Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Прокурорлар инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін болады
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды қадағалау органының қызметкерлері сүйемелдесін деген ұсыныс айтты. Бұл қалай іске асырылатыны туралы сарапшылар Jibek Joly телеарнасындағы «Фокус внимания» бағдарламасында айтып өтті, деп хабарлайды Казинформ» ХАА тілшісі.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов елдегі инвестициялық ахуал қандай факторлармен анықталатыны туралы айтып берді.
«Біз жұмыс барысында бірқатар көрсеткіштерге назар аударамыз, атап айтқанда, кәсіпкерлер өздерінің таза табысының қанша пайызын негізгі құралдарды жаңартуға қайта инвестициялайды. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 47% болса, 2022 жылы 29%. Біз үшін бұл бизнестің болашаққа сенетін-сенбейтіндігінің белгісі. Өз кәсібіне барынша мол қаржы салатын кәсіпкер болашаққа сенеді. Біз мұны бірнеше себептермен байланыстырамыз. ЭЫДҰ-ның соңғы есебін қарар болсақ, халықаралық сарапшылар азаматтық институттар құру керек дейді. Бұл - құқық үстемдігі, Үкіметтің адалдығы, сот әділдігі», - деді Рустам Жүрсінов.
Оның айтуынша, қазір прокурорлардың инвестициялық жобаларды сүйемелдеуіне қатысты талқылаулар жүріп жатыр.
«Президент маған, Бас прокурорға, Үкіметке бір ай уақыт берді. Біріншіден, субъектілер аясын, қандай инвестициялық жобалар іске асырылуы керек, соны анықтап алған жөн. Қазір 873 жоба әзірленіп жатыр. Олар ірі инвестициялық жобаларға жатады. Тиісінше, біз осы жобаларды барынша зерттеп, проблемаларды анықтауымыз керек, сауалнама жүргізуіміз керек. Мысалы, жер берілмейді, инфрақұрылым жүргізілмейді. Проблемалар жергілікті жерде шешіле ме, Республика деңгейінде шешіле ме, соны анықтап, проблемаларды өңірлік және республикалық деп бөлу керек. Біз бизнестің жүйелік мәселелерінің тізілімін жасаған болатынбыз. Онда 800-ден астам мәселе болды. Кері байланыс орнату керек. Кедергілер күн сайын пайда болады», - деді Жүрсінов.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков те осындай бастаманы енгізудің маңыздылығы туралы айтты.
«Шынымен де, ірі жобалардың айналасына әкімшілерді шоғырландырған дұрыс шығар, олар сервистік бөлімді жүзеге асырады, ашықтықты қамтамасыз ету үшін компанияларға өз есептерін, соның ішінде салық есептілігін дұрыс жүргізуге көмектеседі», - деді Ерлан Стамбеков.