Жаңалықтар

18.03.2021

«Қара тізім» кесімді үкім бе?

325

Казахстанская правда

Мемлекет басшысы ағымдағы шектеулер жағдайында шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді, мемлекеттік сатып алуларға әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге баса назар аударуды бірнеше рет тапсырған болатын.

Атап айтқанда, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін арттыруға қатысты мәселе ақпан айында Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында қаралды. Сонымен қатар, наурыз айында Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компанияларға айыппұл санкцияларын қолданбауды және егер шарттық міндеттемелерді бұзу экономикадағы ағымдағы жағымсыз құбылыстарға байланысты болса, жеткізушілерді қара тізімге енгізбеуді тапсырды.

Бұған дейін Президенттің тапсырмасын орындау үшін мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі қабылданған болатын, ол 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болды және қатаң шараларды қолдануды кейінге қалдыруды көздеді. Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 359-бабы форс-мажор негіздерінің бірі ретінде төтенше жағдай туралы нормамен толықтырылды.

Алайда, форс-мажорлық жағдайлардың орын алуы туралы анықтамалардың болуы, Мемлекеттік сатып алудың Үкімет белгілеген арнайы тәртібі және Президенттің тікелей тапсырмасы бизнесті мемлекеттік органдардың шектеу әрекеттерінен әрдайым құтқара бермейді. Бизнес-омбудсменнің кеңсесіне Мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде қиындықтарға тап болған кәсіпкерлерден түсіп жатқан шағымдар бұған дәлел бола алады.

Мысалы, Мемлекеттік сатып алулар туралы заң қандай да бір тендерді жариялаған мемлекеттік органға тауарды жеткізуді бірнеше күнге ғана кешіктірген жеткізушіні сотқа беруді талап етеді. Тапсырыс беруші сот арқылы жеткізушіден тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға және 2 жылға қара тізімге (жосықсыз өнім берушілер тізілімі) енгізуге тырысуға міндетті.

Ал егер әлеуетті өнім беруші – тендерді енді ғана жеңіп алған кәсіпкер мемлекеттік сатып алулардың интернет-порталында ЭЦҚ арқылы шартқа уақтылы қол қоймаса, оны Қаржы министрлігі автоматты түрде қара тізімге енгізеді. Заңға сәйкес, мұндай кәсіпкерлер келісімшарт жасасудан жалтарған жеткізушілер деп танылады.

Алайда жеткізушіге байланысты емес жағдайлар да орын алуы мүмкін ғой, мысалы: порталдағы техникалық ақаулар, компания менеджерінің қателігі немесе ауруы, интернет байланысының сапасы нашар болуы және басқа да дәлелді себептер. Дегенмен мұндай себептер есепке алынбайды.

– Біз жеткізушілерді 2020 жылы сот тәртібімен қара тізімнен шығару себептерін талдадық және бір жыл ішінде шартқа қол қоюдан жалтарды деген себеппен 2 223 құрылым автоматты түрде қара тізімге енгізілгенін анықтадық. Олардың 226-сын, яғни 10%-ын сот арқылы тізілімнен шығаруға қол жеткіздік, - деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Осы 226 сот шешіміне жүргізілген талдау көрсеткендей: көбінесе жеткізуші компания басшысы емделіп жатқан кезде, іссапарда болған кезде, келісімшартқа қол қою үшін байланыс құралдарын пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде қара тізімге енгізілген. Интернет-порталда да, жеткізуші компаниялар арасында да техникалық ақаулардан зардап шеккендер бар.

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, соттар тапсырыс берушілердің жеткізушілерді қара тізімге енгізу талаптарын қанағаттандырудан бас тартады, өйткені жеткізушілердің әрекеті мемлекетке зиян тигізбеген. Сапалы тауардың шамалы кешіктірілуі немесе жұмысты орындау кезінде мерзімдердің аздап бұзылуы кәсіпкерді 2 жылға қара тізімге енгізу үшін негіз болмауы керек.

Бұдан басқа, Парламент Мәжілісінде мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі заң жобасы жатыр, оған депутаттар айыппұл (өтемақы) төленген жағдайда тізілімнен алып тастауды көздейтін түзету енгізуді ұсынады. Айыппұл санкциясының мөлшері мемлекеттік сатып алу қағидаларында айқындалатын болады.

Рустам Жүрсіновтың пікірінше, бұл түзету өзекті және мемлекеттік сатып алулардағы жағдайды жақсартуға септігін тигізеді, дегенмен егжей-тегжейлі талқылауды талап етеді. Біріншіден, бұл айыппұлдың (өтемақының) мөлшерін заңнамалық деңгейде белгілеуге қатысты, оны төлеу болашақта әлеуетті жеткізушіге қара тізімнен шығуға мүмкіндік береді.

- Біздің ойымызша, айыппұл мөлшерін заңға тәуелді деңгейде анықтау сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келуі мүмкін. Бұдан басқа, айыппұл сомасы кез-келген әлеуетті өнім беруші төлей алатындай болуы керек, яғни сатып алу шартының сомасына немесе сатып алу сомасына мөлшерлес болғаны жөн, бірақ жоғарғы шекпен болуы тиіс, – деп есептейді бизнес-омбудсмен.

