Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Атыраулық кәсіпкерлер прокурорға шенеуніктердің әрекетіне қатысты шағымданды
Атырау облысы
Бизнесті қолдау бойынша мемлекет қабылдап жатқан шараларға қарамастан, мемлекеттік органдардың жекелеген қызметкерлері кәсіпкерлерге кедергі туындатып отыр.
Мұны облыс прокуроры Халидолла Дәуешовтың жеке қабылдауы көрсетті, прокурорға жүгінген бес бизнес субъектісі де қадағалау органының басшысы мен белгілі бір мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әрекетіне қатысты шағымданды. Айта кету керек, мұндай кездесулер Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңында ай сайын өткізіледі.
"Каспийская рыба" ЖШС директоры Самид Сулейманов ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің әрекеті салдарынан 2 млн.теңгеден астам сомаға тауарын жоғалтып қана қоймай, айыппұл да төлеген.
"Өткен жылдың желтоқсан айының соңында маған Әзірбайжаннан қызанақ келді. Маңғыстауда көлікті тоқтатып, үлгілер алынды, 30 желтоқсанда олар ешқандай бұзушылықтар таппағанын айтып, көлікті жіберді. Атырауға көлік 31 желтоқсанда келіп, тауарды УСҚ-ға орналастырдық. 5 қаңтарда олар маған қоңырау шалып, өнімнен вирус табылғанын,сондықтан тауарды жою керектігін айтты. Мен екі машина тауар алған болатынмын, біреуін тіпті тексерген де жоқ, ал екіншісіне қатысты осындай проблема туындады. Мен барлық инстанцияларға жүгіне бастадым, тәуелсіз сараптама жасатқым келді, бірақ менің тауарым жойылды, шығынға баттым. Оның үстіне айыппұл төлеуге мәжбүр болдым", - дейді кәсіпкер.
Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл секторының меңгерушісі, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев кәсіпкер Өңірлік палатаға өтінішпен жүгінгеннен кейін талдау жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша ветеринариялық инспекция қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық бұзушылық белгілері байқалғанын, осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне хат жолданғанын айтты.
"Біз мына жағдайдан секем алдық, тауар тиелген көлікті 29 желтоқсанда жіберген, ал 30 желтоқсанда іріктеу жасап, зертхананың қорытындысын 1 қаңтарда берген. Бір күн ішінде үлгіні Алматыға жіберіп, нәтижесін алу мүмкін емес қой. Айта кететін тағы бір жайт. Сараптама жасаған зертхана біреу, бір адам қол қойған, мөр де басылған, бірақ бір-біріне қарама-қарсы екі қорытынды берген, бірі-оң, бірі-теріс. Сондай-ақ, біз тексеруге жататын тауарлар тізімін тексердік. Шекараны кесіп өту кезінде аталмыш тауар бұл тізімге мүлдем кірмеген,, сондықтан көлікті тоқтатып, тексеру үшін заңды негіз жоқ", - деп атап өтті Сәрсенбай Жолдыбаев.
Облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Мирас Жалмырзин қазіргі уақытта кәсіпкердің өтінішін қалалық прокуратура қарап жатқанын айтты.
"Зертхананың бір-біріне қарама-қарсы екі қорытындысы бар. Сонымен қатар, егер өнімде вирус табылса, оны әкелуге мүлде жол бермеу керек еді. Қазіргі уақытта прокурорлық ықпал ету шаралары қабылдануда", - деді қадағалау органының өкілі.
Облыс прокуроры Халидолла Дәуешов өзінің орынбасарына бұл мәселені бақылауға алып, оның қорытындысы бойынша есеп беруді тапсырды.
Кәсіпкер Болат Шәріпов прокурорға ХҚКО қызметкерлері оның жылжымайтын мүлкін тіркеуден бас тартқанын айтып шағымданды.
"Мен шаруашылық жүргізу үшін 1 га жер сатып алдым, жерді жеке тұлғадан сатып алдым. Өз қаражатыма шаруашылық үй, сарай, жылыжай салдырдым, барлығын заңды түрде рәсімдегім келді, бірақ ХҚКО қызметкерлері бұл жылжымайтын мүлікті коммерциялық мүлік ретінде рәсімдеуді талап етеді. Егер олай жасайтын болсам қосымша салық төлеуім керек болады", - деп шағымданды кәсіпкер.
"ХҚКО кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартып отыр, дегенмен себебін түсіндірмеді. Біз мекеме басшылығына кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырудан негізсіз бас тартылғанын айтып, хат жолдадық. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша ортақ проблема. Егер біз жеке үй салғымыз келсе, эскизді мақұлдатып өткіземіз, ешқандай проблема болмайды. Ал кәсіпкер мал ұстайтын аула салса, оны рәсімдеуден бас тартады. Бизнес субъектілері артық қаражат пен уақыт жұмсамауы үшін осындай мүлікті тіркеудің қарапайым тәсілі болуы тиіс қой", - деп толықтырды Сәрсенбай Жолдыбаев.
Облыс прокуроры Өңірлік палатаның пікірімен келіседі. Жұмыс істегісі келетін кәсіпкерге қосымша әкімшілік кедергілер тудырмау қажет. Болат Шәріповке облыстық прокуратураға арыз жазу ұсынылды.
Қадағалау органының басшысына Мақат ауданының кәсіпкерлері де келді. Олар ілгеріде кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен салған газ құбырына аудандық ветеринарлық станция рұқсатсыз қосылғанын айтып шағымданды. Сондай-ақ, бизнес өкілдері Атырау қаласы әкімдігінің бөлім қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты шағымдарын да айтты. Облыс прокуроры кәсіпкерлерден қадағалау органына өтініш жазуды сұрады және өзінің орынбасарына осы мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.
Ақпарат көзі: https://atameken.kz/ru/news/41687-v-atyrau-predprinimateli-pozhalovalis-prokuroru-na-dejstviya-chinovnikov