Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңға енгізілген түзетулер күшіне енді
Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов айтып берді.
Енді сотқа дейінгі тергеу басталғанға дейін дауларды реттеу арқылы мемлекеттік аудиттің қорытындыларына шағымдануға болады. Мұндай түзетулер «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңына енгізілді және 2023 жылғы 11 қаңтардан бастап олар күшіне енді, деп жазды Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өзінің Facebook парақшасында.
«Бизнесті қылмыстық процеске тарту маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Енді аудит объектісі кәсіпкерлік субъектілерін аудит нәтижелері бойынша қаржылық бұзушылықтар туралы хабардар етуге міндетті екендігі қуантады. Егер кәсіпкерлік субъектілері бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындауға келіспеген жағдайда, оларға мемлекеттік аудит нәтижелеріне ҚР Қаржы Министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияға және (немесе) сот тәртібімен шағымдану құқығы беріледі», - деп атап өтті Рустам Жүрсінов.
Ол жаңа тетік бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар мемлекеттік аудит материалдары дауларды реттеудің апелляциялық немесе сот тәртібін сақтағаннан кейін ғана прокуратура арқылы қылмыстық қудалау органдарына берілетінін түсіндірді.
«Бұрын мемлекеттік аудиторлар қылмыстық қудалау үшін материалдарды құқық қорғау органдарына тікелей тапсыратын. Енгізілген өзгеріс қылмыстық істерді негізсіз қозғау қаупінсіз бизнесті жүргізу үшін адал кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді», - деп атап өтті ол.