Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Рустам Жүрсінов: әзірге барлық проблеманы жағдайға сәйкес өз күшімізбен шешуге тура келіп отыр
Бизнес-омбудсмен Ресейге қарсы санкцияларға байланысты кәсіпкерлер қандай қиындықтарға тап болғанын айтты
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісімен әңгіме барысында Ресейге қарсы санкцияларға байланысты туындаған проблемалар қалай шешіліп жатқанына тоқталып өтті.
«Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап кәсіпкерлерден Ресейге қарсы санкцияларға байланысты 70-ке жуық өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі логистикалық тізбектердің үзілуіне қатысты», - деді бизнес-омбудсмен.
Ол осы себепті ҚР Үкіметі жанынан дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб құрылғанын, оның құрамына негізгі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, кәсіпкерлік және сарапшылар қоғамдастығының, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері кіргенін еске салды.
«Біз күн сайын кездесіп, мәселелерді көтеріп, оларды жедел түрде шешіп отырдық, ол үшін Премьер-Министрге және бүкіл кабинетке айтар алғысымыз шексіз», - деді Рустам Жүрсінов.
Сонымен бірге, кәсіпкерлер үшін проблемалардың тағы бір тобы пайда болды, ол контрсанкциялар, өйткені Ресей Федерациясының Үкіметі тауарлардың белгілі бір номенклатурасын экспорттауды шектеді. Бұл шаралар бірлескен Ресей-Қазақстан кәсіпорындарына да әсер етті.
«Мысалы, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ және «Казрост» ЖШС сияқты компаниялар Ресей тарапынан енгізілген шектеулерге, шекарада тұрып қалуға және жиынтықтауыш бағасының өсуіне байланысты өндірісті толық тоқтату шегіне жетті, - деп атап өтті ол. - Ал бір күндік тұрып қалу олар үшін 1 млн теңге шығынды құрайды».
Алайда Рустам Жүрсінов қазіргі уақытта бұл кәсіпорындардың проблемасы шешілгенін, жағдай толығымен қалыпқа келгенін айтты.
Сонымен қатар омбудсмен аффинирленген алтынның әкетілуін шектейтін жақында қабылданған ҚР Президентінің Жарлығына тоқталып өтті, соның салдарынан Қазақстан аумағында толлингтік операцияларды (яғни құрамында алтыны бар кенді қайта өңдеуді) жүзеге асыратын отандық компаниялар бірқатар кедергілерге тап болды. Мұндай бір ғана кәсіпорын жылына 10 миллион доллардан астам салық төлейді, деді ол.
«Біз бұл мәселені Премьер-Министр деңгейінде жедел көтердік, тиісті құрылымдарға тапсырмалар берілді және өткен аптада Жарлыққа өзгерістер енгізілді, шектеулер алынып тасталды, - деді Рустам Жүрсінов. - Олай болмаған жағдайда кәсіпорындар біраз зиян шегер еді, миллиондаған қаржы шығынына әкеп соғатын талап-арыздар көптеп түсуі мүмкін еді».
Бизнес-омбудсмен дәнді дақылдарды әкетуге тыйым салуға қатысты мәселеге тоқталды. «Тыйым салу енгізілген кезде жалпы сомасы 835 млн рубль болатын 22 мың тонна бидай тұқымын жеткізуге шарттар жасалып, ішінара төлем де жасалған еді», - деп мәлімдеді ол. Осылайша, дәнді дақылдарды жинаумен, қайта өңдеумен, импорттаумен және экспорттаумен айналысатын шамамен 180 мың кәсіпорын мен шаруашылықтың мүдделері қозғалды.
«Ресей Федерациясымен елдердің үкіметтері деңгейіндегі келіссөздер нәтижесінде (Қазақстаннан вице-премьер Бақыт Сұлтанов қатысты) уағдаластықтарға қол жеткізілді және ЕЭО елдеріне, оның ішінде Қазақстанға астық шығаруға рұқсат берілді», - деп мәлімдеді омбудсмен.
Қант тапшылығына байланысты жағдайға келетін болсақ, оның айтуынша, бұл мәселе қазір шешіліп жатыр, жеткізілім жолға қойыла бастады.
«Әзірге барлық проблеманы жағдайға сәйкес өз күшімізбен шешуге тура келіп отыр», - деді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Сондай-ақ, Рустам Жүрсінов Еуропалық Одақ (ЕО) бесінші санкциялар пакеті шеңберінде 16 сәуірден бастап Ресей мен Беларусьте тіркелген автомобиль көлігімен ЕО аумағы бойынша жүк тасымалдауға шектеулер енгізгенін еске салды. Оның ойынша ағымдағы саяси жағдай Ресей мен Беларусьтің көлік бизнесін Қазақстанға қайта бағдарлауға алып келеді, бұл отандық компанияларды жүк тасымалдау нарығынан ығыстыруы мүмкін. ҚХР, Қазақстан, Орталық Азиядан Еуропа бағытында жүктерді тасымалдау кезінде жұмыс орындарынан және негізгі көлемдерден айырылу қаупі бар.
«Біздің мәліметтеріміз бойынша, Ресей мен Беларусьтегі автопарк шамамен 80 мың автокөлік құралын құрайды», - деп түсіндірді омбудсмен.
Ол халықаралық автомобиль тасымалдары саласында көлеңкелі нарық белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан рұқсат бланкілерін пайдалана отырып, үшінші елдерге халықаралық тасымалдарды үлестеуді көздейтін 40-тан астам халықаралық келісім жасасты. Бұл ретте рұқсат бланкілерін қайта сатумен айналысатын жосықсыз көлік компаниялары заңнамадағы кәсіпкерлер үшін көзделген кейбір жеңілдіктерді пайдалана отырып, жалған жалдау шарттарын іске асырады, деп атап өтті Рустам Жүрсінов.
«Жосықсыз тасымалдаушыларға қайта сату үлкен пайда әкеледі, көлеңкелі бизнесті белсенді дамытады, сонымен бірге ел экономикасына және меншігінде жүк автокөлігі паркі бар адал бизнеске залал келтіреді», - деп түсіндірді омбудсмен.
Сондықтан адал отандық көлік компанияларын қорғауға бағытталған шараларды шұғыл түрде қабылдау қажет, деп атап өтті ол.
«Премьер-Министрге сәуір айында хат жолдадық, бірақ, өкінішке орай, мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр», - деп түйіндеді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.