Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен: ҰЭМ бұйрығының күшін жою қажет
Астана. 29 маусым. ҚазТАГ - Қазақстандық кәсіпкерлерді заңдағы «қолданылмайтын» нормамен алдады, деп мәлімдеді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.
«Салық кодексіне енгізілген нормалар әзірге қолданылмағандықтан кәсіпкерлер ҰЭМ бұйрығында өткен күн көрсетіледі деп күтпеген еді. Сонымен қатар он жылдан астам уақыт қолданыста болған тізімнің күші 1 қаңтардан бастап жойылған жоқ. Сонда кәсіпкерлер алданған болып тұр ғой. Егер олар Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін білсе, тиісінше олар есепке алуға сенбейтін еді және осы санатқа жатпайтын тауарларды сатып алмайтын еді», - деді Жүрсінов.
Мәселе 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Салық кодексінің 427 және 428-баптарына енгізілген түзетуде болып тұр, оларға сәйкес импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу көзделген, сондай-ақ тауарлардың түрлері көрсетілген. Түзетулерді іске асыру үшін Импортталатын тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізу қажет болды. Өзгерістер тек 2022 жылдың 31 наурызында енгізілді және 1 қаңтардан бастап күшіне енеді делінген.
Бизнес-омбудсменнің айтуынша, кейбір кәсіпкерлер тіпті салық органдарымен кеңесіп, олардан оң қорытынды алған. Енді міне, қолайсыз жағдайға тап болды. Сатып алынған тауар 1 қаңтардан бастап олар үшін тым қымбатқа түсті.
«Ағымдағы жылдың 31 наурызынан кейін бизнес субъектілеріне қосымша салықтар мен айыппұл санкциялары туралы хабарламалар түсе бастады. Бизнес тағы тығырыққа тірелді. Біз бұл мәселеге қатысты ҰЭМ-ге жүгіндік. Бірақ министрліктен келген жауапқа сәйкес, мәселе жедел түрде шешіле қоймайтын тәрізді. Біздің ойымызша, бұл нормаларға 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап емес, заңға тәуелді актіні қабылдау үшін қажетті мерзімдерді ескере отырып, жаңа тізбенің енгізілуі тиіс екендігі де ықпал етті. Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері реттеу субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс қой», - деді Рустам Жүрсінов.
Ол еліміздің Премьер-Министріне ҰЭМ бұйрығына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға тарату бөлігіндегі оның ережелерін жоюды сұрап хат жолдағанын айтты. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін бұл мәселені Ұлттық экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлкеттік комиссияның отырысына шығару қажет деген пікірде.