Жаңалықтар

29.12.2025

Бизнес-омбудсмен Президент Әкімшілігіне өз өкілеттіктерін кеңейтуді ұсынды

47

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі (КҚҚУ) Қанат Нұров Мемлекет басшысын Жаңа жылмен құттықтап, экономиканы ырықтандыруға және кәсіпкерлікті құқықтық қорғауға бағытталған жарияланған бағытты ұстанудағы табандылығы үшін алғысын білдірді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында КҚҚУ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысына Бизнес-омбудсменнің өкілеттіктерін кеңейту жөніндегі шараларды ұсынды. Аталған ұсыныстар Президент Әкімшілігінің тапсырмаларын орындау аясында және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарын ескере отырып әзірленген.

Бірінші бағыт Бизнес-омбудсменнің институционалдық мәртебесін нығайтуға қатысты. КҚҚУ лауазымының ресми атауын оның нақты мәртебесіне сәйкестендіру және лауазым атауын «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл» деп нақтылау ұсынылады. Бұл Мемлекет басшысына тікелей есеп беруді айқындап, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қоғамдық бақылау жүргізу функциясына бизнес-қоғамдастықтың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші бағыт қылмыстық процесс шеңберінде кәсіпкерлерді қорғауды күшейтуге бағытталған. Кәсіпкердің өтініші бойынша Бизнес-омбудсменге қылмыстық істерге сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы сатыларында қатысу құқығын беру ұсынылады. Бұл ретте адвокатты алмастыру туралы емес, тергеу материалдарына қол жеткізу арқылы бизнес құқықтарының сақталуын бақылауды қамтитын қоғамдық қорғаушы функциясын жүзеге асыру туралы сөз болып отыр.

Үшінші бағыт кәсіпкерлердің құқықтарына әсер ететін нормативтік құқықтық актілер бойынша Бизнес-омбудсменге Конституциялық Сотқа (КС) тікелей жүгіну құқығын беруді көздейді.

Атап өтілгендей, бизнес субъектілері мұндай құқыққа ие емес, ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты тек адамның табиғи, іргелі құқықтарын қорғауға бағытталған. Ал кәсіпкерлердің құқықтары иеленілген сипатқа ие және мамандандырылған институционалдық өкілдікті талап етеді. Дәл осы мақсаттар үшін Бизнес-омбудсмен институты құрылған.

 «Кәсіпкерлердің КҚҚУ арқылы Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігінің болмауы құқық субъектілерінің теңдігі жөніндегі конституциялық қағидатты бұзады. Заңды тұлғалардың бизнес-құқықтары азаматтық құқықтарды жанама түрде іске асырады және маңыздылығы кем емес», — деп есептейді Қанат Нұров.

Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бизнес-омбудсменге бүкіл кәсіпкерлік қауымдастық үшін бизнес жүргізудің нормативтік-құқықтық жағдайларын жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт кәсіпкерлердің КҚҚУ-ға тиісті өтініштерімен байланысты азаматтық және әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне шағымдану құқығын Бизнес-омбудсменге беру мәселесіне қатысты. Қолданыстағы сот тәжірибесінде, егер Бизнес-омбудсмен істің бастапқы кезеңінде тарап ретінде қатыспаған болса, ол сот шешімдеріне шағымдану арқылы кәсіпкрдің құқықтарын қорғау мүмкіндігінен айырылған. Алайда КҚҚУ-дың әрбір сот процесіне қатысуға ресурстары жеткіліксіз, ал кәсіпкерлер, әдетте, мемлекеттік және сот органдарына жүгіну мүмкіндіктерін толық пайдаланып болғаннан кейін ғана Уәкілге жүгінеді.

Осыған байланысты, КҚҚУ-ға сот актілеріне шағымдану құқығын беру Бас прокуратураға тек ірі инвесторлардың ғана емес, барлық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау ісінде жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі