Жаңалықтар

25.06.2024

Бизнес-омбудсмен астаналық кәсіпкерлермен кездесті

1791

2024 жылғы 24 маусымда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында республикалық деңгейде шешілетін өзекті сұрақтар мен мәселелер талқыланды.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Көкенов Кеңестің 2024 жылдың басынан бастап жасаған қызметі туралы есеп берді. Ол өз баяндамасында өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған негізгі жетістіктерді, ағымдағы жобалар мен бастамаларды егжей-тегжейлі атап өтті.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин өз кезегінде Өңірлік кеңес мүшелері де, жалпы астаналық кәсіпкерлер де көтеретін бірқатар жүйелі проблемалардың бар екенін жеткізді.

Кездесу барысында Өңірлік кеңестің мүшелері өздері де құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, сауда және қызмет көрсету салаларындағы мәселелерді көтерді. Кеңес мүшелері Қазақстанда бизнес жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігін атап айтты.

Мәселен, «Коммерциялық жылжымайтын мүлікті салу және басқару» комитетінің төрағасы Ирина Манжанова «eQurylys» электрондық платформасының жетілмегендігіне тоқталды, атап айтқанда, пайдаланушылар үшін порталдың ақылы/тегін функцияларының тізбесі анықталмаған және порталды пайдаланғаны үшін жасалатын ай сайынғы төлем бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға жұмсалғаны түсініксіз. Сондай-ақ, ол кәсіпкерлік субъектілерінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы жобасының 7-бабындағы түзетумен келіспейтінін, оған сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер енгізілетінін, атап айтқанда, әлеуетті өнім берушінің онымен үлестес жосықсыз қатысушылар тізілімінде заңды тұлғалар болған жағдайда МС-ға қатысуға құқығы жоқ екенін атап өтті.

Өңірлік кеңестің мүшесі, «Денсаулық сақтау» комитетінің төрағасы Ерлан Сүлейменов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан есепті кезең/ай ішінде емделген жағдайлар бойынша көрсетілген қызметтер үшін тиісті төлемдердің тұрақты кешігуіне байланысты өзекті мәселені айтты. Кәсіпкердің пікірінше, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төлемдерді кешіктіргені үшін ешқандай жауапкершілік жоқ.

«Білім беру» комитетінің төрағасы Лейла Күленова тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналасқан, сондай-ақ тұрғын үй мақсатында салынып, коммерциялық мақсатқа өзгертілмеген үй-жайларды жалға алу арқылы жұмыс істейтін мектепке дейінгі білім беретін жеке ұйымдардың жұмыс істеуіне тыйым салған кезде Жер басқармасы мен СЭС талаптарында қайшылықтар болатыны туралы хабарлады.

Өңір кәсіпкерлерінің проблемаларын зейін қойып тыңдаған Қанат Нұров шешімін күткен көптеген проблемалар орын алып отырғанын, алайда олардың барлығы бірдей өзінің құзыретіне кірмейтінін ескертті.

Сонымен қатар ол медициналық тауарларды таңбалау ерекше маңызды мәселе екенін атап өтті. «Таңбалаудың контрабандаға қаншалықты қатысы бар екенін және электронды шот-фактура (ЭШФ) бұл мәселені шешуге қалай ықпал ететінін түсіну маңызды. Егер ЭШФ таңбалау мәселесін шешетін болса, бізге тағы бір таңбалау жұмысы не үшін қажет?» – деді  ол.

Өзге де мәселелер туралы айта келе шекті бағалар мәселесіне тоқталған Қанат Нұров бұл кәсіпкерлердің жеке меншік құқығын бұзатын күрделі мәселе екенін және оны шұғыл шешу қажет екенін атап өтті.

«Егер бізде жеке меншік болса, еркін сауда да болуы керек, ал еркін сауда шекті бағаларға сәйкес келмейді. Баға сұранысқа байланысты қалыптасуы керек, ал бағаны белгілеу ісіне килігу алдымен тауарлардың, содан кейін оларды өндірушілердің жойылуына әкеліп соғады», – деп түсіндірді ол.

Ол мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, мұндай кездесулер проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге көмектесетінін және елдегі кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін атап өтті. «Біз кәсіпкерлердің талап-тілектері әрқашан ескерілуі үшін және олардың құқықтары сенімді қорғалуы үшін жұмыстарды тиянақты түрде жалғастыра береміз», – деді ол.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі