Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен Мемлекет басшысына еліміздегі бизнестің жай-күйі туралы баяндады
2022 жылы 4 408 өтініш келіп түсті, оның 1530-ы (34%) оң шешімін тапты, 1 030-ы (23%) бойынша түсініктеме берілді.
Мұндай статистиканы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында мәлімдеді.
Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жылы мәселелер қылмыстық-құқықтық аспектілер сипатында. Өтініштердің бір бөлігі Жоғарғы соттың шешімінен кейін келеді, оларды Жоғарғы соттың ұсынысы немесе Бас прокуратураның наразылығы бойынша қайта қарау қажет болады.
2022 жылы бизнес-омбудсмен еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 20 кездесу өткізілді, оған 288 кәсіпкер қатысты. Кездесулердің нәтижесі бойынша 249 проблемалық мәселе нақты қарау үшін қабылданды, оның ішінде оң шешілгендер саны 130, қазіргі уақытта 100 мәселе қаралуда. 8 мәселе ішінара шешілді, өз кезегінде 10 мәселе бойынша түсініктеме берілді.
Кездесулер барысында мемлекеттік органдардың ауыл шаруашылығы жерлерін беру үшін конкурс өткізу бойынша тиімсіз жұмысы, салық органдарының талап-арыздары бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, ЖАО тарапынан санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеуді тиісінше бақыламау, ӘКК жұмысын жақсарту, жер және су ресурстарының жетіспеушілігі атап өтілді.
Өткен жылы рейдерлікке қарсы күресті күшейту, бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғау жөнінде түзетулер қабылданды.
Дегенмен, өңірлерге сапар барысында және келіп түскен өтініштерден байқағанымыз, бақылаушы органдардың репрессиялық сипаты әлі де сақталған.
2022 жылдың 10 айында 968 қылмыстық іс тіркелді және тергелді. Бұрын бизнес субъектілеріне қатысты статистика нақты көріністі бере алмайтын, өйткені құқықтық статистика жүйесінде оны есепке алу және есепте көрсету үшін арнайы деректеме жоқ.
Біздің ұсыныстың негізінде ақпараттық-есепке алу құжатының деректемесі енгізілді, яғни жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты өткен жылдан бастап сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуын көрсететін қосымша жол пайда болады.
«Сіздің тапсырмаларыңызды ескере отырып, 2021 жылғы шілдеден бастап «Бизнес-әріптестер тізілімі» ақпараттық жүйесінің жұмысы басталды, ол кәсіпкерлерге өз контрагентін сенімділікке тексеру, өздерін бақылаушы мемлекеттік органдардың ықтимал талаптарынан қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Рустам Жүрсінов.
Бизнес-омбудсмен сондай-ақ Мемлекет басшысының «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша мәліметтерді ұсынды. Үкіметпен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта талдау бойынша жұмыс барлық 44 салада аяқталды. 128 117 талап талданды, оның 7,9%-ы жаңа реттеу саясатының базалық шарттарына сәйкес келмейді және жойылады немесе қайта қаралады.
Сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Грузиядағы бизнес-омбудсмендермен қарым-қатынас орнатылды. Олармен жасалған ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімдер қазақстандық кәсіпкерлер шет елде жүрсе де, бизнес-омбудсмен кеңсесі арқылы құқықтық қолдау алуға мүмкіндік берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің есебін қабылдап, бизнеске қатысты әкімшілік кедергілерді анықтауға және оларды жою шараларын әзірлеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.