Жаңалықтар

10.12.2025

Мемлекет басшысы әрқашан кәсіпкерлердің орынды пікірін ескереді – Бизнес-омбудсмен

42

2025 жылғы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» премияларының лауреаттарын марапаттау рәсімінде ұлттық «Атамекен» палатасын отандық жеке бизнесті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші ретінде дамыту шаралары, отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдауды цифрландыру, сондай-ақ бизнесті қорғау мәселелері бойынша хабардар етті.

 Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты бизнесті қорғау шараларының ішінде кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан және шамадан тыс салықтық әкімшілендіруден қорғау мәселесінің жеке атап өтілгенін үлкен қанағаттанушылықпен атап өтеді. Бұл Жаңа жыл қарсаңында кәсіпкерлік қауымдастықтың үмітін ерекше арттыра түседі.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы бизнесті декриминализациялау, оны негізсіз тексерулер мен өзге де қудалаудан қорғау мақсатында құқықтық және сот жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты. Бұл Бизнес-омбудсменнің осы жылғы 26 қарашадағы азаматтық-құқықтық немесе шарттық даулар бойынша кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесіне қатысты Мемлекет басшысына жолдаған өтінішінде көрсетілген жайттармен үндеседі (https://ombudsmanbiz.kz).

Ресми статистикаға сәйкес, соңғы бес жылда мемлекеттік сатып алуларға байланысты істер бойынша 178 кәсіпкер сотталған, оның ішінде Көккозова мен Құрумбаева да бар. Бұған олардың тендерлік бағалардың «орташа нарықтық» құннан жоғары болуы себеп ретінде көрсетілген. Алайда мемлекеттік ұйымдармен жасалған шарттарды орындау кезінде кәсіпкерлердің табиғи пайда табуға ұмтылысы ұрлық немесе алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін емес, әсіресе жасалған келісімшарттардың ешқайсысы жарамсыз деп танылмаған жағдайда.

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мәселесіне келсек, қылмыстық байланысы дәлелденбеген жағдайда оған кәсіпкерлер емес, мемлекеттік ұйымдардың лауазымды тұлғалары толықтай жауапты болуы тиіс.

Бас прокурордың Жоғарғы сотқа жолдаған кассациялық наразылығына қарамастан, Иманов пен Орақбай атты кәсіпкерлердің 6 жылға сотталуы – олардың субсидия шартының тарапы еместігі және дәлелденген зиянның жоқтығы көрсетілгеніне қарамастан – азаматтық-құқықтық қатынастардың қылмыстық-құқықтық қатынастармен шатастырылғанын айқын дәлелдейді. Аталған кәсіпкерлер фермерлерге жеткізген күн панельдері үшін субсидия паспортымен рұқсат етілген ең жоғары бағаны қолданған. Ал олардың «орташа нарықтық» құны сәл төмен болғаны мемлекеттік бюджетке келтірілген зиян ретінде бағаланған.

Азаматтық дауларды қылмыстық істерге ауыстыру тәжірибесін болдырмау және осылайша мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Бизнес-омбудсменнің Мемлекет басшысына жолдаған аталған хатында келесі заңнамалық шаралар ұсынылды: 1) прокурорлар тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулылардың күшін жоюға нақты мерзімдер белгілеу; 2) алдын ала тергеу мерзімін 6 айдан асыруды жеткілікті дәлелдемелер көрсетілген ерекше жағдайларда ғана жүзеге асыру; 3) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің екі сатылы моделін енгізу, оған алдын ала процессуалдық тексеруді және тек негіздер болған жағдайда ғана толыққанды тергеуді жүргізуді енгізу.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселелері бойынша бизнестен келіп жатқан өтініштерге назар аударып, Үкіметке оларды бүкіл мемлекеттік міндет ретінде жан-жақты талдап, ақылға қонымды теңгерім табуды тапсырды.  Бұл 2 желтоқсандағы(https://ombudsmanbiz.kz)  Бизнес-омбудсменнің Мемлекет басшысына жолдаған салықтық әкімшілендіруде (шегерімдерді шектеуге) балама тетіктер қажеттілігі туралы өтінішінің мазмұнымен үндес келеді.

Шегерімдерге тыйым салу ЖББР субъектілері үшін шағын бизнеспен ынтымақтасуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Ал АСР-нің 70% кәсіпорнының ЖББР-ге ауысуы болжанып отырған жағдайда, бухгалтерлердің айтарлықтай жетіспеушілігі бұл үдерісті салықтық әкімшілендіруде техникалық «коллапсқа» және кәсіпорындардың жабылуына әкелуі мүмкін.

Бірақ ең бастысы – шегерімдерге тыйым салу құқықтық қағидаттарды бұзады. Себебі: 1) бір келісім бойынша салықтық жүктеменің негізсіз екі есе артуына әкеледі; 2) шегерімге тыйым салынған шығыстар – бұл бизнестің нақты жұмсаған шығындары, ал оларды контрагенттің қандай салық режимінде жұмыс істейтініне қарамастан, салық салынатын пайдадан алып тастауға бизнес құқылы; 3) шағын бизнесті тек оның салық режиміне байланысты негізсіз теріс дискриминациялау заңнаманың ең жоғары деңгейінде бекітіледі.

Халықаралық тәжірибеде әртүрлі салық режимдері арасындағы шығыстарды шегеруге тыйым салу жоқ және дамушы экономикалардағы жұмыс орындарының 60%-дан астамы шағын және ірі кәсіпорындар арасындағы жеткізілімдер есебінен құрылады. Сондықтан бұл экономикалық байланыстарды үзу қауіпті.

Тоталды шегерімдерге тыйым салудың жүйелі тәуекелдерін және сонымен бірге адал емес салықтық оңтайландыру мақсатында бизнесті жасанды түрде бөлуді болдырмаудың маңыздылығын ескере отырып, Бизнес-омбудсмен келесі ұсыныстарды білдірді: 1) шегерімдерді тек өзара байланысты тараптар арасында ғана шектеу; 2) тәуекелге бағдарланған бақылауды қолдану; 3) АСР үшін шекті айналым мөлшерін Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабына сәйкес шағын бизнес деңгейіне дейін төмендету; 4) АСР мен ЖББР арасындағы жұмыс кезінде айналымға 8% мөлшерінде салық ставкaсын белгілеу.

Осы баламалы шараларды жүзеге асыру және/немесе бизнеске операциялық модельдерді түзетуге жеткілікті уақыт беру үшін КҚҚУ кем дегенде 18 айға шегерімге тыйым салу туралы норманы қолданысқа енгізудің кейінге қалдыру тәртібі туралы жеке заң жобасын шұғыл түрде бастауды ұсынды.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі