, сонымен қатар бизнес-омбудсменнің блогына жаза алады.

Ұлттық палатаның атына келіп түскен және Бизнес-омбудсменнің қарауына жататын шағымдарды Ұлттық палатаның кеңсе қызметі Ұлттық палатаның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен Аппаратқа тапсырады.

Қажет болған жағдайда Бизнес-омбудсменнің атына келіп түскен шағымдарды қарау мерзімі, жүргізіліп жатқан жұмыс туралы арыз берушіні міндетті түрде хабарландыра отырып ұзартылады.

Бизнес-омбудсменнің нақты өкілеттіктері қандай?

Жауап

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл кәсіпкерлік қоғамдастықтың заңды мүдделері мен құқықтарын білдіру, қорғау және қамтамасыз ету мақсатымен:

1) Мемлекеттік органдарда және Қазақстан Республикасының өзге де ұйымдарында, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын білдіреді, қорғайды және қамтамасыз етеді;

2) кәсіпкерлік субъектілерінің шағымдарын қарайды;

3) мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау жөнінде ұсыныстар енгізеді, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді тоқтата тұру жөнінде ұсыным береді;

4) әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған мемлекеттік органдарға (лауазымды тұлғаларға) бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге арналған шараларға қатысты ұсынымдар жолдайды, соның ішінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды ұсынады;

5) мемлекеттік органның пікірімен келіспеген жағдайда кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын одан әрі қалпына келтіру мақсатымен прокуратура органдарына қолдаухаттар жолдайды;

6) кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу жүйелі сипатқа ие болған және оларды мемлекеттік органдар деңгейінде шешу мүмкін емес болған жағдайларда, ҚР Президентінің қарауына шағым енгізеді;

7) мемлекеттік органдардан (лауазымды тұлғалардан) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты, мемлекеттік, коммерциялық, банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпиядан басқа ақпаратқа, құжаттар мен материалдарға сұрау салады;

8) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен талап-арыз (шағым) береді;

9) кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған өзге де заңды шараларды қабылдайды.

Бұзу фактілері орын алған жағдайда оның әрекет ету тетіктерін ашу

Жауап

Келіп түскен шағым (алдын ала мемлекеттік органдарда олардың құзыреттілік шегінде қаралмағандарынан басқа) ең алдымен өңделеді. Егер ол өңірлік сипатта болса, тікелей тапсырмамен өңірлік секторға жолданады. Егер республикалық сипатта болса, бизнес-омбудсмен Аппаратында қаралады.

Келіп түскен ақпарат бойынша сауал жасалады, қосымша материалдар сұралады. Одан әрі қарай оларды құқықтық кеңістік аясында шешудің жолдары әзірленеді.

Мемлекеттік органдармен сұхбат құрылғаннан кейін, мәселе қайта бағаланады және жағдаят, яғни шағымның нәтижесі анықталады. Сұхбаттан кейін мәселенің мәнісі бойынша жауап пен консультация беріледі. Кейде құқық бұзушылық фактілерінің дәлелденбеуі және мемлекеттік органдікі дұрыс болып шығатын жағдайлар да кездеседі, ал кейде керісінше, кәсіпкерлердің құқықтары бұзылып, мемлекеттік органдар өзінің өкілеттіктерін асыра пайдаланған жағдаяттар да болады, бұл жағдайда Бизнес-омбудсменнің Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген жедел жауап қату құралдары іске қосылады.

Арыз берушілердің Бизнес-омбудсменнің атына келіп түскен шағымдары отыз күнтізбелік күн ішінде қаралады.

Шағымдарды қарау мерзімін ұзартқан жағдайда, шағымдарды қарау мерзімін ұзарту тәртібін, өкілетті мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жолдаулар, арыз берушілерді шағымдарды қарау барысы туралы хабарландыру мәселелерін бизнес-омбудсмен белгілейді.

Бизнес-омбудсмен арыз берушінің құқықтарын жеке кәсіпкерліктің басқа субъектісінің бұзу фактілеріне араласпайды.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Палымбетов Б.Ә.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі