Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен апелляциялық сатыда Л. Коккозованың қорғанына шықты
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 309-бабына сәйкес, Л. Коккозованың өкілі ретінде КҚҚУ 2025 жылғы 19 мамырда Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот шығарған үкімге қатысты оның шағымына толықтыруды Астана қаласы сотының Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жолдады.
Л. Коккозова «Success K» ЖШС-нің Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен мемлекеттік сатып алу шеңберінде шарттық міндеттемелерін орындау барысында аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген айыппен кінәлі деп танылған болатын.
Бизнес-омбудсменнің пікірінше, соттың тұжырымдары құқықтың негізгі қағидаттарына және кәсіпкерлік қызметтің конституциялық бостандығына қайшы келеді. Сондықтан үкімнің заңсыздығы мен негізсіздігі туралы уәждерді толық қолдай отырып, Бизнес-омбудсмен апелляциялық сот алқасына іс үшін елеулі мәні бар мән-жайларды назарға алу қажеттігін көрсетті.
«Success K» ЖШС XV «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастық форумы» көрмесін ұйымдастыру және өткізу бойынша (шартта көзделген талаптар, шарттар мен бағаларға сәйкес) қызмет көрсетуді міндетіне алды. Ал Министрлік – тапсырыс беруші ретінде көрсетілген қызметтерді қабылдап, оларды тиісінше орындалған жағдайда төлеуге міндетті болды. Осылайша, шарт екі заңды тұлға арасында жасалды, сондықтан оның орындалуына байланысты туындайтын барлық даулар азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде қаралуы тиіс еді.
Сонымен бірге, «Success K» ЖШС өз міндеттемелерін толық көлемде және тиісінше орындады. Алынған табыс бухгалтерлік есепте көрсетіліп, одан барлық салықтар мен төлемдер төленді.
Кәсіпкер жеке өзі қандай да бір міндеттемелерді алмаған, сондықтан осы шарт бойынша туындаған азаматтық дауда жауапкер ретінде компанияның өзі танылуы тиіс.
«Компанияның пайда табуға деген ұмтылысын қаражат ұрлау ниеті деп санауға болмайды. Жабдықты жалға алудың орташа нарықтық құнын белгілеу және оны тендерлік құнмен салыстыру кәсіпкердің мемлекетке зиян келтіргенінің дәлелі бола алмайды», - деп өз ұстанымын түсіндірді Қанат Нұров.
Мемлекеттік бюджетті тиімсіз пайдалану тек мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының міндеті болып табылады.
Азаматша Коккозоваға қатысты қылмыстық іс дәлелденбеген залалға негізделген және даулы шарт бойынша тарап болып табылмайтын тұлғаға бағытталған.
Л. Коккозова мен Министрліктің лауазымды тұлғалары арасында қандай да бір сөз байласу сотпен анықталмаған, сәйкесінше, аталған шартқа байланысты оған және оның ЖШС-не қатысты қылмыстық іс жүргізу жүргізілуі мүмкін емес.
«Бірінші сатыдағы соттың үкімі күшін жоюы тиіс, ал іс бойынша ақтау үкімін шығару қажет, өйткені соттың тұжырымдары қисындық және құқықтық қағидаттарға, сондай-ақ істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді», – деп атап өтті Бизнес-омбудсмен өз Қосымшасында.
2025 жылғы 26 тамыздағы Қосымша «Бизнес-омбудсменнің хаттары» бөлімінде
ombudsmanbiz.kz сайтында орналастырылған.