Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Мемлекеттік сатып алуларға байланысты істер бойынша 178 кәсіпкер сотталған
Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар мен субсидияларға қатысуға байланысты кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша теріс сот-тергеу тәжірибесі қалыптасып отыр.
Істерді тергеу барысында кәсіпкерлік қызмет бостандығының Конституциялық қағидаттары мен қолданыстағы заңнаманың нормалары өрескел бұзылады, оған сәйкес кәсіпкерлік бастапқыда пайда табуға бағытталған.
Соңғы 5 жылда мемлекеттік сатып алуларға байланысты істер бойынша соттар 178 кәсіпкерді айыпты деп таныды. Сот үкімдерінің негізгі себебі — тендерлік бағалардың «орташа нарықтық» деп аталатын бағалардан жоғары болуы. Сотталғандар қатарында кәсіпкерлер Л. Көккозова мен З. Құрумбаева бар. Сондай-ақ әділетсіз қылмыстық қудалау Аяпберген С.А. мен Темірғали Б.К. қатысты да тіркелген.
Қылмыстық істер шеңберінде кәсіпкерлер келтірген «залал», әдетте, тек «сараптамалық бағалау ретінде ретроактивті түрде ұсынылған бәсекелес компаниялардың коммерциялық ұсыныстары негізінде» есептеледі.
Бірақ мемлекеттік ұйымдармен шарттарды адал орындау шартымен кәсіпкерлердің пайда табуға деген табиғи ұмтылысы өзінің құқықтық мәні бойынша бөтеннің мүлкін заңсыз өтеусіз иемденуді көздейтін ұрлық немесе алаяқтық ретінде саралана алмайды.
Кәсіпкерлер келісімшарттық міндеттемелерді толық көлемде орындады, ал жасалған келісімшарттар дау тудырмады және сот тәртібімен жарамсыз деп танылмады. Ал бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, егер соңғысының біріншісімен қылмыстық байланысы дәлелденбесе, кәсіпкерлердің емес, мемлекеттік ұйымдардың лауазымды адамдарының құзыреті ғана болып табылады.
Иманов пен Орақбай кәсіпкерлерінің 6 жылға сотталу жағдайы азаматтық-құқықтық қатынастарды қылмыстық-құқықтық қатынастармен әдейі және заңсыз араластырудың, сондай-ақ экономикалық құқықбұзушылықтарға кінәлі тұлғалардың орнына кінәсіздерді жауапқа тартудың айқын мысалы болып табылады. Кәсіпкерлер фермерлерге жеткізген күн панельдері үшін субсидия паспортымен белгіленген ең жоғары рұқсат етілген бағаны қолданған. Ал олардың «орташа нарықтық» бағасы сәл төмен болғандықтан, мемлекеттік бюджетке залал дәл осы айырмашылық ретінде есептелген.
Мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты азаматтық-құқықтық дауларын кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау алаңына ауыстыру тәжірибесі жүйелі сипат алып отыр және мұндай істерді саралау тәсілдерін жедел қайта қарауды талап етеді. Осыған байланысты, Бизнес-омбудсмен Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті 2025 жылғы 30 сәуірде өткізген дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша ұсынылған шараларды заңнамалық түрде іске асыруды ұсынады:
- прокурорлардың сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулыларды жою мерзімдерін нақты белгілеу;
- алдын ала тергеу мерзімдерін 6 айдан асыруды тек ерекше жағдайларда және жеткілікті дәлелдемелер болған кезде ғана жүзеге асыру;
- экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеудің екі сатылы моделін енгізу (алдын ала процессуалдық тексеру және тергеу).
Бұдан бөлек, Қанат Нұров Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа жолдауында Бас прокуратураның кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу жөніндегі прокурорлық қадағалауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.
Атап айтқанда, ол төмендегідей батыл ұстаным білдіреді:
- кәсіпкерлермен азаматтық-құқықтық және шарттық даулардан туындаған барлық қылмыстық істерді жан-жақты тексеру;
- қылмыстық ниет пен мемлекетке нақты зиян келтірілгенін дәлелдейтін айғақтар болмаған жағдайда мұндай даулар бойынша қылмыстық іс қозғауға тыйым салу;
- қылмыстық істерді Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде негізсіз тіркеу туралы қаулыларды және кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі сот шешімдерін жою;
- осындай істерді қозғау және қарау кезінде заңсыз әрекеттерге жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту.
«Бұл шаралар бизнесті негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуды болдырмай, заңдылық, әділдік және кәсіпкерлерді қорғау қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан», — деп түйіндеді Бизнес-омбудсмен.
Хатқа сілтеме:
https://ombudsmanbiz.kz/rus/otkr_pismo/?cid=0&rid=1967





