Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Рустам Жүрсінов: Қазақстанда «сұр» рейдерлік басым
Дағдарыс кезінде мемлекет үшін басты міндет - бизнесті қорғау. Соңғы екі жылда коронокризис отандық тауарларды өткізу нарықтарының тарылуына, олардың өзіндік құнының өсуіне және шарттық қатынастардың бұзылуына әкелді. Қалыптасқан жағдай кейбір бизнес субъектілерін рейдерлік басып алу үшін қолайлы жағдай тудырған тәрізді, деген пікірде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов. Бұл ретте омбудсмен Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне берген сұхбатында елімізде іс жүзінде рейдерлік шенеуніктердің қатысуымен жүргізіліп жатқанын, бірақ тапсырыс беруші-бәсекеге қабілетті тұлғаның кім екенін тап басып айту өте қиын екенін айтады.
- Рустам Манарбекұлы, кәсіпкерлерді қорғау саласында біршама тәжірибеңіз бар. Қазақстанда бизнесті тартып алудың қандай форматтары қолданылады?
- Елдегі рейдерлік басып алу форматы мәдениет деңгейіне және жалпы қоғамның экономикалық дамуына байланысты. Егер осы мәселеге тереңірек үңілер болсақ, онда бұл жалпы әлеуметтік-экономикалық құбылыс екенін түсінеміз. Бұл жерде мәселе акционерлік капиталды немесе кәсіпкердің бизнесін төмендетілген құны бойынша сатып алуға немесе бөлуге қатысты. Негізінен рейдерлік шартты түрде үш топқа бөлінеді. Инсайдерлік ақпарат саудасын және заң бұзушылық шегінде агрессивті басып алуды қолдана отырып іске асырылатын "ақ" рейдерлік. Бұл көбінесе батыс елдерінде қолданылады. Кәсіпорындар мен оның мүлкін күшпен басып алу "қара" рейдерлік болады. Мұндай мысалдар өткен ғасырдың 90-жылдарында кең таралған еді. Мұндай «қара» рейдерліктің орын алғаны туралы әлі күнге дейін ішінара естіп қаламыз. Ал Қазақстанда бүгінгі таңда "сұр" рейдерлік басым. Бұл мемлекеттік аппараттың шенеуніктері қысым тұтқаларын қолдана отырып, бизнесті басып алуды бастайтын жағдайлар. Мұндай жағдайда нақты қай шенеунік рейдерлік басып алуға мұрындық болғанын анықтау қиын. Яғни, бенефициар ең соңында пайда болады, ол бизнесменге ұсыныс жасайды, қиын жағдайға тап болған бизнесмен ол ұсыныстан бас тарта алмасы анық.
Соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулер рейдерлікке қарсы тиімді күрес мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше назар аударған жағдайда ғана мүмкін болатындығын көрсетеді. Яғни, рейдерлік туралы нақты түсінік беріп, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту қажет.
- Рейдерліктен қорғау жөніндегі қолданыстағы заң қазақстандық іскерлік қоғамдастыққа несімен ұнамай тұр?
- Заңның 249-бабының қолданыстағы редакциясы нақ осы "ақ" рейдерлікке бағытталған. Ол негізінен корпоративтік дауларды сипаттайды. Түсінікті болу үшін нақты статистикаға тоқтала кетейін. 2016 жылы ҚК-нің 249-бабы бойынша 5 құқық бұзушылық бойынша қылмыстық істер өндірісте болған. Бұл ретте 1 іс сотқа жіберілді, 1 адам сотталды. 2017 жылы – 2 іс, сотқа – 1, сотталған – 0, 2018 жылы – 0 іс, сотқа – 0, сотталған – 1, 2019 жылы – 2 іс, сотқа – 0, сотталған – 0, 2020 жылы – 10, сотқа – 4, сотталған-0. Ресми түрде кодексте тиісті бап бар, бірақ ол іс жүзінде жұмыс істемейді. Осы санаттағы қылмыстық істерді тергеудің күрделілігі құқық бұзушылықты саралауда қиындық туғызатын аралас құрамдардың едәуір санының болуымен байланысты. Сонымен қатар тергеушілердің заңды тұлғалардың қаржы-шаруашылық қызметі тетігінің ерекшеліктерін, заңды тұлғалардың мүліктері мен бағалы қағаздарымен мәмілелер жасау тәртібін білмеуі де әсер етеді. Заңды тұлғаның мүлкін заңсыз иемденудің жаңа тәсілдерінің пайда болуы да маңызды рөл атқарады.
- Зерттеу жүргізілді ме, әлде мүлкі тәркіленіп, оны қолданыстағы заңмен қорғай алмаған кәсіпкерлер сізге жүгінді ме?
- Иә, талдау жүргіздік, оның қорытындысы бойынша аталған салада бірқатар жүйелі проблеманың бар екені анықталды. Біріншіден, "рейдерлік" терминін дұрыс түсініп алмай жатып, көпшілікке тарату. Бұл кәсіпкерлер үшін әртүрлі органдарға, соның ішінде құқық қорғау органдарына олардың мүлкін рейдерлік басып алу фактілері туралы жүгінуге алғышарттар жасайды. Екіншіден, бұл проблема заңды тұлғаның мүлкін азаматтық-құқықтық дауларды желеу етіп сатып алу (рейдерлік) рәсімдерінің жабық түрде өткізілетіндігімен байланысты.
2020 жылы "Атамекен" ҚР ҰКП-ға рейдерлік және/немесе мүлікті заңсыз тартып алу/бөлу мәселелері бойынша 13 бизнес субъектісі өтініш жасағанын атап өткім келеді. Ал 2019 жылы прокуратура органдарында рейдерлік фактілері туралы ақпаратты қамтитын 205 өтініш тіркелген. Оның ішінде 109-ы қайта келіп түсті (немесе қайта тіркеумен төмен тұрған прокуратураларға жолданды), 4 өтініш шетелдік инвесторлардың мүддесін қозғайды, 16-сы азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады, 19-ы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын жеке тұлғалардың меншік құқығына заңсыз қол сұғумен байланысты немесе бизнесті басып алуға байланысты емес өзге де тұрғын үй дауларын қамтиды.
Сонымен қатар, аталған өтініштерде алаяқтық (ҚК 190-бабы), қорқытып алу (ҚК 194-бабы), өзінше билік ету (ҚК 389-бабы), өкілеттіктерді теріс пайдалану (ҚК 250-бабы), қорқыту (ҚК 115-бабы), лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (ҚК 361-бабы), мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу (ҚК 248-бабы), жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді (мөртаңбаларды) қолдан жасау, дайындау немесе өткізу (ҚК 385-бабы) тәрізді қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары бар.
- Яғни, бұл прокуратура органдары үшін рейдерлік белгілері болғаны ғой?
- Иә. Дәл осы себепті азаматтардың өтініштерін қарау кезінде аралас құрамдардың болуына ерекше назар аудару қажет. Құрамы бойынша рейдерлікке алаяқтық және қорқытып алу неғұрлым жақын болып табылады, өйткені осы қылмыстық құқық бұзушылықтардың объектісі мүлікке меншік құқығы болып табылады.
Анықтауды талап ететін елеулі мән-жайлардың бірі адамның заңды тұлғаны не оның үлесін немесе өзге де мүлкін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюлармен сот органдарына жүгінуі, заңды тұлғаға қатысушылардың жалпы жиналысының басшыны ауыстыру мәселелері жөніндегі шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қою фактілері және т. б.
Біз кез-келген реформаларды жүргізе аламыз, бірақ егер жеке меншік құқығына кепілдік бермесек, жүргізіп жатқан реформалардың еш пайдасы болмайды. "Рейдерлік туралы заңның" 9-бабына, 365 және 249-баптарға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасаған бірқатар депутаттарға айтар алғысымыз шексіз. Осы түзетулердің мақсатты міндеті әрбір бизнесменнің өзін қорғай алуы болып табылады.
- Қандай өзгерістер ұсынылды? Олар қазір қараудың қай кезеңінде?
- Бас прокуратура "Атамекен" ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қылмыстық және әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі. Бүгінгі таңда Мәжіліс бірінші оқылымда рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады.
ҚК-нің 365-бабында "Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау" бірінші бөлігінің диспозициясы тексерулер жүргізу тәртібін бұзу, белгілі бір қызметті жүзеге асыруға арнайы рұқсат (лицензия) беруден заңсыз бас тарту немесе беруден жалтару, кәсіпкерлік субъектісінің қызметін заңсыз тоқтата тұру және т. б. арқылы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау тәсілдерімен толықтырылды.
ҚК-нің 249-бабы "Рейдерлік" диспозициясына сәйкес, мәжбүрлеу немесе мемлкеттік органдардың ресурстарын (оның ішінде құқық қорғау, бақылаушы, сот) тарта отырып елеулі зиян келтіруге әкеп соққан рейдерлік үшін рейдерлік нысандарын білікті құрамға бөле отырып, қылмыстық жауапкершілік белгілеуді және баптың санкцияларын күшейтуді көздейді.
Яғни, түзетулерде мемлекеттік аппарат қызметкерлерін, әсіресе құқық қорғау және сот блогын пайдалана отырып, заңсыз тексерулер, қызметті шектеу, шоттарды бұғаттау арқылы мүлікті тәркілеу үшін қолданылатын қылмыстық жаза егжей-тегжейлі жазылған.
Автор: Мәриям Біжікеева