Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес өкілдері Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептерін атады
Сурет ғаламтордан алынды
Бизнес өкілдерінің пікірінше, сыбайлас жемқорлықтың негізгі алғышарттары - бәсекелестіктің төмен деңгейі, мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейінің жоғары болуы, онсыз да шектеулі ресурстарды, соның ішінде субсидияларды бөлу кезінде «шөміштен қысу» және бюрократия.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың айтуынша, қазақстандық бизнесмендер сыбайлас жемқорлықтың себептерін көріп отыр. Олардың тұжырымдары көптеген зерттеулермен расталады.
Кәсіпкерлер арасында сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша сауалнама 2017 жылдан бастап тұрақты жүргізіліп келеді. Сауалнамаларға 6 мыңға жуық адам қатысты. 70 терең сұхбат жүргізілді.
Жылда жер қатынастары (сыбайлас жемқорлық жағдайларының жиілігі - 50%), құрылыс (43%), АӨК (40%), кеден (26%), көлік (25%), экология (24%), мемлекеттік сатып алулар (21%) сияқты салалар көшбасшы болады.
Пандемияның өз ерекшелігін енгізді, респонденттер қазір сыбайлас жемқорлыққа бейім органдарға СЭС, полиция және салық органдарын жатқызуда. Бұл мониторингтік топтардың қызметіне және ЭШФ АЖ-ға кіруді бұғаттауға байланысты.
Сауалнамаға сәйкес, көбіне сыбайлас жемқорлықтың туындауына мұрындық болатын мемлекеттік қызметкерлер. Одан кейін делдалдар мен кәсіпкерлердің өздері.
– Жер қатынастары және АӨК салаларындағы проблема - бос жатқан жер учаскелері туралы ақпараттың қолжетімсіздігі немесе дерекқорлардың толық болмауы, – деп хабарлады бизнес-омбудсмен. - Субсидияларды бөлу ашық емес, процеске көптеген тараптар, соның ішінде бизнес те тартылған. Біз бұл мәселелерді бірнеше рет көтердік. Жер мәселесіне қатысты қызметтерді цифрландырып, тізілімдер мен кадастарларға тексеріс жүргізіп, интеграцияласа бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз.
Оның айтуынша, бұл салада соңғы ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялауды енгізген АӨК саласындағы экспорт бойынша көшбасшы Түркияның оң тәжірибесін пайдалануға болады.
Кеден саласында сыбайлас жемқорлықтың негізін айналы статистика мен көлеңкелі импорт құрайды. 2021 жылдың 9 айында 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алшақтық көлемі 24,2%-ға немесе 0,8 млрд долларға өсті! Бұл ретте көлеңкелі импорттың көлемі 2020 жылы 5,1 млрд долларға бағаланады.
Сатып алу саласында аффилирлену, бір күндік фирмалар, алдын-ала біліктілік институтының дамымауы тәрізді проблемалар бар. Төмен бағаны таңдаған кезде тапсырыс беруші мен мердігер «мәміленің экономикалық тиімсіздігінің тұзағына» түседі. Бұл екі тарап үшін де әрі қарай проблема тудырады.
Рустам Жүрсінов мұндай жүйеден арылу керек деген сенімде. Ең үздік әлемдік тәжірибе мынаны көрсетеді: жеңімпаздарды таңдау неғұрлым экономикалық тиімді қатысушының критерийі негізінде жасалады (МЕАТ жүйесі – Most Economic Advantageous Tenderer). Қазір бизнестің ұсыныстары талқылануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы құрылды, ол барлық реттелетін сатып алулар туралы ақпаратты жинайды және оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет белсенді пайдаланады. Алты сатып алу алаңының периметрінде 2021 жылы жалпы сомасы 11,2 трлн теңгеден асатын 1 млн 662 мыңнан астам шарт жұмыс істеді. Бизнес тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің 100 мыңнан астам түріне қол жеткізе алады.
- Сыбайлас жемқорлық белгілерін анықтау үшін қызметтер әзірленді - жоғары бағалар, аффилирлену, сатып алу тәсілдері және т.б. Тек алдын алу режимінде 46 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделді (жобаны 2020 жылы іске асыру басталғаннан бері). Бюджетті жоспарлау кезеңінде-ақ жоғары бағалар белгіленетіні басты проблема болып тұр. Біз Қаржы министрлігі мен «Самұрық-Қазынаға» болжамды шығыстардың негізділігін мониторингтеу үшін портал құралдарын пайдалануды бірнеше рет ұсындық. Алайда, олар қызығушылық танытуға, қолдау көрсетуге асығар емес, - деп атап өтті бизнес-омбудсмен.
2021 жылдың 1 шілдесінде «Бизнес-серіктестер тізілімі» жүйесі іске қосылды. 40-тан астам параметрлер негізінде ол сол немесе өзге контрагенттің жалған шот-фактураларды жазып берумен мәмілелерді пайдалануы ықтималдығын айқындайды. Ресейде мұндай жүйені 2011 жылы енгізгеннен кейін бір күндік фирмалар саны алты есе азайды. Қолма – қол ақшаны алу комиссиясы, орталық банк мәлімдегендей, үш есе, ал кейбір жағдайларда бес есе өсті (25% дейін).
Қазіргі уақытта ҚР ҰЭМ-мен бірлесіп Салық кодексіне тиісті сақтық қағидатын және оны қолдану тетігі бойынша түзетулерді енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, тиісті заң жобасы әзірленді.
– Қазір жаңа реттеушілік саясат енгізілуде. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы пилоттық жоба бизнеске қойылатын 1 686 талаптың 41%-ы базалық шарттарға сәйкес келмейтінін көрсетті. Біздің ойымызша, барлық ережелер мен талаптарды түбегейлі қайта қарау қажет. Реформа жүргізу ұдайы бақылауда болуға тиіс. Өзін-өзі реттеуді дамытуға, мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруге баса назар аудару қажет, - деп есептейді Рустам Жүрсінов.
Сонымен қатар, ол өзін-өзі реттеуге көшу бойынша ынталандыру шаралары жоқ екенін, оны дамыту бойынша бағдарламалық құжат жоқ екенін атап өтті. Сондықтан кәсіби өзін-өзі реттейтін ұйымды (ӨРҰ) дамыту жөніндегі ұлттық жоспар қажет.
2021 жылғы желтоқсанда заңнамада 2018 жылы «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған Ұлттық кеңестің мәртебесі (ҰКП туралы заңда) бекітілді. Оның құрамына жетекші сарапшылар, IFC, АХҚО, KASE, қаржыгерлер қауымдастығының, консалтингтік фирмалардың және басқалардың өкілдері кірді. Корпоративтік басқару кодексі, Мемлекет қатысатын компанияларда және мемлекеттік емес компанияларда Кодексті қолдану бойынша басшылық, тәуелсіз директорлар үшін басшылық және өзге де құжаттар әзірленді. Биыл отандық компанияларда Корпоративтік басқару қағидаттарын іске асыру үшін Үкіметпен, сондай-ақ Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігімен келісім жасасу жоспарлануда.
Рустам Жүрсінов атап өткендей, жоғарыда аталған барлық мәселелер, соның ішінде корпоративтік басқару бойынша мәселелер қандай да бір дәрежеде бизнестің ұсыныстарын қамтиды. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасында да жеткілікті дәрежеде ескерілген.
АВТОРЫ:
Марина Демченко