Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілдері Алматы қаласы мен Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің кеңесшісі Сафарауль Йылмаз Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңір кәсіпкерлерімен бірқатар кездесулер өткізді және кәсіпорындарды аралады. Сапардың негізгі мақсаты – бизнестің өзекті мәселелерін талқылау және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша шешімдер әзірлеу болды.
19 наурыз күні Алматы қаласындағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында кәсіпкерлер әкімшілік кедергілерге, бақылаушы органдардың қызметіне, салықтық реттеуге және экономикалық дауларды тергеуге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, «Бір әлем» инклюзивті мектебі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері білім беру қызметіне лицензия алу барысында елеулі әкімшілік кедергілер бар екенін мәлімдеді. Өтініш иелерінің айтуынша, құжаттарды қарау мерзімдері созылып кетеді, ал уәкілетті органдар тарапынан рәсімдер жеткілікті деңгейде ашық емес, бұл заңды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіреді.
«Patisson» ЖШС-нің (дүкен-бар) директоры бақылаушы органдар тарапынан әкімшілік қысым белгілері бар екенін айтып, тексерулердің жиілігімен және қойылатын талаптардың сипатымен келіспейтінін білдірді.
«Медилэнд» ғылыми-өндірістік фирмасы мен «Sim-Med» ЖШС өкілдері тиісті тізілімдерге енгізілу және НКТ қолдану барысында қиындықтар бар екенін атап өтті. Олардың айтуынша, кәсіпкерлер күрделі әкімшілік рәсімдерге және мемлекеттік органдар тарапынан қойылатын талаптардың жеткілікті айқын еместігіне тап болады.
Қазақстанның Үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілдері де білім беру саласындағы жүйелі мәселелерге назар аударды — нормативтік реттеудің жетілмегендігі, әкімшілік кедергілер және лицензиялау рәсімдерінен өту кезіндегі қиындықтар.
Сонымен қатар, «SN строй» ЖШС директоры еңбек инспекциясы тарапынан әкімшілік қысым фактілері бар екенін хабарлап, тексеру іс-шараларының шамадан тыс екенін атап өтті.
Жекелеген мәселелер блогы қылмыстық және сотқа дейінгі рәсімдер аясында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты болды. Бизнес өкілдері тергеу мерзімдерінің созылатынын және тергеу әрекеттерінің тиімділігі жеткіліксіз екенін жеткізді. Атап айтқанда, мұндай мәселелерді бизнес өкілдері мен «L Capital» компаниясы көтерді.
Талқылау қорытындысы бойынша әкімшілік кедергілердің және кәсіпкерлердің құқықтарының ықтимал бұзылу белгілерінің бар екені атап өтілді. Тиісті құқықтық баға беру және шаралар қабылдау үшін құзыретті мемлекеттік органдарға, соның ішінде прокуратура органдарына, тиісті өтініштер жолдау туралы шешім қабылданды. Аталған мәселелердің қаралуы бақылауға алынды.
Сол күні Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі BSG Invest Qazaqstan кәсіпорнына және Elite Fuel автожанармай құю станциясына барды. Кездесу барысында салық жүктемесі, сондай-ақ мұнай өнімдерін импорттау кезіндегі қиындықтар талқыланды.
20 наурыз күні отандық ПТР-тесттер мен медициналық бұйымдар өндірушісі GeneNote компаниясына сапар ұйымдастырылды. Кәсіпорын басшылығы медициналық өнімдерді тіркеу және реттеуші органдармен өзара іс-қимылға байланысты бірқатар жүйелі мәселелерді көтерді.
Компания өкілінің айтуынша, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығымен өзара әрекеттесу рәсімдері көбінесе елеулі әкімшілік жүктемемен қатар жүреді.
«Компания құрылған сәттен бастап алғашқы тіркеу куәлігін алғанға дейін шамамен үш жыл уақыт қажет болды. Тіркеу рәсімдерінің жоғары деңгейдегі бюрократиялануы және қайталанатын тексерулер отандық өндірушілер үшін елеулі шығындар туғызады және жаңа медициналық бұйымдарды нарыққа шығаруды баяулатады», – деп атап өтті «GeneNote» компаниясында.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы реттеуші рәсімдер оңтайландыруды талап етеді: қайталанатын тексерулерді қысқарту, өтінімдерді қарау мерзімдерінің ашықтығын арттыру және медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту үшін неғұрлым болжамды реттеуші орта қалыптастыру қажет.
Жұмыс сапарының жалғасы ретінде 26 наурыз күні Қонаев қаласында Алматы облысының бизнес қауымдастығымен кездесу өтті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен диалог барысында негізгі назар салықтық әкімшілендіру, салалық реттеу және әкімшілік рәсімдер мәселелеріне аударылды.
Сапар аясында Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі Қазцик ауылындағы BSG Invest Qazaqstan компаниясының мұнай базасына да барды. Кәсіпкерлер мұнай өнімдерін, соның ішінде нафты экспорттау кезінде туындаған қиындықтар туралы хабарлады. Бұл мәселелер логистикалық бағыттардың өзгеруімен және геосаяси жағдай мен әскери іс-қимылдарға байланысты енгізілген шектеулермен байланысты екені атап өтілді.
Сол күні Dolce Pharma фармацевтикалық компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, олар өз қызметіндегі елеулі қиындықтар мен қосымша құқықтық қолдаудың қажеттілігі туралы мәлімдеді.
27 наурыз күні Қаскелең қаласында Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі клиникалық зерттеулер жүргізілетін КДЛ ОЛИМП Алатау зертханалық кешеніне барды. Медициналық бизнес өкілдері салықтық әкімшілендіру, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландыру тетіктері және медициналық қызметті лицензиялау мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақтарды көтерді.
«Алматы қаласындағы «КДЛ «ОЛИМП» зертханалық кешені – еліміздегі зертханалық диагностика саласындағы ең заманауи технологиялармен жабдықталған орталықтардың бірі. Мұнда үдерістер толық автоматтандырылған, әлемдік жетекші өндірушілердің шешімдері қолданылады. Бұл ай сайын жүздеген мың зерттеуді өңдеуге және қаладағы медициналық ұйымдарды дәл әрі жедел диагностикамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай кәсіпорындар денсаулық сақтау саласының заманауи инфрақұрылымын қалыптастырып, медициналық қызметтердің жаңа сапа стандарттарын айқындайды. Сонымен қатар, компания өкілдері салықтық әкімшілендіру мен салалық реттеу мәселелерін көтерді, бұл бағыттар қосымша назар аударуды талап етеді. Біздің міндетіміз – жоғары технологиялық бизнестің артық әкімшілік кедергілерсіз дамуын қамтамасыз ету және оған түсінікті әрі әділ жұмыс жағдайларын қалыптастыру», – деп атап өтті Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі.
Кездесулер қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің өтініштері қарауға қабылданды. Бірқатар мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесіп қосымша пысықтау қажет.
«Мұндай көшпелі кездесулер кәсіпкерлердің пікірін тікелей тыңдауға және бизнестің нақты проблемаларын жергілікті жерде көруге мүмкіндік береді. Олардың көпшілігі құқық қолдану тәжірибесіне — салықтық әкімшілендіруге, лицензиялауға және бақылаушы органдардың қызметіне байланысты. Біздің міндетіміз – осындай мәселелерді жүйелі түрде қарастыруды қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді жоюға қол жеткізу», – деп атап өтті Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі Сафарауль Йылмаз.
Көрсетілген мәселелерді сүйемелдеу бойынша жұмыс Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі тарапынан тиісті салалық мемлекеттік органдарды тарта отырып жалғастырылады. Бұл жұмыс нәтижелері туралы қосымша түрде сайтта хабарланатын болады.





