Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Рустам Жүрсінов: Көлеңкелі экономикамен күрес тәсілдерін өзгерту қажет
«Egemen Qazaqstan» газеті
Елімізде өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған жандар жеткілікті. Алайда олардың барлығы бірдей заңмен қорғалған ба? Кәсіп бастағандардың басында бар мәселемен кімдер айналысады? Жалпы, Қазақстанда кәсіпкерлікпен шұғылданып көгеріп-көктеуге бола ма? Міне, бізді мазалаған осындай сұрақтарды Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Манарбекұлы Жүрсіновке қойып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.
– Еліміздің бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуінде Мемлекет басшысы қазына қазанына түсетін барлық салықтың 80%-ын 260-қа жуық компания төлейтінін айтып өтті. Елімізде нақты қанша шағын, орта, ірі кәсіпкерлік субъектісі бар? Сіздің ойыңызша Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет қаншалықты дамыған?
– Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 2 234 776 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған 2 031 826 субъектінің негізгі бөлігін шағын бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлер құрайды – 1 771 746 (87%). Ал орта кәсіпорындардың үлесі тек 0,1% немесе 2 840 бірлік. Ал тіркелген ірі заңды тұлғалардың саны бар болғаны 2 472, оның ішінде 1 111 субъекті жекеменшік нысанында жұмыс істейді.
Қазақстандағы шағын және орта бизнеске салынатын салық жүктемесінің ағымдағы деңгейі барынша төмен, оны одан әрі төмендету айтарлықтай нәтиже бермейді. Сонымен қатар белсенді өсу сатысындағы компаниялар үшін салықтық ынталандырудың арнайы тетігін қарастырған жөн. Мәселен, мөлшері бірнеше жылдағы кірістің орташа өсіміне пропорционалды түрде есептелетін салықтық өсім.
Әрине, соңғы 15 жылда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі айтарлықтай өсті. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 30,0% шағын кәсіпкерліктің үлесін және 6,5% орта кәсіпкерліктің үлесін құрайды (2021 жылы – 33,5%, 2022 жылы – 35,7%).
Инвестициялық немесе инновациялық қызметті жүргізбейтін пассивті фирмалардың үлесі жоғары (55%). Отандық шағын және орта бизнестің өмір сүру деңгейі төмен, олар өте «әлсіз». Шағын фирмалар мен орта фирмалардың орташа жасы сәйкесінше 11,2 және 15,3 жылды құрайды, басқа посткеңестік елдермен салыстырғанда, бұл көрсеткіш бір жарым есе төмен. ҚҚС шегі компаниялардың бөлшектенуіне көбірек ықпал етеді және жаңа «бөлшек салық» арнайы салық режімі бұл мәселені шешуге септігін тигізуге тиіс.
Біздің бизнес ішкі нарыққа бағытталған, оның үстіне экспорттық қызметінің қарқындылығы төмен. Шағын және орта бизнесте тек 6% тікелей және 4% жанама экспорттаушылар бар. Егер Үкімет қажетті шаралар қабылдамаса, орта бизнестің саны бұдан да азаюы мүмкін.
– Бұл ретте сіздің нақты қандай ұсынысыңыз бар?
– 2010 жылдың басынан бері Бизнестің жол картасы бойынша мемлекет бөлген субсидия көлемі 640 миллиард теңгеден асты.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында бірқатар шараны іске асыру жоспарланып отыр. Ең алдымен, күшті және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аудара отырып, «Бизнесті ұзақмерзімді кредиттеу» және «Жалпы тауарларды экспорттық өндіру» бағдарламаларын шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасына біріктіру. Содан соң шағын кәсіпорындарды бірігуге ынталандыру, олардың фрагменттілігін төмендету және орта бизнесті кеңейту үшін кешенді ынталандырулар әзірлеу мен бизнестің санатына және оның технологиялық дәрежесіне байланысты топтамалы қолдау жүйесін енгізуге қатысты іс-шаралар. Сонымен қатар ШОБ үшін олардың өмірлік цикліне байланысты өзара міндеттемелерді белгілеу.
Жағдайды жақсарту үшін шағын бизнесті қолдауды төрт негізгі салаға шоғырландыру қажет деп есептеймін: «Өз ісін жаңадан бастағандар», «Дамушы сала», «Басым сала» және «ШОБ+». Әрбір топ үшін арнайы шараларды қарастыра отырып, қолдауды тиімді ете аламыз. Мысалы, «Өз ісін жаңадан бастағандарға» гранттар мен тәлімгерлікті ұсынсақ, «Дамушы сала» үшін автоматтандырылған салық жүйесін кеңейтсек, «Басым салаға» жеңілдетілген несиелер мен офсеттік келісімшарттар ұсынып, ал «ШОБ+-ке» өтпелі салық режімін ұсынсақ.
Жоғарыда аталған санаттағы кәсіпкерлердің барлығы дерлік қиындықтарға тап болады: «Өз ісін жаңадан бастағандар» жұмысын бастаған кездегі қиындықтармен күреседі және алғашқы екі жылда көмекке мұқтаж болады, «Дамушы» ШОБ көбінесе масштабты ұлғайту барысында салық жүктемесі мен есептілікті тапсыруда қиындықтарға тап болады. Нарықта «Басым саладағы» компаниялардың үлесі аз, ал «ШОБ+» ірі бизнеске көшу кезінде шағын бизнеске ұсынылатын жеңілдіктерден айырылады, міне, осы себепті қиындықтарға тап болады. Біздің стратегиямыз дәл осы міндеттерді шешуге бағытталуы керек.
– Сіздің ойыңызша инвестициялық климат қандай көрсеткіштер бойынша бағаланады? Оны қалай және қай тұрғыда жақсарту керек деп ойлайсыз?
Біз өз жұмысымызда бірқатар көрсеткіштерге назар аударамыз, атап айтқанда, кәсіпкерлер таза пайданың қанша пайызын негізгі құралдарды жаңартуға қайта инвестициялайды. 2010 жылы 47% болған еді, өкінішке қарай, 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі 29%-ды құрады. Бұл нені білдіреді? Біз үшін бұл бизнестің болашаққа сенетін-сенбейтіндігінің белгісі.
Кәсіпкерлер құқық қолдануда «әділдік» қағидатын бекітуге шақырады және де жаңа қоғамдық шарттың негізі ретінде әділетті Қазақстан идеясын қолдайды. Бірақ қазіргі уақытта бұл қағида қазақстандық заңнамада жеткілікті түрде іске асырылған жоқ, ал бұл әділетсіз сот шешімдеріне әкеледі, тиісінше азаматтар мен бизнестің наразылығын тудырады.
Мәселен, 2022 жылы 600 мыңнан астам әкімшілік істің 365 мыңы тоқтатылды, оның ішінде 436 іс (0,07%) олардың маңыздылығының шамалы болуына байланысты тоқтатылды. Неғұрлым жеңіл қылмыстық жаза тағайындауға қатысты да осындай жағдай байқалады. 2022 жылы сотталған 28 200 адамның тек 74-нің (0,2%) жазасы жеңілдетілген. Мұндай төмен статистиканың басты себебі – судьялар нақты құқықтық негізі жоқ адамгершілік шешімдер қабылдаудан қорқады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) – мемлекеттік орган кінәсінің презумпциясы, соттың белсенді рөлі және «әділеттілік» қағидаты сияқты түбегейлі жаңалықтарды қамтитын жалғыз заң. Дәл осы институттың арқасында кәсіпкерлерде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында туындаған даулар әділ шешіледі деген үміт пайда болды. Бүгінгі таңда ӘРПК аясында шешімдердің 64%-ы азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шығарылады.
Тағы бір маңызды мәселе құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты. Қазақстанда 8 900 орта және ірі кәсіпорын бар, олардың тек 3 730-на немесе 42%-на (1 111 ірі және 2 620 орта) мемлекет қатыспайды. Бұл ретте 1 670 компания бюджетке түсетін салық түсімдерінің 90%-ға жуығын қамтамасыз етеді.
ШОБ-ты тексеруге уақытша мораторий жариялануына байланысты осы кәсіпорындар көптеген құқық қорғау және тексеру органдарының басты назарына ілікті.
Мемлекет басшысының өткен жылдың мамыр айында бизнес өкілдерімен кездесуінен кейін бұл мәселеде белгілі бір ілгерілеушілік байқалды. Ел Президентінің қолдауы – бизнес үшін маңызды. Осындай кездесулерден кейін жұмыс белсенді бола түседі деп сенемін.
– Президенттің әрбір маңызды инвестициялық жобаға қадағалау органының қызметкерлері тарапынан сүйемелдеуді бекіту туралы бастамасы сіздің ойыңызша қалай іске асырылады?
– Осы тапсырманы орындау үшін Бас прокуратурада Инвестицияларды қолдау жөніндегі арнайы басқарма құрылды. Әрбір аумақтық прокуратурада облыс прокурорлары орынбасарларының бірінің қадағалауында болатын жеке қызметкерлер де тағайындалды.
Орта және ірі кәсіпорындарға қатысты қылмыстық қудалау үдерісіне өзгерістер енгізу ұсынылады. Мұндай тергеулер Бас прокуратураның Орталық аппаратымен, атап айтқанда, Бас прокурордың инвестициялар үшін жауапты орынбасарымен келісілгеннен кейін ғана жүргізілетін болады.
Сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бақылайтын жобаларды сүйемелдеуге инвестициялық прокурор мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілін тарту қажет. Бұл орталық деңгейдегі салалық министрліктердің және өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың құзыретін қоса алғанда, «бір терезе» қағидатына сәйкес өзекті мәселелерді жедел үйлестіруді және шешуді қамтамасыз етеді.
Инвестициялық жобаларды тиімді қолдау үшін ашықтықты қамтамасыз ететін және инвесторлық виза алған сәттен бастап олардың орындалу барысын қадағалайтын бірыңғай ақпараттық жүйе құру қажет. Ақпараттық жүйені жаңа реттеуші саясатқа сәйкес келетін бизнеске қойылатын барлық талапты қамтитын Міндетті талаптар тізілімімен біріктіру қажет. Тәуекелдерді басқару жүйесін (ТБЖ) автоматтандыру да маңызды, өйткені онсыз мемлекеттік органдар бақыланатын субъектілердің жалпы санының тек 5%-н ғана тексере алады, яғни тексерулердің 95%-н цифрлық жүйе жүргізуге тиіс.
Мұның бәрі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке біріктірілуге тиіс.
– Салық жүйесіне қатысты мәселеге толығырақ тоқталсақ. Бұл жерде сөз бюрократияны жеңілдету үшін салықтарды әмбебаптандыру туралы болып тұр ма, әлде салық саясатын толығымен қайта жүктеу тек ресми сипатта бола ма?
– Президент салықтық әкімшілендіруді жұмсартуды тапсырды. Мұның екі жолы бар – мөлшерлемелерді механикалық түрде көтеру немесе салық базасын кеңейту. Мен екіншісін жақтаймын. Өйткені біз мөлшерлемелерді көтеру арқылы ештеңе шеше алмаймыз. Мемлекет қоржынына болар-болмас қаражат түсуі мүмкін, бірақ кәсіпкерлер бастамасының жолы кесіледі, салық алаңы тарылады және ұзақмерзімді перспективада ұтылады.
Бізде салынатын әкімшілік айыппұлдың өзі бизнестің көлеміне байланысты. Мемлекеттік қолдауды шағын және орта бизнес алады, ал қысым ірі бизнеске жасалады. Осыдан кейін олар қалай өспек? Біздің халқымыз тапқыр: іс жүзінде бір компанияны 50-60 жеке кәсіпкерге бөліп, жұмысын жалғастыра береді.
Әлсіз салықтық әкімшілендірудің салдарынан көлеңкелі экономика пайда болады. XVII ғасырда Францияда мүлік салығын енгізу және терезелердің мөлшеріне қарай салық алу туралы шешім қабылданғаннан кейін, адамдар салық төлемеу үшін шағын терезелері бар үйлер сала бастады. Ал италиялық Альберобелло қаласының тұрғындары салықтан жалтарып алмалы-салмалы шатыры бар үйлер сала бастады.
Көлеңкелі экономикамен күрес тәсілдерін өзгерту қажет, өйткені адамдар көлеңкедегі қызметін жалғастырудың амалын табады. Сондықтан шарттарды өзгерту қажет. Әкімшілендіруді жеңілдетіп, барынша цифрлық сервистерге аудару қажет. Мен оптимистпін және Премьер-министрдің, Үкіметтің, Қаржы және Ұлттық экономика министрлерінің сындарлы ұстанымын көріп отырмын, біз бір бағыттамыз.
– Елдегі қазіргі бизнес-ахуал қандай? Кәсіпкерлер қандай мемлекеттік органдардың қызметіне жиі шағымданады?
– Бизнес көбінесе сот әділетсіздігіне, құқық қорғау органдарының қысымына және салық әкімшілігінің қатаңдығына қатысты шағымданады.
Өткен жылы Қылмыстық кодекстің 8-бабы бойынша экономикалық саладағы қылмыстық істердің саны 20%-ға қысқарды, бірақ жауапкершілікке тартылғандар саны 37%-ға артты. 2021 жылы 707 қылмыстық іс қозғалса, 2022 жылы 1371 қылмыстық іс қозғалды. 2021 жылы жауапкершілікке тартылғандар саны 332 болса, 2022 жылы 456 болды. Бұл сандар жедел тергеу әрекеттерінің жақсарғанын көрсетеді, бірақ ҚК-нің 8-бабы тек 34 құрамды қамтиды, ал бизнеске қатысты 118 бап бойынша іс қозғалуы мүмкін. Бұл ретте, әсіресе, 189 (иемдену немесе жымқыру) және 190 (алаяқтық) бап алаңдаушылық тудырады.
2022 жылы «алаяқтық» бабы бойынша 43,5 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды, ал 2023 жылдың алғашқы 6 айында – 20 800 қылмыстық іс. Олардың жартысына жуығы интернеттегі алаяқтық пен төлем карталарын алаяқтықпен пайдалануға байланысты, бұл біздің клиенттерімізге қатысты емес. Қалған жағдайларды дұрыстап қарастырған жөн.
189-бап бойынша ұқсас жағдай орын алған – 2022 жылы 1 866 іс қозғалды, ал 2023 жылдың алғашқы 6 айында 1 419 іс қозғалды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде «Атамекен» ҰКП және Бизнес-омбудсменмен бірлесіп, ҚК және ҚПК-ға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер әзірленді, олар БП жанындағы ведомство отырыстарында талқыланды.
Негізгі өзгерістердің бірі – еселенген айыппұл институтын кеңейту, ол енді келтірілген залал, жария етілген ақша сомасы және қылмыстық жолмен алынған жария етілген мүліктің құны негізінде есептеледі. Бұл институт сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, алаяқтық, экономикалық контрабанда, кедендік баждарды төлеуден жалтару, салық төлеуден жалтару және коммерциялық пара беруді қоса алғанда, ҚК-нің 6 бабына қатысты қолданылады.
Сондай-ақ, заң жобасына ҚПК-нің 161-бабына түзету енгізілді, түзету оның талаптарын осы баптың барлық мазмұнына таратуға байланысты норманы екіұшты түсіндіруді болдырмау мақсатында енгізілді. Ұсынылған өзгерістер осы норманы 10-бөлімге бөлуді қарастырады.
Бұл түзетулерді бизнес-қоғамдастық қолдады және қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.
Әңгімелескен –
Амангелді ҚИЯС,
«Egemen Qazaqstan»