Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
ҚР Жоғарғы Соты шешімді «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-нің пайдасына шығарды
Фото ашық дереккөзден алынды
ҚР кассациялық сатыдағы Жоғарғы Сот алқасы «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-не төленген субсидияны негізді деп таныды.
2020 және 2021 жылдар ішінде компания екі рет қылмыстық тергеуге тартылды, себебі – негізсіз субсидия алған. Компания 2021 жылғы мамырда Бас прокуратураға жүгінгеннен кейін, МФТ-ның субсидия алу мәселесін Бас прокуратураның арнайы прокуроры толық зерттеді және 2021 жылғы шілдеде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты екі қылмыстық тергеу тоқтатылды.
Алайда, 2021 жылдың қыркүйегінде Алматы облысының прокуроры Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық сотына «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-нен 498 900 000 теңге мөлшерінде негізсіз берілген субсидияны өндіріп алу туралы талап арыз берді.
МФТ өндірістік қуаттылықты құруға, атап айтқанда бүкіл кәсіпорынды басынан бастап тұрғызу үшін субсидия алғанына қарамастан, ЖШС-н әуре-сарсаңға салу тоқтай қоймады.
2022 жылғы 12 сәуірде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл компанияның құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін МФТ-нің 2022 жылғы 15 наурыздағы Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы ұсыныс енгізу туралы өтінішхатына Жоғарғы Сотқа толықтыру берді.
2022 жылғы 15 сәуірде Алматы облысы Әділет департаментінің Қапшағай қаласының сот актілерін орындау жөніндегі ауданаралық аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Р.С. Бұхпантаева (бұдан әрі – сот орындаушысы) МФТ-нан мемлекеттік бюджетке 498,9 млн. теңге мөлшерінде субсидия және мемлекет кірісіне 14,9 млн. теңге сомасында мемлекеттік баж өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғады.
Сот актісін орындау барысында сот орындаушысы компанияның құны 30 млрд. теңгеден асатын жылжымайтын және жылжымалы мүлкіне тыйым салды, сондай-ақ бірінші басшыға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына шектеу қойды. Сот актісі ҚР Жоғарғы сотына шағымдану сатысында болғанына қарамастан осындай жағдай орын алды.
Ал шоттарға тыйым салынса бүкіл кәсіпорынның қызметі бір мезетте тоқтайды.
Сондықтан 2022 жылдың 19 сәуірінде бизнес-омбудсмен ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Ж. Қ. Асановтың атына сот шешімінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтініш жіберді.
2022 жылғы 14 маусымда «Атамекен» ҚР ҰКП заңгерлері «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-нің ҚР Жоғарғы Сотының кассациялық алқасының өтінішін қарау кезінде жауапкер жағында үшінші тұлға ретінде қатысты. Қарау нәтижелері бойынша өтініш толық көлемде қанағаттандырылды.
Кассациялық сатыдағы Жоғарғы Сот алқасы төленген субсидияларды негізді деп таныды.