Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Ыстанбұлда Түркияда бизнес жүргізіп отырған қазақстандық кәсіпкерлердің мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығының бастамасымен Түркия аумағында бизнес жүргізу барысында қазақстандық кәсіпкерлер тап болып отырған өзекті мәселелерді талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің кеңесшісі Сафарауль Йылмаз, сондай-ақ туризм, HoReCa, логистика, сауда және өнеркәсіп салаларында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтті. Қатысушылар түрік нарығында жұмыс істеудің практикалық тәжірибесімен бөлісіп, құқықтық және әкімшілік кедергілерге, салық салу ерекшеліктеріне, лицензиялау мен рұқсат алу рәсімдеріне байланысты нақты мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде қазақстандық өнім экспортын ілгерілету жөнінде ұсыныстар айтылды.
Талқылау барысында Сафарауль Йылмаз Бизнес-омбудсмен институтының қызметі, оның өкілеттіктері мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктері, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс аумақта қызмет атқаратын кәсіпкерлерді қорғау жөнінде баяндады. Ол шетелдегі отандық кәсіпкерлермен тұрақты әрі жүйелі коммуникация орнату өзекті бағыттардың бірі екенін атап өтіп, бұл жүйелі проблемаларды уақтылы анықтауға және оларды шешуге жәрдемдесуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Диалог аясында қосарланған салық салу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бизнес-омбудсмен кеңесшісінің айтуынша, іс жүзінде қазақстандық кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының салық органдары екі ел арасында қолданыстағы халықаралық келісімнің бар екеніне қарамастан, Түркияда жұмсалған шығындарды есепке алуға қабылдамайтын жағдайларға жиі тап болады.
«Қазақстан мен Түркия арасында шығындарды өзара есепке алу тетігін көздейтін халықаралық шарт жасалған. Алайда тәжірибеде қазақстандық кәсіпкерлер бұл нормаларды қолданудан бас тарту жағдайларына жиі ұшырайды. Соның салдарынан қосарланған салық салу тәуекелі туындап, бұл трансшекаралық бизнестің экономикалық тартымдылығын тікелей төмендетеді және жүйелі түрде реттеуді талап етеді», – деп атап өтті Сафарауль Йылмаз.
Ол Түркияда Қазақстанда жұмыс істейтін түрік кәсіпкерлеріне қатысты осындай тетік қолданылатынын атап өтіп, Қазақстан Республикасындағы құқық қолдану тәжірибесін халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіру қажеттігін білдірді.
Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл өз сөзінде шетелде кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген Қазақстан азаматтарын қолдау консулдық мекеменің жұмысындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, Бас консулдық тарапынан алдағы уақытта да жан-жақты консулдық-құқықтық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ыстанбұл қаласындағы қазақстандық кәсіпкерлермен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізуге уағдаласты.





