Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнеске үміт артып отыр
Ресми бөлімнен кейін президенттер үшін «достық кеші» ұйымдастырылды, яғни дәстүрлі тәжік жеміс пирамидалары арасында серуен ұйымдастырылды. Ал алдағы аптада Орталық Азия елдерінің басшылары АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу өткізеді. Халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың басшылары да іскерлік келіссөздерге қатысады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен қазақстандық кәсіпкерлерге назар аударды. Мемлекет басшысы әділ Қазақстанның экономикалық моделін құру ісіндегі ірі бизнестің жаңа рөлін атап өтті. Ол отандық буржуазия өкілдерін Ақордаға шақырды. «Алмақтың да салмағы бар» демекші ірі бизнестің де ақы төлейтін уақыты келді. Ақшаны экономикаға қайтару керек, және де қаражат экономикада қалуы керек. Мемлекет басшысы бизнестегі алпауыттарға өндірістерге құйылатын инвестиция активтердің пайда болуының заңдылығын дәлелдеу үшін елеулі өтінім ретінде қарастырылатынын ашық айтты. Президент не айтпақ болды және ол ірі бизнестен қандай қадамдар күтеді, біздің тілшілеріміздің материалы осы туралы.
Мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет және сапалы серпіліске дайын болу керек. Отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау үшін қажет нәрсенің бәрін жасауды жалғастыратынын, өз кезегінде олардан өздеріне алған міндеттемелерін орындауды талап ететінін атап өтті.
Басқаша айтқанда, Америка Құрама Штаттарының президенттерінің бірі Джон Кеннедидің «Еліңіз сіз үшін не істей алатынын сұрамаңыз, еліңіз үшін өзіңіздің не істей алатыныңызды сұраңыз» деген сөзін есте сақтау қажет. Бұрынғыша құқық үстемдігі және жеке меншікті қорғау басымдықта болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік аппарат әрбір кәсіпкерді заң бұзушы ретінде қарастырмауы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады, бізге қадағалаудың теңгерімді механизмін құру қажет.
Бүгінгі таңда сот шешімдерінің жартысынан көбі азамат пен бизнестің пайдасына шығарылады. Алайда, кәсіпкерлердің мемлекеттік аппарат жұмысындағы жүйелі қателіктерге байланысты соттарға жүгінуге мәжбүр болуы ел басшылығын алаңдатпай қоймайды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің пікірінше, Президент тарапынан сот жүйесін нығайтуға баса назар аудару - Қазақстан сөзбен емес, іс жүзінде кәсіпкерлер мен мемлекет арасында әділ қарым-қатынас қалыптастырып жатқандығының тағы бір белгісі.
Рустам Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:
- Сот жүйесі елдің иммундық жүйесі тәрізді, біз сотқа жүгінген кезде сот бізді қорғайтынына сенімді болуымыз керек. Сондықтан да біз әділ Қазақстан туралы сөз қозғадық. Бұл бірегей саяси формула, ымыраға келу үшін қандай да бір әлеуметтік шарт жасасу қажет.
Субсидия өз алдына жеке тақырып. Көбіне қармағын салып, балық қабам деген компаниялар өздері қармалып қалып жатады. Субсидия алу үшін ғана құрылатын кәсіпорындар да кездеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев нақты сандарды алға тартты: тек 2015-2021 жылдар аралығында компаниялар мемлекеттен біршама қаражат алған, алынған қаражат мөлшері салық түрінде қайтарылған қаражаттан бір жарым есе көп. Осыған байланысты Президент Үкіметке осы мәселені қайта қарауды тапсырды. Атап айтқанда, компаниялар мемлекеттік көмекті пайдаланып, табысын арттыра алды ма, жоқ па, соны анықтау қажет. Бақылау үшін қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін құру ұсынылды.
Рахым Ошақбаев, экономист:
- Біз 2019 жылы Талап қолданбалы зерттеулер орталығы ретінде зерттеу жүргіздік, барлық қолдау алушылардың дерекқорын жинадық және мемлекеттік қолдау алушылардың 50%-дан астамы өздерінің экономикалық белсенділігін төмендеткенін көрдік. Алматы облысында мынадай жағдай орын алды, бір субъект қонақ үй салмақ болды, бірнеше млрд теңге субсидия алды, соған қарамастан бар-жоғы бір мың теңге салық төледі. Бизнестің белгілі бір бөлігі субсидияға иек сүйеп алған, тәуелді жағдайда көмек күтіп күн өткізіп жатыр. Кейбір компаниялардың кірісінің маңызды бөлігін мемлекеттік қолдау шаралары құрайды, олар осы қолдауларды жылдап алып келеді, дегенмен ШОБ үшін бұл шаралар тиімсіз.
Жақында қабылданған активтерді қайтару туралы заңды Президент Қоғамдық келісім актісі деп атады. Құжат ең алдымен, қаражатты ел активіне қайтару шараларын шоғырландыруға бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаев адал бизнесмендер, шетелдік және қазақстандық инвесторлар қорқатын ештеңе жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент бизнес ірі отандық индустриялық жобаларды іске асыруда маңызды рөл атқара алатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер. Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын, жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнеспен кездесуі кәсіпкерлік саласындағы мәселелер бірлесіп шешілетінін тағы да айқын көрсетті. Ел жаңа экономикалық жағдайға көшіп жатыр, сондықтан да бұл өте маңызды. Өйткені, ірі мұнай кәсіпорындары да, бұрыштағы шағын кофеханалар да, сайып келгенде, өз пайдасы үшін ғана емес, бүкіл елдің экономикалық тұрақтылығы үшін жұмыс істейді.
Авторы: Әнуар Әбдірахманов