БАҚ омбудсмен туралы

10.06.2023

Кәсіпкерлердің құқығынан міндеті басым

712

"Литер" газеті, №64 (4316)

Фото авторы: Радмир Фахрутдинов

Біздің елімізде кәсіпкерлікпен айналысу оңай ма, әлде қиын ба? Біз осы мәселені «Литер» газетінің «қонақ бөлмесінде» бизнес-обудсмен Рустам Жүрсіновпен талқыладық.

Рустам Манарбекұлы бұл лауазымға 2020 жылы карантин басталғанға дейін тағайындалған болатын. Бизнес үшін ең қиын кезең туған кезде Рустам Манарбекұлы өз қызметін атқаруға кірісіп кетті.

- Дәл сол кезең кәсіпкерлер үшін Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қиын кезең болған шығар?

- Омбудсмен институты 2016 жылдан бастап жұмыс істейді және сол уақыттан бері 36 мыңнан астам шағым түсті. Иә, шынымен 2020 жылы бізге келіп түскен өтініштердің үштен бірі пандемиямен байланысты болды. Қозғалыс пен коммуникациядағы шектеулерге қарамастан, кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтірумен байланысты көптеген мәселелерді шешуге тырыстық, ішінара шешімін де таптық.

Сонымен, шұғыл режимде тауарларды интернет-дүкендерден үздіксіз жеткізу туралы шешім қабылданды. Стационарлық сауда объектілеріне келетін болсақ, ол жерде күнделікті проблема туындап жатты десек артық болмас, кейде тіпті күлкілі мәселелерді шешуге тура келді. Бүгін бізге бәрі оңай өткен тәрізді көрінеді, дегенмен ол кезде болымсыз мәселенің шешімін табу да қиын болған еді. Пандемия кезінде орын алған бір жағдай есіме түсіп отыр, Қарағанды облысының Саран қалашығында азық-түлік дүкенінің иесі кіре берісте антисептикке малынған кілемше жаймаған екен. Осы «өрескел бұзушылығы» үшін ол әйел 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды! Мұндай жағдайлар көп болды, мәселен Түркістан облысында дүкен иесі өзі саудамен айналысып тұрған, түс кезінде тамақтанып алмақ болып бетпердесін шешкен ғой. Дәл осы уақытта тексерушілер келіп, оған 500 мың теңгеге жуық айыппұл салған. Кәсіпкер бұл айыппұлды төлеу үшін несие алды.

Күн сайын ондаған, жүздеген осындай проблемалар туындап, түсініксіз жағдайлар болып жатты. Айтпақшы, шағын бизнестің үштен бір бөлігі пандемиядан кейін өз ісін әрі қарай жалғастыра алмады. Дегенмен бұл адамдардың барлығы жұмыссыз қалды дей алмаймыз. Негізі шағын бизнес орта және ірі бизнеске қарағанда икемді, кез келген жағдайға бейімделе алады.

- Сіз осы қызметке тағайындалғаннан кейін тағы бір маңызды жағдай орын алды – 2022 жылғы қаңтар оқиғасы. Жүздеген, тіпті мыңдаған бизнес нысандары қиратылды. Осы кезде қандай шаралар жасалды? Зардап шеккендерге келтірілген залал өтелді ме?

- Әрбір тонау қылмыстық іс болып табылады, сондықтан да барлығы тергеумен бекітілуі тиіс еді. Барлығын бірден қалпына келтіру мүмкін болмады. Ал адамдарға жұмыс істеп, пайда табу керек, олар күте алмайды. Екі мыңнан астам жағдай болды. Біз ІІМ-нен кәсіпкерлерге қатысты түсіністік танытып, қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын табуды сұрадық. Бұл жағдайдан шығатын жол табылды: еліміздің түкпір-түкпірінен 80 криминалист Алматыға жіберілді, 60-тан астам прокурор, 40-тан астам сот сарапшылары сол күндері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында жұмыс істеді. 2 аптаның ішінде барлық шығындар тіркеліп, дүкендердің, салондардың және басқа да нысандардың иелері өз нысандарын жөндеуге және қалпына келтіруге кірісіп кетті.

Бірақ басты мәселе бұл емес еді. Қоймада кәсіпкерлердің өздері атаған тауарлар саны болғанын дәлелдеу керек еді. Салық есептілігінде басқа көрсеткіш көрсетілген. Бұл жерде де ымыраға келу керек болды. Қазіргі уақытта Алматы бойынша барлық мәселелер шешілді.

- Бүгінде кәсіпкерлер қандай мәселемен жүгінеді? Қандай мәселе жиі кездеседі?

- 2022 жылы бизнес-омбудсмен кеңсесіне бизнестен 4 408 шағым келіп түсті, оның 1 530-ы (34%) оң шешімін тапты. 

Бүгінгі таңда бизнес қандай мәселеге қатысты жиі шағымданады?

Мемлекеттік органдар тарапынан тексеру; жауапкершілікке тарту; сатып алулар (азаматтық-құқықтық қатынастар).

Жыл өткен сайын түсетін шағымдардың саны азайып келеді, бірақ олардың күрделілігі артып келеді. Өткен жылы өтініштердің үштен бірі қылмыстық істермен байланысты болды.

- Жақында Бас прокуратурада кездесу  өтті ғой, айтыңызшы, қандай мәселелер талқыланды, соңғы кездері жиі кездесетін мәселені - кәсіпкерлерді қылмыстық-құқықтық қудалауға тарту мәселесі шешілді ме?

- Мұндай кездесулер тұрақты негізде өтеді және олар өте тиімді.  Осы жолы қандай мәселені талқылағанымызды айта кетейін. Бас прокуратура кәсіпкерлік қызмет саласында жасалған қылмыстардың жеке есебін әзірледі. Ағымдағы жылдан бастап есеп жүргізілуде. Қуантарлық жаңалық та бар, бизнеске қатысты сотқа дейінгі тергеулер саны 4 еседен астамға азайды. Мысалы, егер бұрын ай сайын шамамен 160 іс қозғалса, қазір 35-40. Екінші жағынан, ағымдағы жылдың 4 айында 35931 іс қозғалды, оның ішінде кәсіпкерлік қызметке қатысты 362 іс, бұл істердің жалпы санының 1% -н құрайды. Мұндай айырмашылық  бәрімізді таң қалдырды, дегенмен прокуратура органдары тарапынан қайта тексеруді талап етеді.

Статистикаға сәйкес, жалған шот-фактураларды жазып беру (23 %), алаяқтық (13%) және өзге біреудің мүлкін (13%) талан-таражға салумен байланысты қылмыстар басым болып келеді.

Оң динамикаға қарамастан, қылмыстық қудалау органдарының әрекетіне қатысты түсетін шағымдардың саны құқық қорғау практикасының репрессиялық сипатын растайды.

Өткен жылы қылмыстық қудалау органдары өздеріне келіп түскен 16 581 өтініш пен хабарламаны кәсіпкерлік саласына жатқызды, ал ағымдағы жылдың 4 айында ғана 9 408 өтініш пен хабарлама түсті. 

Бизнесті қылмыстық қудалауға тарту бойынша есеп жүргізіліп жатқаны қуантады. Өкінішке орай, бұл сот санкциялаған барлық тергеу әрекеттерін (тексерулер, іздеулер, тәркілеу, шектеулер, қамауға алу) көрсетпейді. Ауқымын бағалау мүмкін болмай тұр. Сондықтан тергеу органдарының іс-әрекетіне қатысты түскен шағымдар, болған үкімдер және кәсіпкерлердің тәркіленген мүлкі бойынша сот есептілігімен интеграцияны жүзеге асыру қажет. Бұл әкімшілік қысым индексімен ұқсастығы бойынша өршіл міндетті іске асыруға және прокурорлардың қолында бизнеске қатысты бұзушылықтарға онлайн-режимде ден қоюға мүмкіндік беретін сенімді құрал болатын қылмыстық қысым индексін енгізуге мүмкіндік береді.

Біз Әділет министрлігінің алаңында коммерциялық ұйымдарға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ туралы ережелерді алып тастау жөніндегі бастамаларымызды қолдағаны үшін ризамыз. Яғни, еңбек ұжымы бұрын ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде қарастырылып келген еді, дегенмен бұл сөз байласу емес еңбек қатынастары болатын. Біз заңға түзетулер енгіздік, қазір олар мәжілісте қаралуда.

Жауапкершіліктің қаржылық шаралары кеңейтіліп, бас бостандығынан айырудың орнына қылмыстық кодекстің 6 құрамы бойынша еселенген айыппұл салу көзделеді.

Енді бизнес өкілдерінің экономика субъектісі ретінде өмір сүруге, салық төлеуге, қоғам мен мемлекетке пайда әкелуге мүмкіндігі бар.

Еселенген айыппұл институтын кеңейту (келтірілген залал сомасынан, жария етілген ақша сомасынан және қылмыстық жолмен алынған жария етілген мүлік құнынан есептеу) және оны ҚК-нің 6 құрамының санкцияларына енгізу (189-бап - сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету; 190 - алаяқтық; 234 - экономикалық контрабанда, 236 - кедендік баждарды төлеуден жалтару; 245 - салық төлеуден жалтару; 253 - коммерциялық пара беру). Заң жобасы қазір Парламентте.

- Мемлекеттік сатып алу процедурасы туралы, оның жетілмегендігі туралы айтып тауыса алмаспыз, ал осы рәсімдерден келіп туатын бұзушылықтар да кәсіпкерлерге біршама қиындық тудырады. Бұл мәселенің шешімін табуға бола ма?

- Бас прокуратурадағы кездесулерде мен салық органдары тарапынан мәмілелерді жарамсыз деп тану бойынша талап-арыздар санының күрт өскенін бірнеше рет атап өттім, бұл ретте оларды қанағаттандыру туралы шешім қабылдау тәжірибесі де айтарлықтай өсті. Жоғарғы соттың мәліметінше, 2021-2022 жылдары мұндай талаптардың саны 3,2 есеге артты. Қаралған талаптардың саны бойынша көшбасшылар Астана және Алматы болып табылады.

Негізгі проблема - салықтық бақылау объектісі тек сатып алушылар болып табылады, адал бизнес орын алған жағдайдың кепіліне айналады және өз жеткізушілерін өз бетінше іздеуге мәжбүр болады. Салық салушылар құзіреті шектеулі болғандықтан мәміле жасаушы екінші тараптың, жеткізушілердің әрекетін зерттемейді, оңай жолмен жүруге тырысады. Олар контрагенттермен сұхбаттаспайды, компаниялардың нақты экономикалық қызметін анықтау үшін объектілерге бармайды.

Тексеру жүргізбестен сатып алушылардың активтері, жұмысшылары, техникасы, өндірістік үй-жайы жоқ, сондықтан мұндай мәміле жасасуы мүмкін емес деген қорытынды шығарады.

Біздің ойымызша, мұндай талап-арыздар салықтық әкімшілендірудің барлық әдістері, яғни контрагенттерді, олардың түпкілікті бенефициарларын іздеу және анықтау бойынша ҚМА жедел-тергеу әрекеттері таусылған жағдайда ғана басталуы тиіс.

Азаматтық айналымға қатысушылардың адалдығына назар аудару қажет. Сатып алушы екінші немесе үшінші деңгейдегі жеткізушілерге жауап бере алмайды, бірақ іс жүзінде айыппұл төлеп, шығынға бататын дәл осы сатып алушылар.

Бас прокуратураның назарын аударғымыз келетін тағы бір мәселе: қолма-қол ақшамен жұмыс жария түрде іске асырылып жатқаны құпия емес, іс жүзінде мұндай қызметтерге қызығушылық танытқан кез-келген адам қайда және кімге жүгіну керектігін біледі. Өткен жылдың өзінде сұрау салулар бойынша 3 мыңға жуық өнім беруші салық органдарына жеткізілді, ал жалған шот-фактураларды жазып беруге байланысты 42 факт бойынша ғана сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сатып алушы Салық кодексінде көзделген контрагенттің (тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жеткізушінің) сенімділігі мен адалдығы туралы ақпарат алу құқығын пайдалануға құқылы. Біз Қаржы министрлігіне тиісті сақтық қағидатын іске асыру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосқаны үшін алғыс айтамыз.

Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы шағымдардан басқа, ӘҚБтК-нің 266-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартумен келіспеу туралы өтініштер саны артты.

Мәселенің мәні мынада: салық салушылар кәсіпкерлердің төлемді қолма-қол ақшасыз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сомасы 1 000 АЕК-тен аспайтын (3 063 000 теңгеге дейін) әрбір мәмілесіне қатысты күмән келтірді. Тек Шымкент қаласы бойынша осындай тәсілмен келіспейтін 70 кәсіпкер жүгінді. Бір әкімшілік өндірісте әр түрлі тауарды жеткізетін 16 түрлі жеткізушімен 178 шартты «бір мәмілеге біріктіруге» дейін жетті, шарттардың жалпы сомасы шамамен 406 млн.теңгені құрайды, 26 млн. теңге айыппұл салынды.

Мен Бас прокуратурадан Азаматтық құқықтың іргелі қағидаты – «шарт еркіндігін» ескере отырып, осы мәселенің мәнін терең зерттеуді сұрадым.

Мен бұған дейін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде прокуратураның жекелеген іс-әрекеттеріне, шешімдері мен актілеріне шағымдану мүмкін болмайтын үрдіске қатысты өз пікірімді айтқан болатынмын. Өткен жылы прокуратура органдары өздерінің анықтамаларымен және ұсынымдарымен уәкілетті мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, Кәсіпкерлік кодексте көзделген монополияға қарсы заңнаманың толыққанды тексеру актілерін алмастыра бастады.

Нәтижесінде, кәсіпкер анықтама немесе прокуратураның ұсынысы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады немесе одан да сорақысы, даудың материалдық бөлігіне, яғни «мәні бойынша» сотқа шағымдану мүмкіндігінсіз қылмыстық қудалауға тартылады. 

Кәсіпкерлердің пікірінше, оның Конституцияға сәйкес өзін-өзі қорғау құқығы бұзылады, атап айтқанда: бұзушылықтарды өз еркімен жою, тергеуді бастау туралы заңсыз бұйрыққа шағымдану, келісім комиссиясын өткізу, қорытындыны бекіту туралы бұйрыққа шағымдану.

- Проблемалардың алдын алу тетіктері бар ма? Яғни, орын алған проблеманы шешудің алдын алу үшін қандай да бір әрекет жасала ма?

- Шағымдардың санын азайту үшін біз тізілім жүргіземіз. Әр өңір өзінің проблемалық мәселелер тізілімін жасады. Егер облыс деңгейінде шешілмесе, оны республикалық деңгейге шығарамыз. Бұл бізге бір бағытта немесе басқа бағытта туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алуға көмектесті.

Динамика жаман емес, менің ойымша, бұл тәжірибе тиімді болды.

Мысал ретінде Астанадағы мың сауда орны бойынша бастамамызды қарастыруға болады - қалада әртүрлі жерлерде әдемі дүңгіршектер пайда болды. Біз бұл тәжірибені бүкіл елге тараттық. Жүйелік мәселелердің тізілімі ықтимал қиындықтардың пайда болуын алдын-ала қарастыруға көмектеседі.

- Рустам Манарбекұлы, сіз бизнес-омбудсмен ретінде қызмет атқарып жатқан уақытта қандай маңызды жобаны іске асырдыңыз? Кәсіпкердің тағдырын қалай жеңілдетуге болады?

- Біздің жаңа жобаларымыздың бірі – бизнеске түсетін орасан зор жүктемені алып тастауы тиіс «таза парақтан реттеу» жобасы.

Жасыратыны жоқ, бизнес объектілеріне қойылатын нормалар мен талаптардың көпшілігі бізге кеңес заманынан «мұра» болып қалған. Жылдар өтіп жатыр, ал осы ескірген нормалар бизнеске кедергі жасауда. Сондықтан біз бизнесті реттеу бойынша жаңа ойын ережелерін ұсынамыз.

Мен бизнеске қойылатын барлық талаптардың тізімін жасауды тапсырған кезде қызықты оқиға орын алды. Бұл жұмыс алты айға созылды, содан кейін орындаушылар талаптар саны шексіз екенін мойындауға мәжбүр болды.

Біз 30 540-та тоқтадық және бұдан әрі санаған жоқпыз. Барлық кезеңдегі мемлекеттік органдардың қызметі жаңа ережелер мен бұйрықтарды ойлап табу болған сияқты. Сондықтан мен Мемлекет басшысымен кездесулердің бірінде – біз мемлекет нені және қандай жағдайда реттейтінін түсінетін аппарат туралы келісуіміз керек дедім.  Президент бізді қолдады. Ол тиісті тапсырмалар берді, міне, Үкіметпен бірлесіп, екі жылдан астам уақыт бойы «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл Мемлекет басшысының бизнеске қатысты негізгі реформаларының бірі деуге де болады.

Бүгінгі таңда реттеудің барлық 44 саласындағы талаптарды тексеру аяқталды.

Тексеру қорытындысы бойынша IT және консультация беру (33,3%), сауда қызметі (31,4%), қоғамдық тамақтану (31,2%) салаларындағы талаптардың 30%-дан астамын жою немесе қайта қарау ұсынылды.

20%-дан астамы-балық шаруашылығы (25,1%), авторлық және сабақтас құқықтар (21,9%), көлік саласында (21,4%).

Барлығы 2 823 НҚА талданды, онда 128 мыңнан астам талап бар екені анықталды, олардың 10 мыңы немесе 8%-ы базалық шарттарға сәйкес келмейді және жойылуға жатады.

Бизнеске қойылатын кез-келген талап негізделуі тиіс. Есеп пен жүйелілік болуы керек.

Кейбір талаптар тіпті ақылға қонбайды. Мысалы, балабақшадағы азық-түлік сақтайтын бөлме ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасуы керек екен. Неге деген сұрағыма салқынырақ болады деген жауап алдым. Тағы бір мысал, балабақшаларда құймақтың қалыңдығы 3 см болуы керек.

Пышақтың қайрау бұрышы реттеледі. Егер сіз жұмыртқамен тағам әзірлейтін болсаңыз, сізде үш қойма болуы керек – біреуінде сақтайсыз, екіншісінде жуасыз, үшіншісінде әзірлейсіз. Мұндай талаптар өте көп. Олардың көпшілігі ақылға қонбайды. Енді бұл түсініспеушіліктердің барлығы қайта қаралатын болады.

- Талаптарға қатысты бәрі түсінікті делік. Тексерушілер тарапынан орын алатын реттеулерге қатысты не айтасыз?

- Реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқықтық тәртіп пен адамгершілікке қауіп төнген жағдайда ғана орын алуы тиіс.

Біз 2020 жылдың қорытындысы бойынша пилоттық режимде бизнеске әкімшілік қысым индексін әзірледік.  Ағымдағы жылы сынақ ретінде қолдану нәтижелері бойынша әдістеме пысықталды.

Бұл индекс бізге не береді? Индекс бақылау органдарының жұмысының сипаты мен бағытын көрсетеді. Осы зерттеу негізінде біз мемлекеттік органдар мен өңірлер бойынша құқық қолдану практикасын және бақылау-қадағалау қызметін жақсарту бойынша ұсыныстарды қалыптастыра аламыз (Мемлекеттік органдардың өз салалары бөлінісінде де, өңірлер бөлінісінде де).

Қандай да бір нәтиже бар ма?

Бірінші. 2022 жылы республика бойынша анықталған бұзушылықтары бар тексерулердің үлесі 45%-ға тең болды. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, тәуекелге бағытталған тәсіл соғұрлым тиімді болады. Екінші. Кәсіби бақылау саны аяқталған тексерулер санынан 13% артық. Бұл қудалаудың төмендегенін көрсетеді. Мемлекеттік органдар құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын көбірек қолдана бастады.

Үшінші. 2022 жылы республика бойынша бизнес субъектілеріне қатысты 338 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, бұл құқық бұзушылықтардың жалпы санының 4%-н құрайды. 60%-ға жуығы ЖК үлесіне тиесілі (197 мың).

Біз біраз нәрсеге қол жетікздік, қазір тексеруші келіп, сіз мынадай бұзушылыққа жол бердіңіз, бұзушылықты жойыңыз дейді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл реформаның негізгі идеясы бизнес-ахуалды жақсарту және мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру болып табылады.

- Бизнес-омбудсмен ел Президентіне тікелей бағынады ғой? Кездесулер қаншалықты жиі өтеді, қандай сұрақтарға басымдық бересіз?

- Хаттама бойынша бұл жылына бір рет болатын кездесу. Мемлекет басшысымен әрбір кездесуіміз ұзақ уақытқа созылады. Атап айтқанда, биылғы жылы бизнесті құқық қорғау органдарынан қорғау мәселесі басым болып отыр. Екіншісі - елішілік құндылық мәселелері. Үшіншісі - жаңа Салық кодексін жазу.

– Жаңа облыстарда - Абай, Жетісу, Ұлытауда бизнесті дамыту туралы пікіріңіз қандай? Онда бұрын жұмыс істеген кәсіпорындарды басынан бастап қалпына келтіруге тура келеді ғой?

- Менің ойымша, бұл салаларға экономикалық өсу көздері қажет. Және экономикалық өсу көзі бұрынғы кәсіпорындар болуы міндетті емес. Өйткені, өндірісті қалпына келтіру жеткіліксіз, жабдық, жеткізілім, шикізат, өткізу жөніндегі мәселелер кешенін шешу қажет. Осы өңірлердің әрқайсысының өз артықшылықтары бар, ал кәсіпкерлер олардың дамуына назар аударуы керек. Мысалы, Абай облысында жер қойнауын пайдалану қажет, өйткені мұнда пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Бұл өңірдегі экономикалық өсудің екінші көзі - көлік логистикасы және сауда. Қазір Қытай, Аягөз, Семей, одан әрі Ресейге қосылатын теміржол учаскесінің құрылысы жүріп жатыр және бұл жақсы транзиттік әлеует.

Жетісу облысының шекара маңындағы әлеуеті мен АӨК-н дамыту мүмкіндіктері зор. Ұлытауда АӨК, мал шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану керек.

- Рустам Манарбекұлы, егер сіз кәсіпкер болсаңыз, қандай бизнесті дамытар едіңіз?

- Мені цифрландыру қызықтырады. Біздің елде бұл бағытта үлкен әлеует бар. Мысалы, Жапонияда әлі де факстарды пайдаланады және біздің Каспи немесе Халық банкі сияқты шешімдері жоқ. Менің ойымша, бұл салыстырудың өзі Қазақстан цифрландыру бойынша алда екенін көрсетеді. Тағы бір мәселе, біз өзімізде бар жақсы жаңалықты бағалай бермейміз. Біз электронды Үкімет бойынша әлемде 170 ел арасында 28-ші орындамыз. Бұл біздің еліміздегі цифрландыру үлкен қадамдармен алға жылжып келе жатқанын білдіреді.

- Бизнеспен айналысқысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз? Бизнес ашу үшін капитал керек пе, ақыл мен тәжірибе керек пе?

- Шағын бизнесте де, кез келген басқа бизнесте де меншікті бастапқы капитал қажет. Сонымен қатар, бей-берекет, ойластырылмай құрылған кәсіп те құмға сіңген судай жоқ болады. Бәрін ақылға салып, салмақты түрде іс ашатын, кәсіпкерлік тәуекелдердің не екенін біліп, ауыр жүкті арқалай алатын адам ғана бизнес жүргізе алады. Мен жақсы бухгалтер мен заңгерді тартуды ұсынамын. Білікті маман болмаса, бизнесіңіз қараңғы лабиринтке айналады, жұмысыңыз өнімсіз болады. Білікті мамандарды жалдамай, бизнес жүргіземін деу қателік. Маман жалдау үшін қаражатыңызды үнемдемеңіз, себебі олар сіздің ақшаңызды үнемдеуге септігін тигізеді.

 

Миргүл Жылқышинова

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі