Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
«Корпоративтік басқару – жаңа сын-қатерлер» форумы бизнес пен мемлекет үшін маңызды
2023 жылғы 7 желтоқсанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің қолдауымен «Корпоративтік басқару – жаңа сын-қатерлер» форумы өтті. Іс-шараға корпоративтік басқарудағы әлемдік танымал тұлғалар – Рич Гиббон, Джон (Йан) МакКей, Александр Чмель, Станислав Бирюлин және тағы басқа үздік спикерлер қатысты.
Форумда мемлекеттік және жеке компаниялардың тиімділігін арттыруға арналған пленарлық отырыс өтті, сондай-ақ төрт панельдік пікірталас болды, онда аудиторлық компаниялардың, қаржы институттары мен даму қорларының сарапшылары интерактивті шеберлік сыныптарын өткізді.
Форумның тақырыбы мынадай мәселелерді қамтыды:
Корпоративтік басқарудағы өзекті трендтер мен жаңа тәсілдер: Сарапшылар корпоративтік басқаруға өзгеріс енгізетін стратегиялармен және әдістермен бөлісті.
ESG контекстінде Қазақстанның қаржы секторын қайта жүктеу: Қаржы көшбасшылары тұрақты даму қағидаттарын елдің қаржы секторымен интеграциялау мәселесін талқылады.
Корпоративтік басқарудағы өзекті сын-қатерлер мен шешімдер. Ішкі көзқарас: Компания директорлары қазіргі корпоративтік әлемдегі қиындықтарды жеңу тәжірибесімен бөлісті.
Корпоративтік басқару және климаттың өзгеруі: қатысушылар бизнестің климаттың өзгеруіне тигізер әсерін және корпоративтік басқарудың экологиялық жауапкершілікпен байланысын талқылады.
Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрайымы Екатерина Никитинская бүгінгі таңда кәсіби корпоративтік басқару тек тиімділіктің ғана емес, сонымен қатар компаниялардың тұрақты, ұзақ мерзімді табысының басты факторы болып табылатынын атап өтті. Бұл міндет бүкіл салалардың экономикасын түбегейлі өзгертетін жаңа бизнес-модельдердің пайда болуына байланысты күрделене түседі. Мұндай ерекшеліктер қоғамдық пікірталас аясында назар аударуды, түсінуді және талқылауды қажет етеді. Сондықтан форумның миссиясы бизнес, мемлекет өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы арасында сындарлы диалогқа арналған алаң құру болды.
Форумда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару жөніндегі жетекші принциптеріне қосылуды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар ол тиімді стратегиялық және транспарентті менеджмент ұзақ мерзімді кезеңде компаниялардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі элемент екенін, сол себепті Қазақстан Үкіметі корпоративтік басқару процесіне озық тәжірибелерді енгізуге ерекше мән беретінін атап өтті.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жүргізіліп жатқан қыруар жұмысқа қарамастан, елдегі корпоративтік басқару жүйесі негізінен ұлттық холдингтер шеңберінде фрагментті дамығанын атап өтті. Ол жағдайды жақсарту үшін бірқатар шараларды іске асыру керек деген пікірде, атап айтқанда, корпоративтік басқарудың ұлттық стандарттарын қолдану үшін заңнамалық шараларды енгізу, тәуелсіз директорлар институттары мен корпоративтік хатшыларды дамыту, сондай-ақ кәсіби қауымдастықтар мен уәкілетті органдардың өзара қарым-қатынасы негізінде тәуелсіз директорлар мен корпоративтік хатшылардың бірыңғай тізілімдерін құру.
Іс-шараны ұйымдастырушылар форум спикерлерін мұқият таңдады, олардың тәжірибесі мен сараптамасы корпоративтік басқару саласындағы ескі жүйенің «шекарасынан» өтіп, Қазақстандағы бизнес-ортаны жақсарту үшін жаңа парадигма қалыптастыруға септігін тигізуі тиіс.
«Форум бизнесті жүргізудің тиімді жолдарымен және озық тәжірибемен алмасу үшін, сондай-ақ еліміздің ерекшелігіне корпоративтік басқарудың халықаралық стандарттарын бейімдеу үшін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналатынына сенімдімін», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Елжас Отыншиев.
«Polymetal International plc» тәуелсіз директоры Жанат Бердалина қазіргі уақытта корпоративтік басқару кодекстерінің көптігіне тоқталды, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі бекіткен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ және Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес қабылдаған кодекстер бар. Ол осы нормативтік құжаттарды біріздендіру үшін бірыңғай кодекс құру туралы шешім қабылдау орынды болатынын атап айтты.
«Qazaq Independent Directors» қауымдастығы Бақылау кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов те Корпоративтік басқару жөніндегі форум корпоративтік басқарудың үздік тәжірибелерін енгізуге ұмтылатын компаниялар үшін сараптамалық алаң болады және жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұратын іс-шараға айналады деген ойын бөлісті.
Форум корпоративтік басқарудың негізгі мәселелерін талқылау үшін қаржы институттарының, ұлттық холдингтердің басшыларын, сарапшылар мен кәсіпкерлерді біріктірді. Қатысушылар бизнестегі рөлін қайта қарауға, сарапшылармен тәжірибе алмасуға және корпоративтік тәжірибелерін жақсартуға бірегей мүмкіндік алды.
«Кәсіби корпоративтік басқару - бұл акционерлер мен қоғамның мүддесін білдіретін компаниялардың стратегиялық өсуі үшін қолайлы орта», - деп қорытындылады Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрайымы Екатерина Никитинская.