Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Кәсіпкерлер де қолдау күтеді
Фото: ашық дереккөздерден
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл санап өсіп келеді. Дегенмен өз кәсібін ашқан тұрғындар байып кетті деу қисынсыз, өйткені кейбіреулер күнін көру үшін белгілі бір кәсіппен айналысады.
Егер сіз қазіргі заманғы кәсіпкер міндетті түрде соңғы үлгідегі қара Мерседес пен үш қабатты үйдің иесі деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Кейде адамдар нанын тауып жеу үшін ғана өз ісін ашатын жағдайлар да кездеседі.
...Шымкенттік ерлі-зайыптыларды танимын. Қарт адамдар елордаға жақсы өмір сүру үшін келді. Үлкен мегаполисте, жастармен бәсекелесе алмасы анық еді. Мен айтып отырған жұп та күші тасып тұрған жастармен бәсекеге түсе алмады. Астана маңындағы елді мекендердің бірінен жертөлені жалға алды. Бүгінде бірінші қажеттіліктегі тауарларды сатып алып, кезекпен сауда жасап отыр. Айлық табысы 500 мың теңгеге жетер-жетпес. Бір бөлігі ғимаратты жалдау ақысын және коммуналдық төлемдерді төлеуге кетсе, екінші бөлігі – азық-түліктің жаңа партиясын сатып алуға кетеді. Пайда жоқтың қасы. Олар сол дүкенде тұрады. Дегенмен шағымданған емес.
«Мүлде жоқтан тәуір ғой, аз да болса табысымыз бар», – дейді ерлі-зайыптылар.
ШОБ нысандары иелерінің біразы осындай қағидат бойынша өмір сүреді. Айта кетейік, биылғы жылдың шілде айындағы деректер бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 1 600 791 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға көп.
Амалдап күн көруде
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың айтуынша, біздің елімізде әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқығы бар. ШОБ субъектілері заңнамада тыйым салынбаған бизнестің кез келген түрін жүзеге асыруға құқылы. Ниетіңіз болса, әрекетке көшіңіз, бірақ…
– Әркім кәсіпкер бола алмайды, - деп есептейді бизнес-омбудсмен. - Өйткені, тәуекелге қабілетті және тәуекелге баруға дайын адамдар ғана нағыз кәсіпкер болмақ. Олар сондай-ақ табандылық, өзіне сенімділік, айқындық, икемділік және тепе-теңдік сезімі, қарым-қатынас және сендіру қабілеті сияқты қасиеттерге ие болуы керек. Осының ішінде мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпалын тигізетін үнемі өзін-өзі дамыту қажеттілігіне назар аударар едім. Дегенмен мұнымен іс біте қоймайды. Қалау бір басқа, кәсіпкерліктің қыр-сырына үңіліп, өзіңе жауапкершілік алу бір басқа. Жақсы мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатынына сенгендер бизнесті ашуға қабілетті болады және сәтсіздікке ұшыраймын-ау деген қорқыныш оны тоқтата алмайды. Бизнес-идеяға кез-келген нәрсе әсер етуі мүмкін, бірақ сіз өзіңіздің әлеуетіңізге сүйенуіңіз керек.
Сарапшы атап өткендей, көптеген адамдар кәсіпкерлікпен айналысуға белгілі бір идея пайда болғандықтан емес, табыс табудың өзге мүмкіндігі болмағандықтан айналысады. Өкінішті, әрине. Бұған қазақстандық 2020⁄2021 Global Entrepreneurship Monitor (GEM) баяндамасының мәліметтері дәлел бола алады. Онда екі жыл бұрын қажеттілікке байланысты ерте сатылардағы жалпы кәсіпкерлік белсенділіктің пайызы 2017 жылмен салыстырғанда 17,8-ден 40%-ға дейін өскені айтылған. Бұл жақсы үрдіс емес.
