Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен: Отандық өнім бәсекеге қабілетті болуы керек
Фото: Руслан Пряников
Рустам Жүрсінов бизнес пен мемлекет ашық диалог құрып, келісімге келсе, нәтиже шығады деген пікірде.
Бүгінгі таңда отандық өндірушілерге мемлекет деңгейінде көрсетілетін қолдау қаншалықты тиімді, импорттық тауарлар мен қызметтерді алмастыру үшін, оның ішінде геосаяси жағдайдың ушығуы аясында қандай шаралар қабылдануда, сондай-ақ елдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін ҚР Үкіметі қандай өзгешеліктерді ескеруі қажет? Бұл туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен әңгімелесті.
- Ағымдағы жағдай Қазақстанның сыртқы нарықтарға қатты тәуелді екенін, сондай-ақ экономиканың шикізаттық бағыттылығын тағы бір көрсетті. Бүгінде мемлекет пен бизнес-қоғамдастық деңгейінде импортты алмастыруға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын білсек деп едік.
- Елестетіп көріңізші, қазір біз шетелден жалпы сомасы 42 млрд долларға түрлі тауарлар, жұмыстар, қызметтер сатып аламыз (осынша қаражат мемлекеттік бюджетке салынған) және олардың барлығы валютаға байланған. Тиісінше, бізде импортқа тәуелділік неғұрлым көп болса, ұлттық валюта да соғұрлым тәуелді болады. Бұл шын мәнінде біздегі инфляция көп жағдайда монетарлық емес, сырттан әкелінетін инфляция екенін көрсетеді. Өз өндірісін дамытқан елдер бұл факторларға аз бейім екені анық.
Қазақстан Үкіметі бір жарым ай бұрын импортты алмастыру бағдарламасын таныстырды. Біз бұл құжатқа сыни талдау жүргіздік және оны әзірлеу сапасы біршама жоғары болуы тиіс деген қорытынды жасадық. Сонымен қатар, осы бағдарламаны әзірлеуге мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ғана емес, бірінші кезекте жеке компаниялар қатысуы тиіс деп ойлаймын. Ол үшін оларды ынталандырып, қандай да бір жалпыұлттық диалог құру қажет.
Мен импортты алмастыру үшін импортты алмастыру қажет дегенге сенбеймін, менің ойымша, бұл жерде терең аналитикалық жұмыс жүргізу керек, өйткені әңгіме бүкіл экономиканы қайта құру туралы болып тұр, оның үстіне нарық сарапшылары арасында бірқатар даулы мәселелер туындауда.
Геосаяси жағдай аясында отандық бизнес біршама әлсіреді, ал іргелес көршілердің жағдайы жақсы. Егер олардың біреуі ертең біздің нарыққа шыққысы келсе, қазақстандық өндірушілер олармен бәсекелесе алмайтыны сөзсіз.
Сондықтан осы тұрғыда импортты алмастыру бастама болуы керек. Сонымен қатар біздің экономикамыздың нысаналы міндеті - экспортқа бағдарлану. Шын мағынасында бізге ішкі сұранысты басқаруды үйрену қажет, қосылған құнның ғаламдық тізбегіне қосылуға тырысқанымыз жөн. Импортты алмастыру жақсы ынталандыру бола алады.
Импортты алмастыру - бұл біздің экономикамыздың протекционизмі екені түсінікті және ол ЕЭО, ДСҰ шеңберінде де көтермеленбейді. Осы себепті біз отандық тауар өндірушілерді, яғни тауар, қызмет немесе адами ресурстарды қолдауға негізделген ел ішіндегі құндылықтарды өсіруге назар аударуымыз керек: «Қазақстандық тауарларды сатып ал. Қазақстандық кадрларды жалда». Бұл ретте оны әртүрлі деңгейлерде: мемлекет, бизнес және тұтынушылар деңгейінде бекіту қажет. Грузия, Армения осылай жасауда. Олардың сөрелерінде батыстық өнімдер өте аз.
- Сізде осы мәселеге қатысты нақты ұсыныс бар ма?
- Әрине, бұл мәселелердің барлығын Мен Үкімет алдында бірнеше рет көтердім.
Мен өңірлерге жиі шығып тұрамын, бізде өндіріс жүріп жатыр, бұл ретте жергілікті өндірушілер тауарларының сапасы импортталғандардан кем түспейді. Бірақ мұнда көп нәрсе тарифтік саясатқа келіп тіреледі. Қазір Қазақстанда шикізатқа көбінесе кедендік баждардың жоғары мөлшерлемелері қолданылады, ал әкелінетін дайын өнімге төмен, және ағымдағы жағдай аясында біздің өндірушілер Орталық Азия елдерінің өндірушілерімен бәсекелестікке түсе алмайтыны түсінікті. Көптеген компаниялар бұл мәселемен тиісті мемлекеттік құрылымдарға жүгінетінін білемін, бірақ неге екені белгісіз, олардың өтінішіне құлақ аспайды.
Бірінші кезекте, тарифтік саясаттағы теңгерімді бұзу қажет. Бұл ретте мемлекеттік органдарда осы мәселеге прагматикалық көзқарас болуы тиіс. Иә, Қазақстанның бұл бөлігінде халықаралық міндеттемелері бар, дегенмен ресейліктер немесе белорустар өз нарықтарын қалай қорғайтынын қараңызшы.
Екінші мәселе бақыланатын Мемлекеттік сатып алуларға қатысты. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың үлесі Қазақстан экономикасының 60%-дан астамын құрайды. Тиісінше, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік/ұлттық компаниялардың, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу нарығының сыйымдылығы 13 трлн теңгеден асады. Менің ойымша, бұл жерде барынша айқындық енгізу қажет, неге импорттық өнімдерге артықшылық беріледі, отандық зауыттар сапасы жағынан одан кем түспейтін аналогтар шығарып жатыр ғой.
Жеңімпазды ең төменгі құн бойынша таңдау қағидатынан алшақтау керек, өйткені бұл тапсырыс беруші үшін де, мердігер үшін де экономикалық тиімділік тұзағы. Сатып алу төмен бағамен болған кезде демпинг арқылы импорт енеді. Әлемнің барлық елдері бұл тәсілден ХХ ғасырда-ақ бас тартқан. Қазіргі уақытта скоринг жүйелері барлық жерде жұмыс істейді, олар жеткізушілер туралы, олардың жұмыс тәжірибесі туралы, беделі туралы ақпаратты жинақтайды.
Содан кейін өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) мәселесіне қайта оралу керек. Қазіргі уақытта оның рөлі тек автокөлік құралдарын кәдеге жарату алабына дейін төмендетілді. Іс жүзінде ӨКМ отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі мемлекеттің жалғыз құралы болып табылатынын түсіну керек, шын мәнінде ол жасырын импорттық баж салығын білдіреді. Әзірге мемлекет отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тиімді тетігін әзірлеген жоқ.
Алдын-ала біліктілік іріктеу де осы тәрізді. Бұл Қаржы министрлігінің есептеуінше, салық жүктемесінің коэффициенті ғана емес, импорттаушылар үшін кедергі болатын шара, тіпті, жеткізушілердің рейтингтері десек те болады.
Тағы бір ашық мәселе - жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ны өндіру шығындарының 1% мөлшерінде қаржыландыруы. Не үшін екенін түсіне алмадым. Менің ойымша, бұл масылдық. Бұл шығындар тау-кен өндірісінен ажыратылмауы тиіс, оның ішінде олар импортты алмастырудың ҒЗТКЖ-на бағытталуы тиіс.
Сонымен, егер мен жоғарыда айтқан барлық нәрсені импортты алмастыру бағдарламасы аясында үйлестірсек, онда бұл отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тауарлар мен қызметтерге қатысты статистиканы үнемі жүргізіп отыру керек, біз нені және қанша мөлшерде алмастыра аламыз және қаншалықты жылдам жасай аламыз. Егер біз орта мерзімді перспектива туралы айтатын болсақ, онда біздің институттарымыздың бүкіл әлеуетін іске қосуымыз керек.
- Сіз бұл мәселелерді Үкімет алдында бірнеше рет көтергеніңізді айтып өттіңіз, ешқандай ілгерілеушілік болған жоқ па?
- Жоқ, ілгерілеушілік бар, бірақ үздік нәрсе жақсының жауы болатыны белгілі ғой.
Біздегі қалыптасқан жағдай мынадай: мемлекеттік орган жазады, кәсіпкерлер қарсылық білдіреді. Ең жақсы нәтиже мемлекет пен бизнес келіссөздер үстеліне отырып, барлық проблемаларды бірге талқылаған кезде ғана қалыптасатынын барлығы түсінген кезде болады. Жер қойнауы туралы кодекс осылай жасалды және менің ойымша сәтті болды.
- Қалай ойлайсыз, ең алдымен қай салада экспорттық әлеуетті күшейту қажет?
- Мүмкіндігінше барлық салада. Шын мәнінде бізді ешкім күтіп отырған жоқ, бару керек, байланыс орнату керек, әр елмен тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын бөлек пысықтау керек.
Бірақ, ең алдымен, біз «үй тапсырмасын» орындауымыз керек, бүгін не өндіре аламыз және ертең не істей аламыз, яғни басқарылатын сұранысты анықтау маңызды. Содан кейін ғана нақты қандай да бір жоба үшін инвестиция тартып, зауыттар салу қажет. Бір-екі келісімшартқа бола зауыт салып, оны іске қоспаймыз ғой.
Жалпы, мен химия, АӨК, металл өңдеу өнімдерін экспорттауда әлеуетті көріп отырмын.
- Сіздің ойыңызша, инвестиция қай тараптан құйылғаны дұрыс, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан ба, әлде шетелдік компаниялар тарапынан ба?
- Бізде ішкі инвестициялардың әлеуеті зор, біз оны әлі күнге дейін толық көлемде іске асырған жоқпыз.
Сыртқы инвестицияларға келетін болсақ, шетелдік инвесторларға кем дегенде орта мерзімді перспективада ойынның барлық ережелері түсінікті болуы керек. Инвесторлар өздерін жайлы және қауіпсіз сезінсе ғана инвестиция салады. Сондықтан біздің саясатымыз дәйекті болуға тиіс. Бүгінде біз ертең қандай салық ставкалары күтіп тұрғанын білмейміз. Мысал келтірейік: жақында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қыздырылған темекіден жасалған бұйымдарға акцизді 2 есеге арттыруға шешім қабылдадық. Неліктен маусым айында, неге келесі жылдан бастап, есептеулер қайда? Тұрақсыз жағдайда инвесторлар өздерін қалай сезінетіні белгісіз. Мұндай фактілер өте көп, фискалдық саясат, тарифтік саясат, бюджет саясаты және ақша-кредит саясаты.
3-5 жылға нақты бағдар белгіленген кезде ғана ақшаны қайда, не үшін салып жатқанымызды, үш-бес жылдан кейін қандай бизнес-ахуал қалыптасатынын түсіне аламыз.
Авторы: Меруерт Сәрсенова