БАҚ омбудсмен туралы

26.05.2021

Реттеу құралдары

766

«Казахстанская правда»

Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселесін бизнес-орта кеңінен талқылап жатыр. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бүгін біздің газетімізге берген сұхбатында жаңа заң жобасында көзделген мақсаттар, міндеттер, негізгі қағидаттар мен тәсілдер туралы әңгімелейді.

– Рустам Манарбекұлы, Мемлекет басшысы Қазақстандағы кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясаты туралы тапсырма берді. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп болды және бұл тапсырма пандемия мен карантинге байланысты ма?

- Осы уақытқа дейін мемлекет еш әрекет жасамады, белсенділік танытпады, коронавирустық пандемия реттеуші саясатты өзгертуге итермеледі деуге келмейді. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс 12 жыл бұрын басталған болатын. 2009 жылы рұқсат беру жүйесін жүйелеу бойынша жұмыс басталып та кеткен еді.

2012 жылы Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, оның шеңберінде кәсіпкерлікті реттеудің барлық реформалары жүргізілді.

Мемлекет жыл сайын Қазақстанда іскерлік ахуалды түбегейлі жақсарту бойынша "ауқымды" заңдар қабылдады, барлығы 8 заң қабылданды, жаңа Кәсіпкерлік кодекс пен Рұқсаттар және хабарламалар туралы заң қабылданды.

Аталған реформалар елеулі нәтиже берді, ал олардың нәтижесінде рұқсат беру құжаттарының саны 75%-ға, 1 115-тен 287-ге дейін қысқарды, мемлекеттік бақылау жүйесі оңтайландырылды, профилактикалық бақылау енгізілді, бизнеске қойылатын талаптардың саны азайды (30 540-тан 13 386-ға дейін), бақылау функциялары 544-тен 379-ға дейін қысқартылды, тексеру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды.

Дегенмен, өкінішке орай, кәсіпкерлердің проблемалары мен олардан түсетін шағым саны төмендер емес. Бизнесті қайта реттеу реттеуші саясат сапасының проблемалық мәселелерін жүйелі түрде шешпей, көбінесе механикалық түрде жүргізілуіне байланысты осындай жағдай орын алды.

Мұндай жағдай соңғы 5 жылда әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлер санының екі есе өсуіне алып келді. Мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттеріне қатысты бизнестен түсетін шағым саны 4 есе - 2015 жылғы 17 мыңнан 2019 жылы 73 мыңға дейін өсті.

Басты проблема – адамдар мемлекеттік машинаның барлық талаптарын білмейді. Шенеуніктердің моральдық тұрғыдан ескірген, көңілге қонымсыз немесе бірін-бірі қайталайтын талаптарына қатысты шағым мен сын ағыны төмендемей тұр.

Мысалы, мемлекет мейрамханалардағы тоңазытқыш жабдықтардың нақты мөлшерін анықтауға тырысады, айталық, 2,7 метрден кем болмауы және 3,5 метрден аспауы тиіс. Бұл, тіпті, ақылға сыймайды. Біздің ойымызша, мемлекет дайын өнімнің қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек және кәсіпкердің барлық іс-әрекеттерін қадағалаудан аулақ болғаны жөн.

Ал COVID-19 пандемиясы реттеудің қазіргі проблемаларын ашып көрсетті. Пандемия және қабылданған шектеу шаралары нәтижесінде әртүрлі салалардағы 830 мыңнан астам компания зардап шекті – бұл бөлшек сауда, көлік, тұрмыстық қызметтер және жылжымайтын мүлік операциялары, қонақ үйлер мен тамақтану, ойын-сауық және демалыс. Осы салалардағы өндіріс көлемі қоғамдық тамақтану саласында – 53%-ға, бөлшек сауда саласында – 45%-ға, көлік саласында - 37%-ға күрт төмендеді.

Мұның бәрі кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы заңнамалық реформалар процесін жеделдетуді қажет етті. Бизнеске ертеңгі күнге деген сенім қажет. Сондықтан, бизнесті реттеудің қазіргі проблемаларын және пандемияның салдарын ескере отырып, Мемлекет басшысы реттеу саясатын түбегейлі өзгерту және «жаңадан реттеу» қағидатын енгізу жөнінде бірқатар тапсырма берді

 

– Еліміздегі реформаның басты жаңалықтары қандай?

- Реформаның негізгі мақсаты - мемлекет адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, құқықтық тәртіпке, адамгершілікке зиян келтіру қаупі болған жағдайда ғана бизнесті реттей алатындай жағдай тудыру.

Сонымен қатар, реттеу белгілі бір шарттарға сәйкес келуі керек, ол жүйелі, негізделген, дәйекті болуы керек, бизнес үшін негізсіз кедергілер тудырмауы керек.

Бизнеске қойылатын барлық талаптардың бірыңғай тізілімін құру жоспарлануда. Қолда бар барлық талаптар қайта қаралады, жаңа реттеушілік саясат қағидаттарына сай келмейтін барлық тиімсіз талаптар заңсыз деп танылатын болады. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап "реттеуші гильотина" құралы іске қосылады. Бұл құрал кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеушілік саясаттың базалық қағидаттары мен шарттарына сәйкес келтірілмеген нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзғаны үшін кәсіпкерлерді жауаптылыққа тартудың мүмкін еместігін болжайды.

Нормативтік актілердің реттеушілік саясаттың жаңа қағидаттары мен шарттарына сәйкестігін "дәлелдеу ауыртпалығын" тікелей реттеуші мемлекеттік органдарға жүктеу де маңызды.

Тізілімге енгізілетін барлық нормативтік актілерді қайта тексерудің нақты белгіленген мерзімдері (3-5 жылдан кейін, "батар күн" қағидаты) болуға тиіс, бұл елдегі реттеушілік саясаттың сапасы бойынша жұмыстың үздіксіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

Сондай-ақ бір жаңа талап енгізілген жағдайда бизнеске қойылатын қолданыстағы екі талапты қысқарту қағидаты енгізілетін болады, 1 in-2 out.

Эксперименттік құқықтық режимді енгізу жоспарлануда, яғни жаңа реттеуші саясат эксперименттік режимді енгізу арқылы сынақтан өткізіледі. Бұл белгілі бір құқықтық режим, ол шектеулі және экономиканың белгілі бір саласына қолданылады. Эксперименттік режим жаңа талаптарды енгізудің орындылығын анықтайды. Бұл тетік бүкіл әлемде "реттеуші құмсалғыш" ретінде табысты қолданылып келеді.

Мемлекеттік бақылау мен қадағалау, рұқсат беру жүйесі, бизнес есептілігі үшін жаңа тәсілдер әзірленді. 2023 жылға қарай мемлекеттік органдарды тексеру жүйесімен толық ықпалдастыра отырып, есептілік толығымен автоматтандырылады

Жаңа реттеу саясаты мәселелері бойынша заң жобасын Парламентке ағымдағы жылдың маусым айында енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан әрі барлық реттеушілік талаптар мен құралдар жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігіне қайта қаралатын болады.

Бірақ бұл жобаны процеске айналдырмау үшін басымдықтарды дұрыс таңдау және жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет. Сондықтан қайта қарау ағымдағы жылы басталады, қайта қаралатын салалар – сауда, тұру және тамақтану, ауыл шаруашылығы, көлік қызметтері, осы салаларда елдегі жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жалпы санының 60%-ы жұмыс істейді.

Тізілім аясында қалған салалар бойынша талаптарды түбегейлі тексеру 2022-2023 жылдарға жоспарланған.

Бұл реформа бизнеске, мемлекетке не береді? Қандай да бір өзгеріс бола ма?

– Ел басшылығы мен бизнес осы реформаға сенім артып отыр. Біз сол сенімді ақтауға тырысамыз. Жоспарланған жұмыс нәтижелері бойынша бизнес міндетті талаптар тізіліміне сәйкес жаңа ережелер бойынша жұмыс істейтін болады. Кәсіпкер міндетті талаптар тізілімінде жоқ талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Бұл тізілім кәсіпкерге өз бизнесін жүргізу үшін құқықтық базамен танысуға мүмкіндік береді. Әрбір кәсіпкер өз ісін ашу және жүргізу шарттары туралы жеткілікті хабардар болады. Бұл бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста барынша ашықтықты қамтамасыз етеді.

Атап айтқанда, мемлекеттік реттеудегі жаңа тәсілдер есебінен өзекті емес, артық, бірін-бірі қайталайтын реттеушілік талаптарды қысқарту, жалпы мемлекеттік бақылау көлемінде профилактикалық бақылау үлесін ұлғайту, әкімшілік жауапкершілікке тартылған және мемлекеттік бақылауға алынған бизнес субъектілерінің санын қысқарту жоспарлануда.

Бизнес есептілігін толық автоматтандыру және мемлекеттік органдарды тексеру жүйесімен толық интеграциялау мақсаты қойылып отыр.

Машина адамның қатысуынсыз, бизнестен түсетін әртүрлі ақпарат негізінде тексерілуі тиіс қауіпті нысандарды анықтайды, ал адал бизнес тұрақты тексерулерден босатылады.

Әрине, сәтті реформа кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне ықпал етеді, біз кәсіпкерлік белсенділік 2025 жылға қарай 10%-ға артады деген үміттеміз. Реформа нәтижесінде кәсіпкерлік саласында жаңа реттеуші саясат және бизнесті "ақылды реттеудің" жаңа жүйесі қалыптастырылуы тиіс.

 

 

Дина Махамбетова

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі