Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
КҚҚУ кеңесшісі Халықаралық бизнес-омбудсмендер форумына қатысты
Ағымдағы жылдың 21 қазанында Ташкент қаласында Халықаралық бизнес-омбудсмендер форумы мен Бизнес адалдығының IV форумы өтті.
Форум (21–23 қазан) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл апталығы аясында ұйымдастырылып, оны Өзбекстан Республикасының Бизнес-омбудсмен аппараты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі өткізді.
Іс-шара бизнес-омбудсмендер, мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдері арасындағы ашық диалог алаңы ретінде дәстүрге айналды. Форум барысында бизнес құқықтарын қорғауға кедергі келтіретін институционалдық шектеулерді айқындау, үздік тәжірибелермен алмасу және оларды еңсеру жолдарын талқылау мәселелері қарастырылды.
Бірқатар елдерде корпоративтік ашықтық мәдениетін қалыптастыру және тиісті стандарттарды енгізу мәселелері әлі де қалыптасу кезеңінде тұрғандықтан, тәжірибе алмасу мен халықаралық ынтымақтастықтың өзектілігі артып отыр.
Ерекше назар ЭЫДҰ тарапынан Бизнес-омбудсмен институттарының қызметіне жасалған шолуға, олардың мандаттары мен өкілеттіктеріне талдау жасауға, сондай-ақ адалдық мәдениетін қалыптастыру мен әділ бәсеке стандарттарын ілгерілету мәселелеріне аударылды.
Қазақстанның Бизнес-омбудсмен аппараты бизнес-климатты жақсартуға бағытталған реформаларға белсенді қатысып келеді. Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және корпоративтік адалдық саласындағы халықаралық тәжірибеге ерекше қызығушылық танытуда.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің (КҚҚУ) атынан форумға Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі Сафарауль Йылмаз қатысып, соңғы бір жарым жыл ішіндегі институт жұмысының негізгі нәтижелерін таныстырды. Бұл кезең – кәсіпкерлік ортаны белсенді реформалау мен түрлендіру уақыты болды.

«КҚҚУ қызметінің басты бағыты – бизнесті жүйелі әрі тұрақты қорғау. 2024–2025 жылдары біз кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жекелеген өтініштерге жауап беру ғана емес, нақты құрылған және тиімді жұмыс істейтін жүйе екенін көрдік. Бүгінде Бизнес-омбудсмен кеңсесі – бизнес үшін жай ғана “соңғы инстанция” емес, іскерлік ортаны жетілдірудің жаңа тәсілдері қалыптасатын алаң», – деп атап өтті Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі өз сөзінде.
Осы көзқарас негізінде кәсіпкерлікті қорғауға бағытталған Бизнес-омбудсменнің стратегиясы әзірленіп, қазіргі уақытта оның іске асырылуы белсенді түрде жүргізілуде. Бұл, соның ішінде, негізсіз құқық шығармашылығын және құқық қолдану тәжірибесін болдырмау шараларын да қамтиды.
Бизнес-омбудсмен депутаттық бастамалардың реттеушілік әсеріне міндетті талдау енгізуден бастап, жаңа Салық кодексін әзірлеуге қатысуға, корпоративтік құқықты реформалауға және әкімшілік әділетті дамытуға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтитын заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.





