Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі сан алуан...
Сурет: Shutterstock.com
Бүгінге дейін 1,5 млрд теңгеге 580 мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) шарты жасалған, деп жазады Kursiv.kz.
Өңірлерде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы заңнаманы қолданудың әртүрлі тәжірибесі қалыптасты. Заңнаманың жетілмегендігі және жекелеген әкімдіктердің айлалы іс-әрекеттерінің салдарынан МЖӘ іс жүзінде мемлекеттік сатып алуларды бір көзден жүзеге асырудың жасырын нысанына айналды.
Бұл туралы бүгін "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл қатаң заңдылық талдауды талап етеді.
"Қалыптасқан жағдай құқық қорғау органдарының араласуын талап ететіндігін ашып айтқым келеді. Бүгінде бізде МЖӘ білім беру, ішінара денсаулық сақтау саласында ғана қолданылып отыр. Біздің экономикамыздың дамуына бизнестің қатысуының осы түрін барынша азайтқан. Мұның бәрі кездейсоқ емес, себебі ең "майлы" салалар - құрылыс, көлік, энергетика МЖӘ-мен қамтылмаған. Бұл жайдан-жай емес және бұл туралы ашық айту керек. Біздің экономикамызды инвестициялауға қатысуға дайын бизнесмендеріміздің мүдделерін белден басып отыр", - деді ол.
Сонымен қатар, аталмыш жағдайды талдау бойынша жұмыс тобын басқарған Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов 2017 жылдан 2019 жылдың 1 ақпанына дейін 1,5 млрд теңгеге 580 МЖӘ келісім-шарты жасалғанын хабарлады. Талдау қорытындысы құқықтық реттеудің жеткіліксіздігі негізгі проблема болып табылатынын көрсетті. Бұл МЖӘ-ні жылжыту бойынша жұмыста жүйеліліктің болмауымен, әкімдіктердің жұмысында үйлесімділіктің болмауымен, қолданыстағы және жоспарланған жобалардың тиімділігін талдаудың жоқтығымен, өңірлер мен жалпы салалардың проблемаларына салғырт қараумен байланысты.
Ал заңға тәуелді актілерде көзделген МЖӘ туралы Заңның ережелерін іске асыру жүйесі депутаттың бағалауы бойынша жобаларды ілгерілетуді негізсіз сөзбұйдаға ұшыратады. Мәселен, МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларында белгіленген МЖӘ шарттарының схемасы, жобалары бойынша шешім қабылдау жылдарға созылады. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларының ашық емес жүйесі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының себебі болып табылады.
"Жобаларды сараптау мен келісудің ауқымды жүйесі осы шарттарды жасаған кезде де теріс пайдаланушылықтың алдын алуға мүмкіндік бермейді. МЖӘ туралы заңнаманың және салалық нормативтік актілердің сәйкес келмеуі мемлекет пен МЖӘ арасындағы тағы бір тікелей кедергі болып табылады. Шарттар тек қана әлеуметтік салада жасалуы мүмкін, ол инвестициялық тартымды болып табылмайды және көп жағдайда бюджеттен дотацияланады. Іс жүзінде бұл шарттар төлемі кейінге қалдырылған мемлекеттік қарыздың тағы бір түрі болып табылады", – деді мәжілісмен.
Сонымен қатар, Жамалов үкімет 10 жылдан бері МЖӘ-ні мақсатты түрде енгізіп жатқандығына қарамастан, квазимемлекеттік сектор тарапынан әріптестердің өзара іс-қимылына жағдай жасалмағанын және серіктестіктің бұл нысаны іске асырылмағанын атап өтті. Тек бюджет қаражаты жұмсалып жатыр...
Мәдина Мамырханова