Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Қаржы министрлігі ҚҚС бойынша жоспарларын түзетеді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықты аванс ретінде төлеу тек бір санаттағы салық төлеушілерге ғана міндеттеледі.
Осы мәселеге қатысты ымыралы шешімге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен «Атамекен» ҰКП арасындағы диалог барысында қол жеткізілді. Аталған келіссөздерге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қ. І. Нұров та белсенді қатысты.
Айта кетейік, тараптар алдын ала электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) «е-TAMGA» автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу тәртібі бойынша уағдаласты.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда бірқатар маңызды өзгерістер көзделген. Соның бірі – ЭШФ «е-TAMGA» жүйесі арқылы автоматтандырылған бақылау енгізу.
Өзгерістерге сәйкес, шот-фактураны рәсімдер алдында кәсіпкерлерге ҚҚС-ты алдын ала (аванс ретінде) төлеуге тура келеді. Егер есепшотта қаражат жеткіліксіз болса, жүйе құжатты рәсімдеуге мүмкіндік бермейді.
Бастапқыда бұл механизм төрт санаттағы салық төлеушілерді қамтиды деп жоспарланған еді. Олардың қатарына ҚҚС бойынша жаңадан тіркелген төлеушілер, қатысушылардың толық құрамының өзгеруіне байланысты қайта тіркеуден өткен компаниялар, сондай-ақ ЭШФ жазып беруді тоқтата тұру шешімі жойылғандар кірді. Тағы бір топқа – айналымды растау туралы хабарлама алғаннан кейін ЭШФ-ны қайтарып алған тұлғалар жатқызылған болатын.
Сонымен қатар, Қанат Нұровтың айтуынша: «ҚҚС-ты алдын ала төлеу – бұл салықтық принципті бұзу. Алдымен табыс табылып, содан кейін ғана одан салық төленуі тиіс. Ал егер әлі табылмаған табыстан алдын ала төлеуді талап етсеңіздер – бұл құқықтық принципті бұзу болып саналады».
Бұл шешім неге маңызды? Келер жылдан бастап ҚҚС бойынша шекті мөлшердің төмендеуі және жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге шектеулер енгізіледі деп күтілуде. Сарапшылардың болжамына сәйкес, бұл ҚҚС төлеушілерінің санын 2,5 есеге арттырады, ал ҚҚС аясындағы жалпы айналым небәрі 5%-ға ғана өседі. Бұл бизнес үшін орасан зор жүктеме мен тәуекелдерді білдіреді, оның ішінде жүйенің істен шығу қаупін және компаниялардың қызметін тоқтата тұруды қамтиды.
«Мемлекет, шын мәнінде, салық жинайтын кәсіпорын ретінде әрекет етеді, демек, ол осы тәуекелдерді өз мойнына алуы тиіс. Барлық тәуекелдерді толықтай жою мүмкін емес: олардың бір бөлігі табиғи әрі сөзсіз, ал дәл осы – салықтарды әкімшілендіру бойынша мемлекеттің «бизнесінің» мәні.
Салықтардың 100%-дық жиналуына ұмтылу салық базасының өзін қысқартады. Менің ойымша, бұл ЖІӨ-нің экономикалық өсуін тежейтіндіктен, мемлекеттің мүдделеріне қарсы қылмыс ретінде бағалануы мүмкін.
Өте көп кәсіпорындар – тек жаңадан құрылғандар ғана емес, қызмет көрсету және жұмыс саласындағылар да өздерінің электронды шот-фактурасын (ЭШФ) бере алмай қалады. Оның үстіне, ЭШФ жазып беру – кәсіпорындардың міндеті. Алайда оларға бұл міндетті орындау мүмкіндігі берілмей отыр, себебі ол іс жүзінде «бақылау нүктесіне» айналып, бұғаттау құралы ретінде пайдаланылуда», – деген пікірін білдірді Бизнес-омбудсмен.
Нәтижесінде Бизнес-омбудсмен ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсынылған ұстанымдарды қайта қарау жөнінде ұсыным берді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП бірқатар бастамаларын ұсынды, оның ішінде автоматтандырылған бақылауға ілігетін салық төлеушілердің бастапқы тізімін қысқарту да бар.
Осылайша, бастапқы кезеңде ЭШФ-тың автоматтандырылған бақылауы тек бір санатқа ғана қолданылатын болады – яғни тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету бойынша нақты айналымды растау туралы хабарламаны орындау шеңберінде ЭШФ-ты кері қайтарған ҚҚС төлеушілеріне.
Мұндай кезең-кезеңімен енгізу тәсілі жүйелік «шоктың» алдын алып, тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Сөз сөйлеуге сілтеме:
https://ombudsmanbiz.kz/rus/press-centr/doklady_vystupleniya/?cid=0&rid=1916