Сондай-ақ, бизнес-омбудсменнің пікірінше, әлеуетті өнім беруші, айыппұл төлегеніне қарамастан, оны Тізілімге енгізу туралы шешімге шағымдана алуы тиіс. Егер шағымдану әрекеті сәтті болса, ол төленген айыппұлды қайтаруға құқылы болуы керек.

Сонымен қатар, омбудсмен қара тізімге енгізбес бұрын хабарлама кезеңін енгізуді қарастыруды ұсынады, бұл соттарға түсетін жүктемені төмендетер еді. Мемлекеттік сатып алуға қатысушы шартқа бірінші рет қол қоймаған жағдайда кәсіпкерді тізілімге автоматты түрде қосудың орнына оған мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзғаны туралы хабарлама жіберу қажет.

Кәсіпкер бұл хабарламаны елемеген жағдайда ғана, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға болады.

Сонымен қатар, бизнес-омбудсменнің айтуынша, кәсіпкерлер пандемияға байланысты жеткізу мерзімін кешіктіргені үшін ірі көлемдегі айыппұлды сот арқылы өндіріп алу мәселесімен жиі жүгінетін болған.

Төтенше жағдай режимі мен карантин енгізген шектеулер шекарада үлкен кептелістерге әкелді. Сонымен қатар, халық қашықтан жұмыс істеуге және оқытуға көшкендіктен компьютерлік техника мен медициналық бұйымдарды, бетперде, дезинфекциялық сұйықтықтарды, санитайзерлерді шығаратын зауыттар осы аталған бұйымдарды жаппай пайдалану қажеттігі туындағандықтан, тапсырыстарды орындап үлгере алмай қалды, сұраныс өте жоғары.

- Өндірушілер түсіп жатқан тапсырыстарды орындап үлгерер емес, сондықтан да өз өнімдерін жеткізу мерзімдерін бұзуға мәжбүр болды, бұл жеткізілім тізбегі бойынша шарттық міндеттемелерді жаппай бұзуға әкеп соқты. Сондықтан көптеген қазақстандық кәсіпкерлердің мемлекеттік мекемелерге өнімді уақытында жеткізе алмады, – дейді Рустам Жүрсінов.

Қазір бизнес-омбудсменнің заңгерлері кәсіпкерлерге пандемияға байланысты жеткізілім мерзімін бұзғаны үшін бірнеше миллион долларлық айыппұлдардан құтылуға көмектесу үшін бірнеше сот ісін жүргізуде. Әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарын қалыптастыру тәсілдері тағы бір күрделі проблемаға айналды.

- Жеткізушілердің қаржылық тұрақтылығын мемлекеттік сатып алулардың интернет-порталы бірқатар мәліметтердің, оның ішінде мемлекеттік кіріс органдарының деректері негізінде автоматты түрде анықтайды. Бұл талапты қолданысқа енгізгелі аз ғана уақыт өтті, дегенмен кәсіпкерлер тарапынан көптеген сұрақ туындады. Оларды әсіресе "төленген салық көрсеткіші" критерийі алаңдатады, - дейді Рустам Жүрсінов.

Мысалы, мемлекеттік сатып алу ережелері мынадай норманы көздейді, оған сәйкес салық есептілігін түзету және кейіннен салықтарды төлеу жағдайында интернет-порталда мәліметтерді жаңарту мемлекеттік кіріс органдары енгізілген өзгерістердің дұрыстығын растағаннан кейін ғана жүргізіледі. Бірақ іс жүзінде бұл нақтылық қалай тексерілетіні беймәлім.

Кейбір жағдайларда төленген салықтардың көрсеткіші тіптен өзгермеуі де мүмкін, бұл әлеуетті жеткізушіні бәсекелестермен тең емес жағдайға қояды.

Арнайы экономикалық аймақтардың тұрғындарына бірқатар салықтық жеңілдіктер беріледі, бұл олардың төленген салық көрсеткіштерін төмендетеді, яғни мұндай жеткізушілер де бәсекелестерінен ұтылады.

- Пандемия кезеңінде 1 триллион теңгеге жуық сомаға 700 мыңға жуық салық төлеуші салық шараларымен қамтылды. Бұл босату төленген салықтарға әсер етеді. Осы жеңілдікке ілінген кәсіпкерлердің қаржылық тұрақтылық көрсеткіші төмен болады. Тиісінше, олар 3 пайыздық шектен өте алмайды. Коллапс орын алады. Осы мәселені қазірден бастап ойластыру қажет, – деген пікірде бизнес-омбудсмен.

Осыған байланысты "Атамекен" ҰКП сауалнама жүргізді, сауалнамаға 50 мыңнан астам кәсіпкер қатысты. Сауалнама нәтижелерінің негізінде 4 бағыт бойынша: бизнеске жүктемені азайту, қаржыландыру, сұраныс нарықтарына және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті кеңейту бойынша 24 шарадан тұратын қосымша пакет қалыптастырылды.

Рустам Жүрсіновтың айтуынша, қосымша шаралар пакеті қалпына келтіру қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тікелей іс-қимыл шаралары шағын және орта бизнестің қаржы-экономикалық жай-күйін қалпына келтіруге, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауға, реттелетін өткізуге қолжетімділікті ұлғайтуға және мемлекеттік сатып алудағы үлесті арттыруға ықпал ететін болады.

 

Марина Демченко

 

 

 

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі