Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Жаңа e-Tamga салық жүйесі және ҚҚС: бизнес пен стартаптарға қандай қауіп төнуде?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен қатар e-Tamga жүйесі енгізілмек. Бұл электронды шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру барысына автоматтандырылған бақылау.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі ҚҚС-ы бар ЭШФ жазу үшін алдымен салықтың алдын ала төлемін жасау қажет болады. Арнайы есепшотта қаражат болмаса, құжатты рәсімдеу мүмкін емес. Демек, ҚҚС алдын ала төленбесе, мәмілелер іс жүзінде бұғатталады.
Бұл жаңашылдыққа жаңадан тіркелген ҚҚС төлеушілер, қатысушылары толық ауысқан компаниялар, ЭШФ жазу құқығын қалпына келтіргендер, сондай-ақ салық органдарының талабымен бұрын шот-фактураларын кері қайтарған кәсіпорындар ілігеді. Яғни бұл Қазақстандағы салық төлеушілердің басым бөлігіне әсер етеді. Сонымен бірге іріктеу салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүзеге аспақ, бірақ оның критерийлері әзірге ашық емес. Бұл жағдай бизнесте көптеген сұрақ пен алаңдаушылық тудырды. Е-Tamga арқылы ЭШФ жазу тәртібін талқылауға арналған алғашқы кездесуге түрлі саладан 1000-ға жуық кәсіпкер қатысып, басым көпшілігі түсініксіз жайттар тым көп, әсіресе шағын және орта бизнес үшін тәуекелдер өте жоғары деген пікірлерін білдірген.
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов:
«Жаңа жүйе жүздеген мың кәсіпорынды қамтиды, ал барлық аванстық төлемдер қазынаға түседі. Егер бұл талап бүкіл бизнеске міндеттелсе, шағын және орта кәсіпкерлікке ауыр соққы болмақ. Кім алдын ала ҚҚС төлеуге міндетті, ал кім міндетті емес. Барлығы белгісіз критерийлерге байланысты», – деді.
ҚР ҚМ МКК ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық аталмыш шара тексеру процесін автоматтандыруға, жалған кіріс ҚҚС схемаларын болдырмауға және ҚҚС-тың бюджетке жиналуын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Алайда, бизнес өкілдерінің айтуынша, компаниялар қызметін тоқтата тұру қаупіне тап болуы мүмкін. Әсіресе негізгі тапсырыс берушісі мемлекет болып табылатын салаларда жағдай күрделі.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров:
«ҚҚС-ты алдын ала төлеу талабы құқықтық базалық принциптерге қайшы келеді. Бұл шара бизнестің өз салықтық міндеттемесін орындау құқығын шектейді, сондықтан оны алып тастау қажет. Қаржы министрлігінің бастамасы экономикалық белсенділікке тікелей араласу болып табылады және ЖІӨ өсімін тежейді», – деді.
Мәселенің тағы бір қыры – жаңа жүйеге жаппай жаңа салық төлеушілердің түсуі. 2026 жылдан бастап ҚҚС тіркеу шегі 78,6 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендейді, ал арнайы салық режимдері едәуір шектелмек. Бұл әсіресе денсаулық сақтау мен құрылыс сияқты салаларға ауыр тиеді. Мұнда қаржылық жүктеме жоғары, төлемдер жиі кешіктіріледі. Кәсіпкерлерді клиенттен ақша түспей жатып, ҚҚС-ты алдын ала қалай төлеуге болады деген ортақ сұрақ мазалады.
«Мемлекеттік қаржыландырудың 80%-ы МӘМС пен ТМККК аясында келеді, ал төлемдер бірнеше айға кешігеді. Осындай жағдайда салықты алдын ала төлеу талабын қою – қисынсыз. Медициналық мекемелерге 25-30% жылдық пайыздық мөлшерлемемен кредит алып, ҚҚС төлеу ұсынылып отыр. Бұл абсурд», – деп атап өтті «Ұлағатты Консалтинг Групп», «Ұлағатты медицина» ЖШС жетекшісі Марат Қайырленов.
Uchet.kz негізін қалаушы, экономист Максим Барышевтің айтуынша, әсіресе стартаптар мен отандық өндірушілер зардап шегеді. Өйткені олар өнімдерін ҚҚС төлеушілерге сатады да, толық айналымнан салық төлеуге және аванс беруге мәжбүр болады. Бұл он мыңдаған компанияның жұмысының тоқтауына әкелуі мүмкін.
«Атамекен» ҰКП бизнеске қатысты әділ салық төлеушілерді жаңа жүйеден тыс қалдыратын қосымша критерийлерді қарастыруды талап етпек», - деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП e-Tamga жүйесін қолдану аясындағы ҚҚС төлеушілер шеңберін тарылтуды, сондай-ақ оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған тізімді қысқартуды ұсынады.
Сонымен қатар, толық жауап берілмеген сұрақтардың тізімі әзірленіп, оларды ресми түрде Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдау жоспарлануда. Бизнес өкілдерінен қауіп-қатерлерді мемлекеттік органдарға жеткізу үшін негіздемелерімен бірге ұсыныстар жинау да бастауын алды.