Жаңалықтар

27.04.2026

Бизнес-омбудсмен салықтық әкімшілендіруді жетілдіруді талап етеді  

103

2026 жылғы 9 сәуірде Астана қаласында Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Инвестицияларды қорғау жөніндегі алғашқы форум өтті. Форум жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл (КҚҚУ), «Атамекен» ҰКП, ірі отандық және шетелдік бизнес өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жалпы, форум прокуратураның мемлекеттік айыптаушы орган ретіндегі қызметінен инвестицияларды қорғау институтына трансформациялануына арналды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттіктері берілген. Оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті айқындалды, ал өңірлерде инвесторларды институционалдық қорғау функциясын өңірлік прокурорлар жүзеге асырады.

Форумды аша отырып, Бас прокурор инвестор өзін нақты қорғалған сезінуі, құқықтық ортаның ашықтығы мен тұрақтылығына сенімді болуы тиіс екенін атап өтті. Инвесторлардың қызметіне заңсыз араласудың кез келген әрекеті прокуратура органдарының барлық құралдары арқылы тоқтатылатын болады.

Форумның ерекшелігі – Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ералы Б.Б. инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа құралдарды таныстыруы болды. Аталған бастамалар Президент тарапынан қолдау тауып, заңнамалық түрде бекітілетін болады.

Мысалы, инвестициялық жобаға жеке прокурорды бекіту және оның жыл басынан бастап проактивті жұмысы шамамен 600 инвестордың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді, Комитеттің инвестициялық портфелі 12 трлн теңге сомасына 1 мың жобамен толықты. Қазіргі уақытта прокурорлық сүйемелдеуде жалпы құны 96 трлн теңгені құрайтын 2,8 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. «Мобильді прокурор» қосымшасында инвесторлардың жеке бекітілген прокурормен тәулік бойы байланысуына арналған бөлім енгізілуде.

Құқықбұзушылықтардың алдын алуды тиімді қамтамасыз ету үшін прокурорлық сүзгі кеңейтілді. Енді инвесторларға қатысты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан кез келген шектеу шаралары, тексерулер және талап-арыздар прокурормен келісусіз жүргізілмейді. Бұл тетік қазірдің өзінде 1 мыңнан астам негізсіз шешімнің, оның ішінде 450 заңсыз тексерудің, 500 әкімшілік іс жүргізудің және 200-ден астам шектеу шарасының алдын алды.

Цифрландыру аясында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа «Цифрлық қадағалау» жүйесімен интеграцияланды. Бұл «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша жобаның барық кезеңін, туындайтын мәселелер мен мерзімдердің кешігуін бақылауға мүмкіндік берді.

Заңнаманы жетілдіру мақсатында Комитет жанынан мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және халықаралық сарапшылар өкілдерінің қатысуымен Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Сараптамалық кеңес құрылуда. Кеңестің қызметі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тоқсан сайын ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.

Сонымен қатар, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің тиімді алаңы ретінде Дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссия құрылатын болады.

Іс-шараның қорытындысында Бас прокурор мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – шешімдерді жедел қабылдау, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық жобаларды артық рәсімдер мен кідірістерсіз іске асыруға жағдай жасау екенін атап өтті. Осыған байланысты Форум барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады.

КҚҚУ өз сөзінде Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің барлық бастамаларын жан-жақты қолдайтынын білдіріп, ҚР Президентінің Бас прокурорды Инвестициялық омбудсмен етіп тағайындау жөніндегі шешімінің креативтілігін атап өтті. Өйткені қазіргі құқықтық жағдайда прокурорлық қадағалау актілері инвестициялық жобаларды іске асыруға «қарсы» емес, керісінше «қолдау» көрсетуге қызмет еткені маңызды.

Сонымен қатар, КҚҚУ бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді. Соның ішіндегі ең бастысы – инвестициялық жобалар іске асырылғаннан кейін не болады деген сұрақ. Инвесторлар, оның ішінде шетелдік инвесторлар, қазақстандық кәсіпкерлерге айналып, олардың заңды мүдделері кей жағдайларда мемлекеттік органдардың мүдделерімен тоғысады. Мұндайда мемлекеттік органдар бұрын қабылданған шешімдерді негізсіз жойып, іске асырылған жобаларға қатысты заңнаманы еркін қолдануы мүмкін. Осы ретте Бас прокуратура кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда мемлекеттің мүддесін қорғай ма, әлде мемлекеттік органдардың мүддесін басым қоя ма деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдарды кәсіпкерлерге қатысты негізсіз істер қозғауға өзі түрткі болмай ма деген мәселе де көтерілді.

– Кәсіпорын менеджментін олардың меншік құқығы негізінде инвесторлардан оңай ажыратуға болады. Ал кәсіпкерлерді инвесторлардан, соның ішінде шетелдік инвесторлардан ажырату өте қиын, өйткені әрбір кәсіпкер – стратегиялық инвестор. Сондықтан Бас прокурордың Инвестициялық омбудсмен ретіндегі мәртебесі тек инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңімен шектелмей, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен дауларында олардың құқықтарын қорғауға да таралуы тиіс, – деп атап өтті Бизнес-омбудсмен. 

Бас прокуратура мемлекеттік айыптау функциялары мен инвесторлардың құқықтарын қорғау арасындағы объективті мүдделер қақтығысын іс жүзінде еңсеруі үшін, Қанат Нұровтың пікірінше, Бизнес-омбудсмен институты Инвест-омбудсмен институтының қоғамдық бөлігіне айналуы тиіс. Бұл мемлекеттік айыптау функцияларын құқық қорғау бағытындағы функциялармен теңгеріп, инвестициялық жобалар іске асырылғаннан кейін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда Бас прокуратураға жан-жақты қолдау көрсететін еді.

Қазіргі таңда Бизнес-омбудсмен институты мұндай күрделі мәселелерде, атап айтқанда мемлекеттік лауазымды тұлғаларды олардың айқын заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жеке жауапкершілікке тарту, әсіресе кәсіпкерлердің экономикалық құқықбұзушылықтарын артық криминализациялау жағдайларында, тек Бас прокуратураның «ізгі ниетке» ғана сенуге мәжбүр.

Қолданыстағы заңнамада кәсіпкерлік қызметке қасақана кедергі келтіргені үшін мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Алайда оны іс жүзінде жүзеге асыру тетіктері жеткіліксіз, өйткені соттар олардың шешімдерінің күші жойылған жағдайда жеке ұйғарым шығару құқығына ие болғанымен, бұл олардың міндеті болып табылмайды.  

Осыған ұқсас жағдай мемлекеттік органдардың регресс тәртібімен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеуге жұмсалған бюджет қаражатын кінәлі лауазымды тұлғалардан өндіріп алуына қатысты да қалыптасқан. Мұндай регресс талаптары мемлекеттік органдар үшін құқық емес, міндет болуы тиіс.

– Мемлекет мұндай жағдайда мемлекеттік органдарда жұмыс істегісі келетіндердің азаюынан қорықпауы керек. Керісінше, өз әрекеттері мен әрекетсіздігі заңсыз болатынына сенімсіз адамдардың онда жұмыс істемейтініне қуануымыз қажет. Бұдан бөлек, бүгінгі күні мемлекеттік органдарда байқалып отырған әрекетсіздікке бейімділік те жойылады, өйткені заңсыздық тек әрекеттен ғана емес, әрекетсіздіктен де туындайды, – деп өз ұстанымын білдірді Бизнес-омбудсмен. 

Бейнематериалдарға және Бас прокуратураның
ресми баспасөз хабарламасына сілтемелер: 

https://youtube.com/shorts/Jz_9EsjUotA?si=oUxSY0rFEWcgb2U_ 

https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1199382?lang=ru

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі