Жаңалықтар

21.06.2024

Қанат Нұров: «Лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін заңмен бекіту қажет»

961

Бүгін Бас Прокурордың төрағалығымен бизнес пен прокуратура органдарының кездесуі өтті.  Сондай-ақ іс-шараға Қауіпсіздік кеңесінің және ҚР Президенті әкімшілігінің басшылары, Жоғарғы Сот төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, бизнес-қауымдастықтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында бизнес пен инвесторларды қорғау бойынша жаңа тәсілдер, сондай-ақ ҚР Президентінің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында атқарылатын алдағы міндеттер талқыланды.

Бас Прокурор Берік Асылов кездесуді аша отырып, Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы елдің экономикалық әлеуетін кеңейту және инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелерінде жаңа және шешуші шара болғанын атап өтті.

Бизнес үшін артық шектеулерді алып тастау, салық жүктемесін және бюрократиялық кедергілерді азайту тек инвестициялар ағыны мен елдің экономикалық дамуына ықпал етеді.

Дәл осы міндеттерді Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың алдына қойған болатын.

Өз сөзінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Мемлекет басшысы кездесу барысында алға қойған қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі – әкімшілік соттар істердің 70%-ға жуығы бойынша кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарса да, мемлекеттік органдар тарапынан құқықты еркін қолдану арқылы негізделмеген зиянды шешім шығару тәжірибесі бұрынғысынша өзгеріссіз қалып отырғанын атап өтті. Ол мұның басты себебі – лауазымды тұлғалардың мұндай шешім шығарғаны үшін дербес жауапкершілігінің нақты болмауынан екендігін алға тартты. Яғни, бұл олар үшін түкке тұрмайтын нәрсе, олар бұрын қабылданған шешімдер тұрмақ, қолданыстағы шарттарды да кәсіпкерлердің шығындарын өтеу қажеттігін ескермей-ақ біржақты тәртіппен оп-оңай жоя салады.  

Ол сонымен қатар ол қолданыстағы заңнамада (ӘҚБтК-нің 173-бабы) лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін және өзге де кедергі жасағаны үшін дербес әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы көзделгендігін, бірақ, солай бола тұра, бұл норманың  қолданылмайтынына қынжылды. Мұның бәрі, ары кеткенде, заңды бұзған лауазымды тұлғаның ішкі тәртіптік жауапкершілікке тартылуымен аяқталады.

«Сондықтан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске лауазымды тұлғалардың қасақана заңсыз әрекет жасағаны үшін немесе әрекетсіздік танытқаны үшін автоматты түрде әкімшілік және тіпті азаматтық-құқықтық (материалдық), дербес жауапкершілікке тартылатындығы туралы өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, әкімшілік соттар қасақана жасалған заңсыз әкімшілік актілердің күшін жойған кезде осы актілерді қабылдаған адамдарға қатысты жеке ұйғарым шығару құқығына жай ғана ие болып қана қоймай, осы ұйғарымды шығаруға міндетті болуы керек», – деген ұсыныс айтты Қанат Нұров.

Оның пайымдауынша, мұндай өзгеріс кәсіпкерлерге өтемақы төлеуді мемлекеттің есебінен емес, тікелей кінәлі лауазымды тұлғалардың есебінен төлеуді қамтамасыз етеді. Бұл үшін қандай да бір мемлекеттік басқару жүйесінде дербес жауапты тұлға болмаса, онда мұндай лауазымды дереу енгізу керек, өйткені шешімдердің жалған алқалық жолмен қабылдануы атқарушы биліктегі дара басшылық қағидатын жоймайды. Бұл тәсіл сот органдарының қазіргі кездегідей қабілетсіздігін болдырмайды және оларды жергілікті атқарушы органдарға тәуелді қылмайды. Мұның өзі кәсіпкерлер тарапынан болатын өз құқықтарын қорғауға бағытталған өтініштердің санын едәуір азайтар еді.

Кездесу соңында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, «Атамекен» ҰКП, Бас прокуратура және Сыртқы істер министрлігі арасындағы өзара іс-қимыл туралы төрт жақты Меморандумға қол қойылды.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі