Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Құрметті кәсіпкерлер! Қымбатты отандастар!
Сіздерді жаңа бастаманың, жаңару мен жаңғырудың символы — Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
2025 жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жүйесі жекелеген өтініштерге жауап берумен ғана шектелмей, бизнесті жүргізудің тұрақты құқықтық ортасын қалыптастыратын жүйелі құрал деңгейіне көтерілді.
Бұл өзгерістерді ілгерілетуде Парламент Сенатының қолдауы маңызды рөл атқарды.
Кәсіпкерлікті негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау кепілдіктері күшейтіліп, салықтық әкімшілендіру саласындағы бірқатар тәуекелдер жойылды, сондай-ақ Бизнес-омбудсменнің кәсіпкерлер қауымдастығы мен мемлекет арасындағы тікелей кері байланысты қамтамасыз ететін тиімді арна ретіндегі рөлі кеңейтілді.
Маңызды кезеңдердің бірі — Конституциялық Сотпен өзара іс-қимыл болды. Сот бизнес құрылымдарын ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) белгілері ретінде тануға жол берілмейтінін растады және нормативтік құқықтық актілердегі ҰҚТ ұғымына қатысты құқықтық айқынсыздықты жою қажеттігін атап өтті.
Кәсіпкерлікті дамыту — экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі. 2026 жыл кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бизнес-омбудсмен институты әкімшілік әділеттілікті дамыту, реттеушілік әсерді талдау жұмыстарын жалғастырып, сондай-ақ кәсіпкерлерге зиян келтірген заңсыз шешімдер үшін лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін енгізу тетіктерін іске асыратын болады.
Сіздерге жаңа жылы тұрақты даму мен жаңа жетістіктер тілеймін!
Құрметпен, Қанат Нұров