- Мүмкіндіктерге негізделген жаңа бизнес субъектілерінің үлесі 69,5-тен 8,6-ға дейін төмендеді. Бұл факт жоғарыда аталған тенденцияны растайды. Қалыптасқан көрініс елдегі экономикалық жағдайдың нашарлағанын көрсетеді. Мұндай төмен көрсеткіштің себептерінің бірі – пандемия, сәйкесінше, белгісіздіктің өсуі және сұраныстың төмендеуі ықтимал мүмкіндіктер үшін үлкен соққы болды», – дейді Рустам Жүрсінов.
90-шы жылдардағы сияқты, бүгінде кәсіпкерлік өмір сүрудің бір тәсіліне айналды. Бірақ аман қалу құқығы үшін күресу керек қой. Тәжірибе көрсеткендей, ШОБ субъектілері көптеген проблемаларға жиі тап болады.
– 2022 жылдың 6 айында бизнесті қорғау желісі бойынша 3 359 өтініш түсті. Шағымдардың ең көп саны жер қатынастары және сатып алу мәселелеріне қатысты болды. Жер қатынастары саласында кәсіпкерлерде туындайтын проблемалардың ішінде - жергілікті атқарушы органның жер пайдалану құқығын беруден бас тартуы; бос жатқан жер учаскелерін бөлудің ашық еместігі бар, – дейді Рустам Жүрсінов.
Жер учаскелерін бөлу жөніндегі ақпаратты интернет-ресурстарда (ай сайын, ал мерзімді баспасөз басылымдарында – тоқсанына кемінде бір рет) міндетті орналастыру туралы Жер кодексінің 43-бабына 2018 жылы арнайы енгізілген толықтыруларға қарамастан, көбінесе әкімдіктердің жауапты лауазымды адамдары бұл мәліметтерді жасырады.
Салық салу саласына келер болсақ, онда да жағдай мәз емес, мысалы: тексеру рәсімдерін бұзу, олардың нәтижелерімен келіспеу және камералдық бақылау, бақылау шараларының мерзімдерін кешіктіру және әкімшілік жауапкершілікке тарту. Ең жиі кездесетін проблемалардың бірі – атқарылған жұмыстар үшін ақы алудың қиындығы, тауарларды жеткізу, сатып алу келісімшарттары тараптарының мүдделері теңгерімінің бұзылуы, заңнамалық актілердің құқық қолдану практикасы және шарттық міндеттемелердің орындалмауы.
– Осы проблемалардың барлығы мемлекеттік органдардың жекелеген қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттерін орындамайтынын көрсетеді, бұл сайып келгенде шағым тудырады және мәселелерді шешу үшін құзыретті органдардың араласуын талап етеді. Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты өтініштер тізілімде бар. Олар негізінен қылмыстық іс қозғау, сондай-ақ оларды тергеудегі әуре-сарсаңға салу, кәсіпкерлердің шоттарына тыйым салумен келіспеу мәселелеріне қатысты, - деп атап өтті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Оң шешілген өтініштер практикасы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауынан туындағанын көрсетеді.
– Қазір біз Бас прокуратурамен бірлесіп осындай қылмыстық істердің пайда болуына ықпал ететін жағдайларды анықтау бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірақ, елімізде ешкім қылмыстық қудалаудан кейін жабылған бизнес нысандарының санын есептемеген, - дейді сарапшы.
Мораторий жақсы нәрсе ме?
Бүгінгі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қадағалаушы органмен бірлесіп, кәсіпкерлікке нақты кері әсерін тигізетін жағдайларды анықтау үшін Бизнестің жүйелі проблемаларының тізілімін жүргізуде. Барлық мәселелер толығымен шешілгенге дейін осы тізілімде тұрады. Бір жарым жыл ішінде мұндай өңірлік жүйелік проблемалар 100 құраса, ал соңғы айларда 25-тен асты. Олар көбінесе қарызды төлеумен, жолаушыларды тасымалдауға рұқсат берумен, стационарлық емес сауда объектілерінің қызметін реттеумен және тағы басқалармен байланысты.
- Пандемия кезеңінде карантин бойынша мониторингтік топтардың кәсіпкерлердің қызметіне негізсіз араласуының 108 фактісі анықталды. Қадағалау шараларымен бизнеске салынған 30 миллион теңгені құрайтын 130 әкімшілік айыппұлдың күші жойылды, 50 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды. Қадағалау актілері бойынша Бас прокуратурамен санитарлық дәрігерлердің 81 қаулысы қайта қаралды. Бизнес субъектілерінің жұмыс уақытының режимі, рұқсат етілген объектілердің түрлері, азаматтардың елді мекендер ішінде жүріп-тұруы және кәсіпкерлерді тексеру тәртібі бойынша шектеулер алынып тасталды, - деп қосты Рустам Жүрсінов.
-Демек, мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының жарлығына қайшы келетін тексерулерді тағайындау және жүргізу бойынша заңмен белгіленген тәртіпті бұзуға жол бере ме? – деген сұрақ туындайды.
- Құқықтық статистика деректері бойынша 2020 жылы 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шағын және микрокәсіпкерлікті тексеруге мораторийді іске асырудың оң серпіні байқалады. Бизнесті тексеру саны 78%-ға қысқарды, ал шағын бизнес субъектілерін тексеру саны жеті есеге азайды. Бірақ өткен жылы жағдай өзгерді. Керісінше, көрсеткіштердің 19%-ға өскенін байқадық, - дейді Рустам Жүрсінов.
Шағын және микро кәсіпкерлікпен айналысатын қазақстандықтарды қорғау үшін Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері тексеру парақтарын өзгерту және толықтыру бойынша шаралар қабылдады. Бірақ бұған қарамастан, барлық өңірде дерлік заңсыз тексерулер жүргізілгені анықталды. Көбінесе бақылаушы органдар азаматтардың өтініштеріне сілтеме жасай отырып, мемлекеттік бақылау шектерін өз еркімен кеңейткен. Мысалы, Ақтөбе облысында өткен жылмен салыстырғанда жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерудің жалпы саны 40,21%-ға өсті. Ал Шымкентте прокуратура кәсіпкерлік субъектілерін 7 заңсыз тексерудің жолын кесті. Тек қала әкімінің заңсыз өкімі бойынша 11 шағын кәсіпкерлік субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды.
- Жеке және заңды тұлғалардың заңнаманы бұзудың нақты фактілері бойынша өтініштері Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болады, оларды жоймау адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғады. Бизнеске қатысты сыбайлас жемқорлық қысымын төмендету үшін 2021 жылы мемлекеттік бақылау мен қадағалау адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ қорғаныс қабілеттілігі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін ғана жүзеге асырылатыны заңды түрде бекітілген, - деп түсіндірді бизнес-омбудсмен.
Бұл ретте спикер мораторий енгізуден күтілетін оң әсерлер карантиндік шектеулердің (ТЖ, уақыт бойынша шектеулер, келушілер санын шектеу, карантиндік шараларды сақтауға арналған шығындар) және қаңтардағы оқиғалардың (ТЖ, алкоголь өнімін өткізуді шектеу, тонау, ұрлық және вандализм фактілері) салдарынан жойылғанын атап өтті. Сондықтан бизнес-қауымдастық мораторийді ұзарту туралы мәселені жиі көтеруде. Мәселен, «Атамекен» ҰКП-ға Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының, Павлодар облысының, Батыс Қазақстан облысының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының өкілдері осындай ұсыныспен жүгінді.
Мораторий, әрине, жақсы нәрсе, бірақ кейбір кәсіпкерлер осы жағдайды теріс пайдаланып та жатады. Олар тексеру жүргізілмейтінін білгендіктен кейде фискалдық чектер бермейді, тауарларға баға белгілерін көрсетпейді, кейде тыйым салынған жерлерде газ баллондарын толығымен пайдаланады. Сатып алушылар шағым түсіре ме? Жоқ. Статистикаға сүйенсек, мысалы, «Шот-фактураларды жазып беру тәртібін бұзу, сондай-ақ тізбеге енгізілген тауарлардың өткізілуін есепке алу жүйесін бұзу» бабы бойынша 2020-2021 жылдары 3 215 іс қозғалған.
- Кәсіпкерлер тарапынан орын алған ең көп бұзушылық салық салумен байланысты. 16 694 іс «Салық есептілігін, сондай-ақ бақыланатын шетелдік компанияның пайдасын анықтау үшін қажетті құжаттарды ұсынбау» бабы бойынша қозғалды, - дейді спикер.
Екінші орында - мемлекеттік кірістер органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының заңды талаптарын орындамау. Көбінесе жұмыс берушілер қызметкерлер үшін салық төлемейді, елдің зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзады, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылар төлеу міндеттерін атқармайды және т. б.
Бұзуға болмайды, тұра берсін
Жақында Астанадан бірнеше шақырым жерде орналасқан Қосшы қаласында көп пәтерлі үйлердің астыңғы қабаттарында орналасқан дүкендердің қосымша құрылыстарына қатысты нақты шайқас басталды. Шындығын айтар болсақ, кейбір тұрғындар мен сауда орындарының иелері арасындағы дау бір күн немесе бір апта емес, әлдеқайда ұзақ уақытқа созылған.
Кейбіреулер мұндай «қосымша құрылысты» тұрғындардың келісімінсіз салу елдің тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына қайшы келеді дейді. Олардың қарсыластары мұндай шаралар қажет деп санайды. Өйткені қыстың қамын да алдын ала ойлау керек.
Жалпы үйдің аумағын өз бетінше басып алуға қарсы шыққан белсенділер тұрақты түрде жергілікті әкімдік өкілдеріне жүгінеді. Әкімдікте заңсыз салынған ғимараттар бұзылады деп жауап берді. Алайда, қалада және әрбір жеке тұрғын үй алабында ТКШ жұмыс істеп тұрған кезде күнқағарлар мен тамбурларды әркім өз қалауынша жапсырған ондаған объектілерді санауға болады. Мәселе бірыңғай имидждің жоқтығында емес, кәсіпкерлердің белгіленген заң нормаларын сақтамауында болып тұр.
- Мораторийдің енгізілуімен кейбір жеке кәсіпкерлер еркіндікті сезіне бастады, - деп шағымданады қала белсенділері. – Біз бизнестің жұмысына қарсы емеспіз, бірақ заңдылық сақталса дейміз. Сонымен қатар, кеңейтімдердің көпшілігі үй тұрғындарының келісімінсіз салынған.
Рустам Жүрсіновтың айтуынша, астыңғы қабаттарда жапсарлас құрылыс салу үшін үй тұрғындарының, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жалпы дауыс санының кемінде үштен екісінің жазбаша келісімінің электрондық көшірмесін алу қажет. Бірақ бұл өзгерістер кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне әсер еткен жағдайларда ғана орын алады. Бұдан басқа, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ЖАО-дан рұқсат алу қажет.
- Сонымен бірге, қайта құру тірек және қоршау (сыртқы) конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге ғана байланысты болуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Мұндай қайта құру кезінде бастапқы материалдарды алып, жобаларды жобалау мен сараптауды жүзеге асыру қажет, – дейді сарапшы.
Бұл ретте ол бастапқы материалдарды алғаннан және эскизді (эскиздік жобаны) әзірлегеннен кейін тапсырыс беруші оны әкімдікпен келісуді жүзеге асыратынын атап өтті. Өйткені эскиздік жоба объектінің мақсатына, негізгі параметрлеріне, нақты жер учаскесіне орналастырылуына және көшелерді, кварталдарды және тұрғын үй алаптарын салудың сәулет-көркемдік колористикасына сәйкес түс шешіміне қойылатын талаптар кешеніне сәйкес келуі тиіс. Құрылыс процесі сәулет-құрылыс бақылауымен және қадағалауымен сүйемелденеді, ал аяқталған объект ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес пайдалануға қабылдануға жатады. Барлық талаптар орындалған жағдайда ғана құрылыс заңды болып табылады.
Жалпы, бизнес жүргізу - жауапты іс. Бизнес жүргізу барысында заңға қайшы келетін әрекеттерден аулақ болған жөн.
НАСИХАТ ОРКУШПАЕВА