Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
ҚҚС-ты экспорттаушыларға қайтару мәселелерін шешуге бағытталған КҚҚУ мен ЦҮҚО арасындағы меморандум
2025 жылғы 27 қарашада Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл (КҚҚУ) Қ.І. Нұров пен ҚР ЦДИАӨМ «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК (ЦҮҚО) бас директоры Б.А. Мұхаметқалиев өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Құжат экспорттаушыларға ҚҚС қайтару рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта бұл салада жүйелі проблемалар сақталуда: ҚҚС қайтару мерзімдері бұзылады, өйткені кешіктірілгені үшін өсімпұл есептелмейді, ал оның төлену кезектілігі Қаржы министрлігі тарапынан бюджеттің ағымдағы мүмкіндіктеріне қарай айқындалады. Бұл ашық емес және бизнес үшін тәуекелдер туғызады.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығы ҚҚС қайтару жүйесіне ашық және жария механизмдерді енгізу осындай проблемалардың санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Меморандумның негізгі мақсаты — кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелерінде тараптардың өзара іс-қимылын нығайту, әділ жүйе құруға жәрдемдесу.
Ынтымақтастық шеңберінде тараптар төмендегілер туралы келісімге келді:
- ҚҚС қайтару бизнес-процестерін мерзімдерді қысқарту және рәсімдердің ашықтығын арттыру мақсатында реинжинирингтен өткізу;
- жүйелі мәселелер мен әкімшілік кедергілерді анықтау және жою;
- кәсіпкерлерге консультациялық және ақпараттық қолдау жүйесін дамыту;
- бизнес мүдделерінің бұзылуы туралы ақпарат алмасу және жедел шаралар қабылдау;
- бюрократияны қысқарту үшін ақпараттық ресурстар мен жүйелерді жетілдіру;
- кәсіпкерлердің өтініштерін бірлесіп қарау және құқық бұзушылықтардың себептерін айқындау.
Сонымен қатар, Бизнес-омбудсмен негізгі жүйелік тәуекелге назар аударды. Оның пікірінше, қайта өңдеу арқылы қосылған құн қалыптастыратын өңдеуші өнеркәсіп экспорттаушылары үшін ҚҚС қайтарудың басымдығын, шикізатты өңдеусіз экспорттайтын жер қойнауын пайдаланушыларға қарағанда, заңнамалық түрде бекітпейінше, процесті цифрландыру күтілетін нәтижеге әкелмейді. Мұндай басымдықтың болмауы кассалық алшақтықтарды туындатып, мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығына теріс әсер етуді жалғастырады.
ҚР ЦДИАӨМ «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК мен
Қазақстанның Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі арасындағы
өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға
сілтеме





