Жаңалықтар

07.04.2021

Кәсіпкерлер әлі де қолдауға зәру

577

Кәсіпкерлерге қажет қолдау шаралары атап көрсетілді

Кәсіпкерлерге кейінге қалдыруды емес, бірқатар салықтарды төлеуден толық босатуды ұсыну қажет.  Сарапшылар LS-пен әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмасына түсініктеме берді. Сондай-ақ, олар елімізде тағы қандай шаралар қабылдау керектігімен бөлісті

"Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темірдің пікірінше, бірінші кезекте еңбекақы төлеу қорынан төленетін төлемдерден босатылғанын атап өткен жөн.

Бұл шараны былтырғыдай тек 29 салаға ғана емес, ауқымын кеңейтіп, өзге де салаларға тарату қажет. Сарапшының айтуынша, ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат етілген, бірақ оған мүмкіндігі болмағандарды қосу керек.

"Бірінші кезекте вокзалдарда, әуежайларда орналасқан қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, сондай-ақ жол бойындағы сервис қызметтері туралы сөз болып отыр. Шын мәнінде, вокзалдар мен әуежайлар жолаушылар тасымалы үшін біраз уақыт жабылды. Яғни аталған қызмет көрсету нысандары жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл мектеп асханаларына, ауруханалардағы дәріханалар мен асханаларға, пайдаланушылардың кең ауқымы үшін жабық нысандардағы басқа дүкендерге де қатысты", – деді Темір.

ЕТҚ төлемдерінен басқа, КТС төлеу бойынша кейінге қалдыруды ұсынуға және ҚҚС қайтару рәсімін жеделдетуге болады, деп қосты сарапшы. Сонымен қатар, Темір жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған салалар үшін көлік пен жылжымайтын мүлікке салынатын салық мәселесін де қозғады.

"Тасымалдаумен айналысатындарға да айтарлықтай шектеу қойылды. Тиісінше, оларды көлік салығын төлеуден босату қажет немесе оны төлеуді кейінге қалдыруды ұсыну керек. Қызметі айтарлықтай шектелген немесе толығымен жабылған объектілер үшін мүлік салығы бойынша да осындай жеңілдікті қарастырған жөн", - дейді Шыңғыс Темір.

Кейінге қалдыру аталған салықтарды кейін төлеуді білдіретіндіктен, ҰКП басшысының орынбасары одан босатуды талап етеді.

Президенттің тағы бір тапсырмасы – несиелерді кейінге қалдыруға қатысты Шыңғыс Темір мына мәселеге тоқталып өтті.

"Ұсыныс, әрине, жаман емес, дегенмен кімнің сырын кім білген. Көптеген кәсіпкерлер өткен жылы бұл кейінге қалдыруды қолданғанын, ал төлем мерзімі жақындаған кезде ай сайынғы төлем мөлшері артқанын айып шағымданды, бұл, әрине, дұрыс емес. Сондықтан біз ай сайынғы төлем сомасы өсіп кетпеуі үшін кейінге қалдырылған кезде төлем кестесін ұзартуды ұсынамыз. Кейінге қалдыру барысында осы қарыздар бойынша пайыз мөлшері өспеуі тиіс", - деп пікір білдірді сарапшы.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер бизнес қажеттіліктері үшін тұтынушылық несие алған жағдайлар болған. Осыған байланысты олар кейінге қалдыру бойынша көмектен қағылған. Егер қарыз алушы қаражаттың кәсіпкерлікте пайдаланылғанын дәлелдей алса, осы несие түрі бойынша да аталған шараны ұсыну қажет деген пікірде Темір.

"Сонымен қатар, біз шектеулердің салдарынан тұрып қалу орын алған объектілердің қызметшілері демалысқа жіберілгендіктен әлеуметтік төлемдер мүмкіндігін енгізуді ұсындық", - деп жалғастырды "Атамекен" басшысының орынбасары.

Пандемия кезіндегі кәсіпкерлерді қолдау шараларының бірі коммуналдық төлемдер мен жалдау шығындарын өтеу. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге көмек қолын созған жалға берушілер де қолдауға мұқтаж. Бұдан басқа, карантинді бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін төмендету және мониторингтік топтардың жұмысын ретке келтіру ұсынылады.

Темір сондай-ақ Тоқаевтың салықшылар тарапынан қысым көрсету шараларын тоқтата тұру туралы тапсырмасы туралы да айтты. Сарапшының айтуынша, фискалдық органдар жоғары тұрған құрылымдардың тиісті жарлықтарынсыз әрекет ете алмайды.

"Салық қызметкерлерінің белгілі бір міндеттері бар. Егер үкіметтен өз міндеттемелерін орындамайтын салық төлеушілерге қысым көрсету тетіктерін қолданбауға мүмкіндік беретін қандай да бір құжат түспесе, онда олар салық төлеушілерге көмек қолын соза алмайды. Олардың автоматты түрде қамауға алатын ақпараттық жүйесі бар. Сондықтан Мемлекеттік кіріс департаменттері үшін нақты жарлық қажет, олар осы жарлықты негізге ала отырып айыппұл салудан, талап-арыз бен хабарлама жіберуден және ең бастысы, қарызды өндіріп алу үшін жазалау шараларын қолданудан бас тартар еді", - деді Темір.

Сонымен қатар, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов ҰКП-ның бизнесті қолдаудың барынша талап етілетін шаралары туралы деректерін келтірді. Бұл еңбекақы төлеу қорынан, КТС, ҚҚС, мүлік, көлік құралы және жер салықтарынан төлемдер бойынша кейінге қалдыру.

Жүрсіновтың пікірінше, кейінге қалдырылған салықтар мен жарналарды төлеуге неғұрлым көп уақыт берілсе жөн болар еді.

"Бизнеске белгілі бір уақыт ішінде кейінге қалдырылған соманы тең бөліктермен төлеуге мүмкіндік беру керек. Бизнестің әр саласына ерекше мән беріп, соған орай әрекет етуге тиіспіз. Әрине, алдымен ең көп зардап шеккен салалардағы ШОБ-қа артықшылық беру қажет. Кәсіпкерлер кейінге қалдырылған салықтарды төлеу керек екенін жақсы түсініп отыр. Олар да кейінге қалдырылған салық төлемін кешіктіруге мүдделі емес", - деп атап өтті Жүрсінов.

Сарапшы Тоқаевтың салық қызметкерлері тарапынан мәжбүрлеу шараларын тоқтата тұру туралы тапсырмасын да қолдады.

"Халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс та төмендеді. Осы қиын кезеңде бизнесті қолдау орынды деп санаймын. Салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру айтарлықтай жақсы қолдау болмақ. Онсыз да тұралап қалған бизнесті тығырыққа тіремейік. Бұл қолдаудың тиімділігі айқын. Пандемия қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді ғой. Сондықтан бұл шара қаншалықты қажет болуы мүмкін екенін де дөп басып айту қиын", - деген пікірде Жүрсінов.

Ол сондай-ақ ҰКП деректерін келтірді, оған сәйкес 2020 жылғы 1 наурыздан бастап 2021 жылғы 1 наурызға дейін елімізде 174 853 ЖК және 28 373 заңды тұлға жабылған.

Әліби СӘРУАР


Ақпарат көзі: https://lsm.kz/mery-nalogovoj-podderzhki-biznesu-eksperty
© LS

                                           

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі