Жаңалықтар

21.03.2021

«Заң тегеурінді болсын десек, тұғырын мықтау қажет» - Рустам Жүрсінов

954

Қазақстан бизнес-омбудсменінің Atameken Business телеарнасындағы сұхбаты.

Atameken Business телеарнасының эфирінде қазынашылық органдар бизнестің құқығын қалай бұзады, кәсіпкерлікті реттеу саясатын реформалау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр және өзінің KPI туралы ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов айтып берді.

- Рустам Манарбекұлы, сұхбатымызды сіздің "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Жоғарғы Сотының салық жүйесінің жұмысы туралы бірлескен форумында жасаған соңғы мәлімдемеңізден бастасам деп едім. Осыдан кейін сіз Facebook-те пост жаздыңыз. Сол посттан үзінді келтірсем: "Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сөз қозғалса, салық органдары бизнеске қысым жасаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады".  Осы мәселеге қатысты нақты ойыңызды білсек?

- Мәселені әріден қозғайық. Төрт жыл бұрын жалпыға ортақ қоғамдық ымыраға қатысты жалған кәсіпкерлік туралы 215-бап қылмыстық сипаттан арылтылды. Адал бизнесмендер, салық төлеушілер қылмыстық қудалауға түскені туралы қандай дау-дамай болғаны естеріңізде шығар. Мәселе шешімін тапқандай болып көрінген. Бірақ іс жүзінде біздің фискалдық органдар жаңа құралдарды, жаңа әдістерді ойлап таба бастады. Атап айтқанда, заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп тану. Оның үстіне, бұл ретроспективті түрде өткен шақта іске асырылды. Өзіңіз ойлап көріңізші, бес жыл қатарынан жұмыс істеп келген компанияның тіркеуін кенеттен жарамсыз деп табады.

- Бұл салық органдарының талабы ма?

- Салық органдарының талап арызы бойынша. Бес жыл ішінде қаншама келісімшарт жасалған жоқ па. Ал енді заңды тұлғаның тіркелуін заңды түрде жарамсыз деп тану нені білдіреді? Заңды тұлға болмаған-мыс, компания болмаса жасалған келісімшарт та болған жоқ, жеткізілім де болған жоқ.

– Яғни барлық мәмілелер толық қайтарылды ма?

- Осы мерзім ішінде барлық контрагенттер бойынша мәмілелерді толық екі жақты қайтару жүргізілді. Өткен үш жыл ішінде бізге түскен өтініштер саны айтарлықтай көп болды. Әрине, Азаматтық кодексте заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату деген бар. Бірақ салық органдарынан басқа еңбек ұжымы, несие берушілер, банктер бар ғой. Олар не істемек? ҚР Жоғарғы Соты біздің өтінішімізге құлақ асты және тиісті нормативтік қаулы қабылдау арқылы нақтылық енгізді. Тағы бір жыл өтті, мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арыз түсіп жатқандықтан, сотқа шақыру көбейді. Егер 2018 жылы мұндай шағымдар 600 болса, 2019 жылы 3600 болды. Бес есе өскен. Сонымен қатар, бұл салық салу принципіне қайшы келеді.

- Сіз кәсіпкердің кінәсіздік презумпциясы туралы айтып тұрсыз ғой...

- Адалдық презумпциясы - бұл саяси ерік, салық салу принципі, оған сәйкес мемлекет: "Мен салық төлеушіге сенемін, декларацияда көрсетілген ақпаратқа сенемін" дейді. Салық төлеуші оны құжатпен растауы тиіс, яғни, келісімшарт, шот-фактура, шот, төлем құжаттары болуы керек. Егер мемлекет заңды тұлғаға сенбейтіндей жағдай туындаса, салық әкімшілігінде барлық жазалау құралдары бар. Мысалы, тексерулер – тақырыптық, қарымта. Тізбек бойынша тексеруді бастап кетуге болады. Дегенмен, көбіне бұлай болмайды. Ал бизнес неге ашынып отыр? Бірінші кезекте қандай өтініш түседі? Камералды бақылау формасы. Жалпы, мен Мемлекеттік кірістер комитетінде заңгер болып жұмыс істеген кезде біз камералдық бақылауды ойлап тапқан болатынбыз. Сондағы мақсатымыз не еді? Салық төлеушімен байланысты азайту. Біз салық жүйелерін тексереміз. Егер осы ақпараттық жүйелер бойынша қандай да бір сәйкессіздік, іркіліс орын алса, біз салық төлеушіге хат жазамыз және "Біз жүйе арқылы сәйкессіздікті көріп отырмыз. Түсіндіріп, анығын айтыңыз" деп сұраймыз. Егер салық төлеуші келіссе, ол декларацияны түзетеді. Егер келіспесе, ол бізге негіздемемен жауап жазады: "Ақпараттық жүйеде ақау бар сияқты, мәлімет толық енгізілмеген болар". Міне содан кейін ғана салық органдары тексеруге шығады. Біз қарым-қатынасты барынша азайтып, нақты жұмыс жасаймыз. Камералық бақылауды енгізгенде біз осыны негізге алған болатынбыз. Дегенмен бүгінде бәрі кері кетті. Камералдық бақылау іске қосылады, ақпараттық жүйелерді бақылайды, хабарлама жібереді. Егер кәсіпкер хабарламаға жауап бермесе, бірден есепшотын қамауға алады. Менің ойымша, бұл мүлдем дұрыс емес, мұндайға жол беруге болмайды. Олар тексеруге шығуы керек.

Яғни, мынадай жағдай қалыптасады. Сіз бен біз контрагентпіз делік. Мен салық декларациясын тапсырдым. Сіз менің жеткізушімсіз, маған құбыр жеткізесіз. Бізді бақылап отырған салық органы: «Қанат Ақылбайұлының еңбек ұжымы жоқ, оның еңбекақы төлеу қоры бойынша декларациялары нөлдік, автокөліктері жоқ, автокөлік салығы төленбейді. Менің ойымша, бұл жерде ешқандай мәміле жасау болмаған» деп сотқа жүгінеді. Дегенмен, сізде аутсорсинг болуы мүмкін, қосалқы мердігерлік болуы мүмкін. Бізде ірі-ірі холдингтер бар. Мысалы, BI Group - бұл тұтас кондоминиум. Бұл сіздің басқарушылық шешіміңіз. Тиісінше біз былай дейміз: "Алдымен Қанат Ақылбайұлын тексеру қажет. Осыдан кейін актілер жазып, қосымша есептеу жасауға болады".

- Бұл проблема неден шықты? Бұл заңнамалық жетілмегендік пе, әлде салық органдарының орындалуы тиіс жоспары бар ма? Коронакризис жағдайында, бюджетке түсім жеткіліксіз болған кезде салық жинау керек пе? Себебі не?

- Бұл Молдованың тәжірибесі. Заңнамалық мәселе де, сот тәжірибесі де. Біз бұл мәселені 15 наурызда талқыладық. Жоғарғы Сот жоғарғы сот органы ретінде өз ұстанымын білдіріп, бағыттауы керек... Олардың мүмкіндіктері бар, өйткені нормативтік қаулылар заңнамаға, нормативтік актілерге теңестіріледі. Біз Ресей Федерациясындағы әріптестеріміздің іс-әрекетін мысал ретінде келтірдік. 2006 жылы олар: "Құрметті әріптестер, егер бұл негізсіз салық пайдасы болса, сіз тексеруіңіз керек. Егер сіз тексеруге келіп, тауарлар мен қызметтердің нақты жеткізілімі бар екенін білсеңіз, сатып алушыға емес, сатушыға барыңыз" деген болатын.

-Сіз бизнес-омбудсмен ретінде ҚР Жоғарғы Сотымен бірлесіп нәтижеге қол жеткіздім деп есептейсіз бе. Бұл қайталанбауы үшін немесе төмендету үшін не істелді?

- Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл пікіралмасу арқылы бір мәмілеге келеді. Мен барлық тарапты бір жерге жинап, келіссөзге қол жеткіздім, Жоғарғы Сот биылдан қалдырмай, нормативтік қаулы шығару керек екенін түсінеді. ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Нұр-Сұлтан қаласының МАЭС тәжірибесінде осы кейстерге талдау жүргізу туралы нақты тапсырмалар берді.

- Форум өтті. Нәтижесі сізді қанағаттандыра ма? Шешім қашан шығады?

- Нақты мерзімі әзірге белгісіз. Менің ойымша, күзге қарай болуы мүмкін. Біз ертең Жақып Қажманұлымен бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз. Экшн-жоспар, іс-шаралар жоспарын келісеміз. Күзге дейін біз бұл шешімді шығарамыз деген үміттемін.

- ҚҚС қайтару мәселесіне тоқталсақ. Көптеген компаниялар ҚҚС қайтару туралы шағым айтып, талап арыз түсіріп жатыр. Тіпті ірі шикізат компаниясы бар, ол әлі күнге дейін ҚҚС талап ете алмай отыр. Әңгіме 4 млрд теңге туралы болып отыр. Бұл мұнай-газ секторындағы ірі компания болса да, кез келген компания үшін үлкен проблема екені түсінікті. Бұл компания нарықтан кететіні туралы ақпарат бар. Бұл жалпы инвестициялық климатқа үлкен соққы болмай ма. Сіз бұл мәселені көтердіңіз бе? Бұл мәселенің шешімі бар ма?

- Өкінішке орай, есімдерді атай алмаймын. Тиісті шағым берілді. Сонымен қатар, мен өтінішке қол қойып, осы мәселе бойынша өз пікірімді білдірдім. Мәселенің мәнісі неде? Қазақстан экономикасы шағын екенін түсінеміз. Өзіміздің экономикалық әлеуетімізді арттыру үшін экспортқа шығуымыз керек. Бірақ біз салық салу теориясы бойынша экспортқа шыққан кезде ҚҚС қайтаруымыз керек. Егер бізге ҚҚС қайтарылмаса, онда тауарларды экспорттау кезінде біз 12% бәсекеге қабілетсіз боламыз. Тиісінше, экспорт үшін күресте, жаһандық тізбекте біз бәсекеге қабілетсіз болып шығамыз. Бұл біздің экономикамыз үшін, біздің экспорттаушыларымыз, соның ішінде шикізат экспорттаушылар үшін өте тиімсіз. Тереңге үңілер болсақ, шынымен салық салу принципіне тап боламыз, экспортқа шыққан екенсің, ҚҚС төлеген екенсің, онда ҚҚС қайтарылуы тиіс, дегенмен сальдо өте жоғары болып тұр ғой. Біз қомақты қаражат туралы сөз қозғап отырмыз. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше жыл сайын ҚҚС қайтару 20 пайызға артып, ал өткен жылдарда пайда болған жинақталған ҚҚС төмендейді екен.  Дегенмен ескіру мерзімі бар ғой, бұрын бес жыл болатын, қазір үш жыл. Бұл ҚҚС қайтарып алуды ұмытсаңыз да болады дегенді білдреді. Экспорттаушылар осылай дейді. Бізге ұзақ уақыт бойы: "Шыдай тұрыңыздар, біз электронды шот-фактураларды жүргіземіз, біз барлық сауда тізбектерін көріп отыратын боламыз, енді ҚҚС-н күнбе-күн қайтаратын боламыз» деп келген еді. Дегенмен электронды шот-фактуралар енгізілді, ал өзгеріс жоқ. Оның үстіне, сот процесінде екі ақпараттық жүйенің бар екендігі анықталды. Біреуі -төлемдердің бүкіл жиынтығын қарастыратын және дебеттік ҚҚС бойынша алшақтықты анықтайтын электрондық шот-фактуралар. Ал бізде ескі "Пирамида" ақпараттық жүйесі бар. Ол туралы бәрі біледі. Ал осы екі жүйе бір-бірімен біріктірілмеген екен. Тиісінше, ҚҚС қайтару туралы мәселе туындаған кезде пирамидаға жүгінеді, ал ЭШФ шетте қалады. Бұл сот процесі барысында анықталды. Сондықтан біз бұл мәселені ҚР Бірінші вице-премьеріне дейін жеткіздік.

- Уәкілетті орган кім?

- ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті. Бірінші вице-премьер дәл осы компанияға ҚҚС-ты қайтару бойынша кезекті тексеру жүргізуді тапсырды.

- Atameken Business, бизнес-омбудсменмен бірге бұл мәселені бақылауда ұстасақ жөн болар еді. Бұл кәсіпкерлердің басым көпшілігін алаңдататын проблема. Сіздің құралыңыз – диалог болса, біздің құралымыз проблемаларды жария ету, яғни біз үкімет, билік, бизнес және қоғам бұл туралы білуі үшін проблеманы ашық жариялаймыз. Рустам Манарбекұлы, осы айда бірнеше форум өткізілді. Айдың басында Бас прокуратурада Жоғарғы Сотпен өткізгендей форум өтті. Онда соңғы бес жылда әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің саны екі есе артқаны айтылды. Сонымен қатар, сіз Бас прокуратурамен форумды бірінші рет емес, бесінші жыл қатарынан өткізіп отырсыз. Себебі не? Бизнестің, құқық қорғау органдарымен, мемлекетпен диалогы біз күткен нәтижені бермейді ме?

- Жоқ, бәрі жаман, ілгерілеушілік жоқ дегеннен аулақпын. Бағалауға тоқталсақ... Мысалы, кейбір рейтингтер. Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісін алайық. Біз 76-орыннан 25-орынға шықтық. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Біз 2015 жылдан бері көптеген реформаларды жүргізіп келеміз және көшбасшы болып келеміз. Мысалы, рұқсаттар, лицензиялар саны бойынша. Егер бес жыл бұрын олардың саны 1115 құраса, бүгінде 73%-ға қысқарттық. 260-тайы қалды. Бақылау функцияларының саны – 516 болған еді, 116-ға дейін қысқартылды. Тексеру мерзімі қысқартылды. Бұл бір деңіз.

Екінші жағынан, сіз өте дұрыс айтасыз, біз әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлік субъектілері саны тұрақты өскенін көріп отырмыз. Егер бұрын бұл сан шамамен 260-250 мыңды құраса, 2019 жылы бұл сан 503 мыңды, яғни жарты миллионды құрады. Бізде жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер 1 млн 300 мың, оның 500 мыңы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл 37%. Бірақ бизнес, негізінен, тарату үшін емес, қалыптастыру үшін құрылады – бұл аксиома. Бұл мәселе бізді де алаңдатып отыр. Содан кейін біз Бас прокуратураның статистикалық деректерін – Мемлекеттік органдардың әрекетіне, әрекетсіздігіне шағымдану мәселесін қарастырамыз. Бұл сандар да өсуде. Біраз уақыт бұрын 20 мыңнан астам шағым туралы сөз қозғалған болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 72 мың болды. Халық жайдан жай наразы болмайды. Демек, бір нәрсе дұрыс емес, біз қателік жібердік. Мұның басты себебі бизнеске қойылатын талаптар екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Өйткені барлық талаптарды білу мүмкін емес.

Мемлекеттік машина дегеніміз не? Бұл талаптарды реттейтін құрылғы. 2018 жылы бизнеске қойылатын талаптардың санын есептеуге тырысқан болатынбыз. Бір департаменттің қызметкерлері толығымен осы іске бел шеше кірісті. Сегіз ай бойы санадық. Талап саны 30 540-қа жеткенде балалар: "Осы жерден тоқтатайық. Біз бәрін есептей алмаймыз. Мұның түбіне жете алмаспыз" деді. Бірінен бірі балалап шыға беретін матрешкалар тәрізді екен біздегі талаптар.

– Оның үстіне талаптардың көбі Кеңес заманынан бері бар. Кейбіреулері тіпті көңілге қонымсыз. Мысалы, асханалардағы құймақтың қалыңдығы белгілі бір мөлшерде болуы керек және т.б.

- Жұмыртқаны өңдеу үшін үш бөлме болуы тиіс. Балабақшалардағы қойма үй-жайлары ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасуы тиіс.

- 2018-2019 жылдары талаптар санын үш есеге қысқарту туралы мәселе қозғалды ғой.

- Талаптар саны екі есе қысқартылды. 30 мың болған еді, 15 мың болды, дегенмен, бұл біз санаған талаптардың саны. Біз барлық талаптарды санамадық. Сондықтан Мемлекет басшысы «жаңадан реттеу» қағидатын енгізуді тапсырды.

- Президенттің қыркүйек айындағы Жолдауында мемлекеттік реттеу туралы сөз болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қойылатын талаптарды "жаңадан реттеу" бойынша реформа жүргізу міндетін нақты қойды. Көпшілік бұл не екенін толық түсінбеген тәрізді. Атауы интуитивті деңгейде түсінікті. Яғни бұрынғыдай болмайтыны туралы жалпы түсінік бар. Сіз барлық ұғымдарды, көңілге қонымсыз, қатаң талаптарды аша аласыз ба? Бұл талаптар өмір, денсаулық, экология, тұтынушы сияқты санаттар үшін белгіленуі керек деп айтылды. Қалғанының күшін жою керек делінді. Сіздің ойыңызша бұл формула жұмыс істей ме?

- Біз жаңалық ашайын деп отырған жоқпыз. Осы мәселені қолға алып отырған біз ғана емес. Мұны Швеция, Мексика, Хорватия және Оңтүстік Корея, Швейцария жасады. Оның үстіне, бұл реформалар көбінесе дағдарыс кезінде жүргізілді, өйткені қиындық туындамаса адамдар ештеңені өзгерткісі келмейді. Айтайын дегенім, Мемлекет басшысы осы тапсырманы дәл қазір тегіннен тегін берген жоқ. Шынымен, біраз жұмыс атқарылды. Қазіргі жағдай: біз талдауды бастадық, қай жерден қателестік деген сұрақ туындайды. Біз өзімізге өзіміз сұрақ қойып, өзіміз жауабын іздеудеміз. Мен тек бизнес-қауымдастық туралы айтып отырған жоқпын. Мен, соның ішінде мемлекет, Ұлттық экономика министрлігі және Үкімет туралы айтып отырмын. Бұл реформалар көбінесе механикалық түрде жүрді. KPI бойынша 30% қысқартуымыз керек, ал қысқарту қажет пе, кейде қажет емес болуы да мүмкін. Біз негізгі принциптерді ортаға салып, толық талқылаған жоқпыз. Басқаша айтқанда, нені реттеу қажет, нені сол қалпында қалдыру қажет. Сіз бұл шарттардың басында тәуекел болуы керек деп дұрыс айттыңыз. Мемлекет өз азаматтарының өмірі, денсаулығы, экология, құқық тәртібі, кейде мораль тәуекелдерін бағалау үшін құрылмай ма? Осындай жағдайларда реттеу қажет. Қалғанының бәрі кәсіпкерлік еркіндігі деп аталады. Егер ол негізгі жағдайларға ешқандай әсер етпесе, онда еркіндік беру керек, еркіндік бергенде ғана экономика мен мемлекет дами бастайды. Хош делік. Біз шарттар мен салаларды анықтадық. Бірақ өздігінен талаптарды қою дұрыс емес шығар. Бүкіл әлемде есеп жүргізіледі. Бұл шығындарға талдау жүргізетін Cost-benefit analysis. Мысалы, браконьерлермен күресуден шаршағандықтан балықшылардың автоматтандырылған есеп беру жүйесін орнатамыз деп шештік. Автоматтандыру толық жүзеге асырылған жоқ, онда тым болмаса қағаз жүзінде есеп беруді бір жолға қою керек қой. Екіншіден, көнкөріс көзі балық аулау болып табылатын Зайсанда немесе Балқашта балықшылар бұл компьютерлендірілген жүйені қалай жүргізетінін елестете де алмаймын. Яғни, бұл жерде шынымен есеп жүргізу қажет.

Екіншіден, талаптардың өзі негізделген, есептелген, ұтымды, техникалық прогресс деңгейіне сәйкес болуы керек. Олар тұрақты және дәйекті болуы керек, қойылатын талаптар жан-жақтан қыспаққа алмауы тиіс. Сондықтан да біз қазір осы базалық шарттарға назар аудардық. Ақ пен қараны ажыратып алмақпыз, реттелетіні қайсы, реттелмейтіні қайсы. Бұл сүзгі деп аталады. Осыдан кейін реттеуші гильотина іске қосылады. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауы негізінде 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін осы талаптардың барлығын мойнына алған әрбір мемлекеттік орган жоғары деңгейдегі комиссияға келіп, оның талаптары ұтымдылыққа сәйкес келетінін, олар қосымша шығын әкелмейтінін, азаматтардың өмірі мен денсаулығына байланысты екенін дәлелдеуі тиіс деген жарлық шығарды. Егер мемлекеттік орган өзі қоятын талаптың шынымен қажет, негізделген екенін дәлелдей алса, олар одан әрі жұмыс істейді. Егер дәлелдей алмаса немесе оларды жасырып қалған жағдайда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл талаптар үшін жауапкершілік қарастырылмайды.

- Бизнес-омбудсмен институты осы тапсырманы бақылауға қатысады ма? Әлде бұл "Атамекен" ҰКП-ның құзыретінде ме? 2024 жылға дейін біраз уақыт бар. Осы үш жыл ішінде біраз жұмыс атқаруға болады ғой, кәсіпкерлік пен бизнесті жаппай жабу орын алмай ма. Бақылауды іске асыру үшін тұрақты, қалыпты жұмыс істеу қажет қой.

– Айтайын дегенім, бұл бір реттік акция емес. Заң қабылданғаннан кейін ол өмір сүру нормасына айналады. Мен сіздің тәуекел туралы ойыңызды, осы мәселеге қатысты алаңдаушылық танытып отырғаныңызды түсінемін. Сондықтан 2021-2022 жылдары төрт пилоттық сала – сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұру, көлік, логистика, АӨК өтеді. Аталған салаларда кәсіпкерлердің 60%-ы өз қызметін іске асырып отыр. Оларды реттеу басқалардан өзгеше болатыны түсінікті. Дәл осы үшін "эксперименттік құқықтық режим" ұғымы енгізілді, оған сәйкес ол шектеулі аумақта, шектеулі мерзімде болады. Ал санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық талаптардың кейбірі бірін бірі қайталайды.

Құрылыс нормалары мен ережелері. Қоғамдық тамақтану үй-жайларындағы  тоңазытқыш жабдықтарының биіктігі 2,7 метр және максималды 3,5 метр болуы керек дегенді естігенде "Бұл не үшін қажет?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Тұрғын емес үй-жайларда орналасқан мейрамхананың ауданы 700 шаршы метрді құрауы керек, ал келуші саны 50 адамнан аспауы керек, әр келушіге 14 метр. Мұндай талаптарды түсіну мүмкін емес. Бұл қандай массив екенін елестетіп көріңіз. Бұл мәселені бір жыл ішінде шеше алаймыз. Көптеген елдер осы мәселені шешуге бес жыл уақыт жұмсаған. Осындай талаптарды қайта қарау керек. Бәрін басынан бастау керек, бизнесті сенделтпей, мемлекеттік орган келіп дәлелдеуі тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Мұны халықаралық тәжірибеден көріп отырмыз.

Бірақ мен тағы бір мәселені атап өткім келеді. Біз өте жақсы заң жаза аламыз, бірақ заң тегеурінді болсын десек, тұғырын мықтау қажет. Сондықтан талаптардың бірыңғай тізілімі ұғымы енгізіледі. Бұл ақпараттық жүйе. 

- Уәкілетті орган кім? Қай ведомство?

-Әділет министрлігі жүргізетін нормативтік-құқықтық актілердің эталондық банкі - "Әділет" бар. Бұл шын мәнінде ең жауапты мемлекеттік органдардың бірі. Бұл базаны Әділет министрлігіне жүргізуді ұсынамыз. Егер белгілі бір талап осы базаға түссе және ол белсенді болса, талап әрі қарай жұмыс істейді. Егер жоқ болса, Әділет министрлігімен келісу өте қиын. Онда өте принципті әріптестеріміз жұмыс істейді. Бірақ сұрақ басқаша болып тұр: оған не кіреді? Нормативтік-құқықтық құжаттар ма, нормативтік-техникалық құжаттар ма. Өте маңызды мәселе. Иә, нормативтік-құқықтық құжаттар бойынша біршама сұрақ бар. Бірақ көпшілігі нормативтік-техникалық талаптар.

- Қалтарыста көрінбей қалған талаптар ше

– Осы жұмысты атқарып жатқан уақытта оларды есепке алмаған екенбіз. Бұл өте маңызды нәрсе. Осы мәселені қарастырғаннан кейін  ҚР Премьер-Министріне баяндадық. Мен осы жобаның кураторы Тимур Мекешұлы Жақсылықов болғанына өте ризамын. Ол шын мәнінде тәжірибелі маман, мәселенің маңыздылығын түсінеді. Шын мәнінде, ҰЭМ сарапшылар командасы болса, біздің аппарат – реформалар штабы. Барлық мемлекеттік органдар бұған қарсы болатынына күмәнім жоқ.

– Жұмыстың нәтижесін іс жүзінде көрмейінше, алғыс айтудан бас тартар едім, өйткені ауқымды әрі қиын жұмыс күтіп тұр. Рустам Манарбекұлы, 2020 жылдың 24 ақпанында сіз бизнес-омбудсмен болып тағайындалдыңыз. Қарапайым сұраққа қысқа жауап бере аласыз ба: сіз осы бір жыл ішінде атқарған жұмысыңызға қанағаттанасыз ба?

- Жыл өте қиын болды. «Бағым бар екен», мен тағайындала салысымен пандемия басталды. Біз аппарат қызметкерлерімен бірге аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс істедік десем артық болмас.

– Сізді осы жылы атқарылған жұмыс қанағаттандыра ма?

– Бұл сұраққа жауап беру маған қиын. Бұл туралы бизнес өкілдері, кәсіпкерлер айтуы тиіс.

– Сіз бүгін "біз" дедіңіз. Біз деп кімді айттыңыз? Бизнес-омбудсмен - бұл сіздің тұлғаңызда дербес ұсынылатын институт қой.

– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты - бұл бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс атқарып жатқан 130 кәсіби заңгер екенін айтқым келеді. Егер штаттан тыс, бизнесті қорғау жөніндегі кеңестердің мүшелерін алсақ, олар 330-дан асады. Яғни, бұл өте маңызды ресурс. Түсіп жатқан өтініштер мен шағымдар саны артқандықтан наурыздан қыркүйекке дейін біз демалыссыз жұмыс істедік, 24/7.

- Бизнесмендер сізге жеке-жеке жүгінеді. Сіздің функцияңыз, құзыретіңіз - диалог құру деп айтып өттіңіз. Сізде бекітілген KPI бар ма? Әлде сіз оны өзіңіз анықтадыңыз ба? Шешілген мәселе мен өтініштер саны қандай? Сіз үшін нәтижелілік деген не?

– Мен өзім үшін индикаторларымды екі бөлікке құрылымдаймын. Біріншісі факультативті. Мен институт ретінде, лауазымды тұлға ретінде Президентке тікелей бағынамын, елдік индикаторлардан басқа индикаторларды қоя алмаймын, өйткені бұл ортақ жұмыс. Бұл transparency international, Қазақстанның іскерлік ахуалы, өңірлердегі іскерлік ахуал. Біз өз тарапымыздан осы бағытта жұмыс істейміз.

Екінші, шағымдар саны. Егер 2016 жылы шағымдар саны 7200 болса, 2019 жылы 3500 болды. 2020 жылы айтарлықтай өсу байқалды. Олардың үштен бірі карантинге байланысты болды. Осы кезеңде біз әріптестерімізбен бірге форс-мажор туралы 6 мың анықтама бердік. Бұл үлкен жұмыс. Сыртқы экономикалық байланыстарды тексеру қажет екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Әріптестерім осы қиын кезеңде аянбай еңбек етіп, өздерін жақсы жағынан көрсете білді.

– Бірнеше жыл бұрын біз форумды Ресейдің бизнес-омбудсмендерімен бірге өткіздік. Қызықты форум болды. Ресейде әр өңірде негізгі бизнес-омбудсменге бағынатын бизнес-омбудсмен бар. Сіздің ойыңызша, біздің елімізде сіздің тұлғаңызда бизнес-омбудсмен институты жеткілікті ме, әлде осындай институттың барлығын әр саладағы өкілділік бойынша кеңейту қажет пе?

– Біз қазір өз стратегиямызбен жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ барлық өңірде өкілдеріміз бар. Сонымен қатар, біздің аппараттың бөлімдері, Кәсіпкерлерді қорғау бойынша кеңестер де бар. Бұл біртұтас жүйе.

Титовтың аппараты несімен ерекшеленеді. Артықшылықтары да бар кемшіліктері де бар. Оған қоса, олардың зияткерлік меншікті қорғау, кеден, салықтар бойынша салалық уәкілдері бар. Осы мәселені біз де ойластырып жатырмыз. Мұның бәрі қоғамдық негізде жасалады.

РФ кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметші болып табылатыны бәлкім кемшілік шығар. Біздің ойымызша, бұл мүдделер қақтығысы. Біздің тәжірибемізде бизнес-омбудсмен мемлекеттік органдарға қарсы талап-арыз берген жағдайлар болды. Кей жағдайларда жеңіске де жеткен болатынбыз. Ал ресейлік омбудсменге бұлай жасау оңай болмасы анық.

 

Саян Абаев
Толығырақ: https://inbusiness.kz/ru/news/mozhno-napisat-horoshie-zakony-no-bez-instrumentariya-oni-ne-srabotayut

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі