Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Жығылғанға жұдырық жұмсайтын кім
Мемлекет пен банктер қарыз компанияларға қатысты оңалту рәсімдерін қолдануға мүдделі емес, деген пікірде қоғам белсенділері.
Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы тұтастай алғанда мемлекеттің кәсіпорындарды оңалту және банкроттық, бизнесті берешектен тазарту саласындағы ойын ережелерін қалай құратынына байланысты. Бірақ әзірге бұл салада заңнама, конкурстық және банкроттықты басқарушылардың мәртебесін анықтау бөлігінде көптеген проблема бар, қоғам қайраткерлерінің пікірінше, олар «банкроттық кезінде кәсіпорынды бөліп алуға тырысатын» құрылымдарға қарсы тұра алмайды. Сонымен қатар, қоғам қайраткерлері мемлекеттік кірістер органдары және ірі несие беруші екінші деңгейдегі банктер компанияларды оңалтуға мүдделі емес деген ойда, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Рейдерлік және сенбіліктер схемасы туралы
ҚР Бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсінов «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңесінің отырысында өз бизнесін екі рет банкротқа ұшыратқан АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Қазақстанда осы рәсімнен өтсе, онда ол ешқашан «жоғарыға» көтеріле алмас еді деп әзілдеді.
«Мен МКК-дегі әріптестерімізді түсінемін: олардың алдында салық жинау міндеті тұр. Бірақ қалай? – деген сұрақ қойды бизнес-омбудсмен. - Банкроттық және конкурстық басқарушылар мемлекеттік кірістер органдары үшін үлкен жұмыс көлемін тегін жасайды, мұны «сенбілік» десе де болады. Егер олар МКК үшін «сенбілікке» қатыспаса, онда екі рет ескерту алады, нәтиже шығармаса мамандықтан айырылады. Кез-келген қарапайым адам бұл салада жұмыс істеуден бас тартатыны анық. Бұл сала зейнеткерлер бизнесіне, қосымша жұмысқа, ал банкроттық рейдерліктің кең таралған схемаларының біріне айналды. Оларды банктер де пайдаланады. Мұны тоқтату керек».
Рустам Жүрсіновтың айтуынша, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңына нақты өзгерістер енгізу үшін осы саладағы өзін-өзі реттеу ұйымдарын дамыту мәселесін шешу қажет.
Банкроттық рәсімінің негізгі мақсаты - борышкердің мүлкі есебінен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру. Бірақ «Жетісу» банкроттық процедуралардағы кәсіби меңгерушілер одағы» ҚБ төралқасының төрайымы Марияш Қабикенованың пікірінше бұл қағида орындалмайды.
«Біз ешқандай өтеу жасамаймыз, өйткені кәсіпорындардың 60%-да актив болмайды. Оларды банкрот деп жариялау туралы шағымдарды сотқа мемлекеттік кірістер органдары береді. Заң бойынша, егер борышкердің мүлкі болмаса, онда функциялар мемлекеттік кірістер органдарына өтуі тиіс. Бірақ бұл қағида жұмыс істемейді, мемлекеттік кірістер органдары әкімшілерді тартады, бұл ретте әкімшілер жалақыларын тек бір жылдан кейін ғана алады, - деп атап өтті Марияш Қабикенова. Біз есептеуімізше әкімшілерге ел бойынша 280 млн теңгеден артық төлем жасалмаған».
Кәсіпорынның тағдырын кім шешеді
Ол сондай-ақ 2013 жылға дейін оңалту саласындағы уәкілетті орган қазіргі кездегідей Мемлекеттік кірістер комитеті емес, бүгінде өз жұмысын тоқтатқан қарызын өтей алмайтын борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет болғанын атап өтті. Бүгінгі таңда бірде-бір мемлекеттік орган берешекті төлеуде қиындыққа тап болған кәсіпорын үшін сауықтыру рәсімін уақтылы ұсыну бойынша мониторинг жүргізбейді.
Заңнамада кәсіпорынды сауықтыруға бағытталған рәсімдер бар, бірақ олар уақытында қолданылмайды, өйткені заңда максималды дауыс беру құқығы қағидаты реттелген, деді Марияш Қабикенова. Кәсіпорын бойынша кредиторлық берешектің ең көп сомасы кімде жинақталған болса, іс жүзінде сол кәсіпорынның тағдырын шешеді. Мұндай құқыққа көбіне екінші деңгейдегі банктер ие. Және олар әдетте қарызы бар компанияны оңалтуға қарсы болады.
Бұл ретте олар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен активтердің бір бөлігін проблемалық кредиттер қоры арқылы сатып алады. Екінші деңгейдегі банктердің проблемалық қарыздарын сатып алу функциялары проблемалық несиелер қорына берілді. Есептерге сүйенсек, оның қызметі тиімсіз, дейді Марияш Қабикенова. Оның пікірінше кәсіпорындарды оңалтудың неғұрлым тиімді рәсімі үшін сауықтыру рәсіміне түскен кәсіпорындарға 6% субсидия бөлетін оңалту банкін құру қажет.
Сонымен қатар, дәл қазір оңалту және банкроттық әкімшілердің, уақытша басқарушылардың мәртебесі мен құқықтары жоқ, деп атап өтті спикер. Қазақстанда банкроттық және оңалту рәсімдері автоматтандырылмаған, ішкі тетіктер мемлекеттік кірістер органдары әкімшілерді борышкерлер бойынша салық есептілігін заңды тұлғалар тізілімінен шығарылғанға дейін ұсынуға мәжбүр етеді. Аталмыш кәсіпорын өз жұмысын тоқтатқан болса да борышкерлердің сауда-саттықта сатылатын мүлкінен ҚҚС төленуі қажет.
«Жетісу» банкроттық процедуралардағы кәсіби меңгерушілер одағы» ҚБ Ұлттық экономика министрлігінің (ҰЭМ) жанынан Үйлестіру кеңесін құруды ұсынды, кеңес құрамына түрлі құрылымдардың өкілдері кірсе құп болар еді. Мақсаты - қиын жағдайға тап болған бизнеске көмектесу, кәсіпкерлік субъектілеріне сауықтыру шараларын қолдану мүмкіндігін ұсыну.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлиұлы мемлекеттік оңалту банкін құру орынсыз деп санайды, өйткені Қазақстанда бәсекеге қабілетті бизнесті қолдайтын көптеген бағдарламалар бар. Бәсекелестікке төтеп бере алмағандарды құтқару тәуелді бизнесті тудыру болмай ма. Мониторинг жүргізу үшін ақпараттық жүйе қажет. Сонымен қатар, жергілікті жерлердегі әкімдіктер өздерінің салық базасын сақтауға мүдделі болуы тиіс, сондықтан ҰЭМ жанынан Үйлестіру кеңесін құрудың қажеті жоқ. Дегенмен ол оңалту және банкроттық туралы заңнаманы жетілдіру керек деген пікірмен келісті.
ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) төрағасының орынбасары Қайрат Миятов МКК атына түсетін шағымдармен келіспейтінін білдірді. Оның мәліметтері бойынша, 2022 жылы оңалту процедураларын 93 салық төлеуші қолданды, олар қарыздарын өтеуде қиындықтарға тап болды. Мұндай компаниялар санының өсуі 24%-ды құрады. 2021 жылы 75, 2020 жылы 52 болды.
«Жыл сайын оңалту рәсімдеріне тартылатын кәсіпорындардың саны артып келеді. Біз өндірістік қуаты бар, штатында жұмыскерлері бар кәсіпорындарды жұмыс орындарын сақтау және салық төлеу динамикасы мақсатында оңалту рәсімдерін қолдануға шақырамыз. 2022 жылы 64 борышкер оңалтуды аяқтады, оның 37-сі рәсімді мақсатқа жетумен аяқталды. Бұл 58%. 2022 жылдың кезеңінде оңалтуда болған кәсіпорындар бойынша 12,6 млрд теңге кредиторлық берешек өтелді», - деді ол.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша Қазақстанда жыл сайын 1,5 мың компания банкроттық рәсімін аяқтайды. 2022 жылы осындай рәсімдердің нәтижесінде кредиторлар алдындағы 30,7 млрд теңге берешекті өтеуге мүмкіндік туды. Қарыздың 14 млрд теңгесі өтелген 2021 жылмен салыстырғанда қарыз сомасын өндіріп алудың екі есе өсуі байқалды. Өтелген берешектің үлес салмағы небәрі 3%-ды құрағанын айта кету керек. Қайрат Миятовтың мәліметінше, қазір Қазақстан бойынша банкроттық сатысында 3300 кәсіпорын бар және биыл олардың жартысына қатысты рәсімдер аяқталады.
Банкроттықты басқарушылардың мәртебесіне келетін болсақ, Қайрат Миятовтың айтуынша, қазір оларды ҚР жаңа Салық кодексі шеңберінде жеке сот орындаушылар, адвокаттар, нотаруастармен ұқсастығына қарай жеке практикамен айналысатын тұлғалар санатына жатқызатын болады. Ал проблемалы кәсіпорындарды бақылау үшін кредиторлық берешектің жай-күйін, қарыздарды төлеу мәселелерін анықтау және тиісті сигналдарды жіберу үшін қаржылық есептілік қажет. Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарына қаржылық есептілік жылына бір рет беріледі. КТС туралы декларациялар, кәсіпорындардың салық берешегінің жай-күйі МКК сайтында тұрақты түрде жарияланады, деп атап өтті Қайрат Миятов. Тұтастай алғанда, мәселе негізгі несие берушілердің пікірін ескере отырып, жан-жақты зерттеуді қажет етеді, деген пікірде ол. Ал негізгі несие берушілер екінші деңгейлі банктер. Бұл ретте Қайрат Миятов мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорындарды оңалту және банкроттық кезінде мемлекеттік бақылау мен кредиторлардың функцияларын біріктіруде тұрған ештеңе жоқ дейді.
«Біз Салық кодексі шеңберінде бюджет алдындағы қарыздарды уақтылы өтеуді қамтамасыз етуге тырысамыз», - деп түйіндеді шенеунік.
ҚР Жоғарғы Сотының мүшесі Марина Боровик Қазақстандағы заңды тұлғалардың банкроттығының тиімділігі жеткіліксіз деген пікірмен келісті, ол қатысушылар үшін көптеген сот дауларын туғызады. Әкімшілердің біліктілігі проблемалық мәселелердің бірі болып табылады.
«Салық берешегі бар борышкерлер жалған кәсіпкерлік қызмет белгіленгендіктен сотқа жүгінген, кәсіпорынды қайта тіркеу жарамсыз деп танылған, кредиторлар мен борышкерлердің үлестестігі, әкімшілердің кредитормен немесе борышкермен үлестестігі бар жағдайлар жиілеп кетті. Көптеген сұрақ туындады», - деді Марина Боровик.
Дағдарысқа қарсы басқарушылар қауымдастығының өкілі Зухра Мұхамеджанова оңалту рәсімінде мемлекеттік бақылаудың қажеті жоқ, ал мемлекет өз құқықтарын қолданыстағы тетіктер арқылы қорғайтын болады дейді. Оның айтуынша, көптеген борышкерлердің өздері оңалтудан бас тартады, өйткені заң бойынша олар өз кәсіпорындарын басқарудан шеттетіліп, кәсіпорынды басқару кәсіпкер болып табылмайтын әкімшілерге беріледі. Оның айтуынша, оңалтуға болатын кәсіпорындарды басқару жөніндегі арнайы субъектіні енгізу қажет. Бұл борышкерге осы кезеңде өз бизнесін немесе өз қызметкерлерін басқаруға мүмкіндік береді.
Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, банкроттық жөніндегі оңалту немесе конкурстық басқарушылар ешқашан тәуелсіз қайраткер болған емес. Оларға әрқашан күш құрылымдары, әкімдіктер әсер етеді.
«Қандай орган құрылса да, ол банкроттық кезінде кәсіпорынды бөліп алуға тырысатын құрылымдарға қарсы тұра алмайды. Банкроттықпен айналысатын адамдар мен ұйымдардың деңгейін көтеру қажет. Таратуды банкроттық процесін басқаратын адам ғана жүзеге асыратынын заңнамалық тұрғыда бекіту қажет», - деген ұсыныс айтты қоғам белсенділері.
«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту комитетінің төрағасы Талғат Доскеновтың пікірінше, бұл жүйелі мәселе. Компаниялар оңалтудан өткенге дейін банкротқа ұшырамауы керек. Ең бастысы - бизнестің аман қалуына мүмкіндік беру керек, дейді ол.
ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов атап өткендей, өз бизнесін жолға қоюға тырысқан мыңдаған кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдауға көңілі толмайды. Олар төлем жасай алмағаны үшін кінәлі де шығар. Бірақ мұндай жағдайдың едәуір бөлігі пандемия жағдайында орын алды, кейбіреулер санкцияларға ұшыраған ресейлік және беларусьтік кәсіпорындармен жұмыс істеді. ҰКП Үкіметке заңнама нормаларын түзетуді ұсынады. Сонымен қатар қоғам қайраткерлері Бас прокуратураға кәсіпорындардың банкроттығы кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тексеруге ұсыныс жібереді.