Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
"Даудың шешімі салық төлеушілердің адалдық презумпциясынан бастау алуы тиіс»
Жалған кәсіпкерлік туралы бапты қылмыстық сипаттан арылтқаннан кейін соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы түскен талап арыздар саны бес есе өскені байқалады.
Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Кеше өте нәтижелі күн болды. Жоғарғы Сот алаңында "Ашық диалог: бизнес және сот төрелігі" форумы өтті. Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановпен, "Атамекен" ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен, Жоғарғы сот судьяларымен бірге біз кәсіпкерлердің сотта бетпе-бет келуге мәжбүр болып отырған жүйелі мәселелерін талқыладық. Мен салық саласындағы проблемалар туралы сөз қозғадым. Салықтық құқықтық қатынастар – әрдайым мемлекет басым түсетін әкімшілік және билік қатынастары. Біз осылай болатынын мойындаймыз, түсінеміз. Бірақ мәмілелерді жарамсыз деп тану мәселесіне келгенде салық органдары үнемі бизнеске қысым жасаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады. Қылмыстық кодекстің "Жалған кәсіпкерлік туралы" бабы кеңінен қолданылып келген еді, біз оны қылмыстық сипаттан арылту бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Бұдан кейін салық қызметкерлері заңды тұлғалардың тіркеуін жарамсыз деп табуға көшті - біз бұл мәселені де шешуге тырыстық. Енді соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы түскен талап арыздар санының бес есе өскенін байқап отырмыз", – деп атап өтті бизнес-омбудсмен.
Салық органдары кабинеттен шықпай-ақ сотқа талап арыз береді. Олар қашықтан тексеруді (камералдық бақылауды) жүзеге асырады және объектіге шықпай, көбінесе адал салық төлеушілерге қосымша салық сомаларын есептеу үшін мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдайды, деп атап өтті Рустам Жүрсінов.
"Ал қарымта, тақырыптық салықтық тексерулер ше? Мәміле шын мәнінде жасалды ма, әлде жоқ па, салық органдарының осы жағдайды анықтауға толық мүмкіндігі бар. Салық төлеуші жұмыстың бір бөлігін аутсорсингке тапсырған болуы да мүмкін ғой. Салық кодексінде қарастырылған барлық арсеналды пайдалану керек. Ештеңе жасауға болмайтыны анықталған кезде ғана сотқа талап арыз беруге болады. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып жатқан жоқ па. Даудың шешімі салық төлеушілердің адалдық презумпциясынан бастау алуы тиіс", - деген пікірде ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов бұл мәселе туындағалы біраз болғанын және бұл күрделі мәселе екенін атап өтті. Және оның шешімін тездету керек деді. Ол барлық шешімдерді осы санат бойынша күшіне енген елордалық экономикалық соттың мысалында қарастыруды, үлгілі шешімдерді анықтап, оларды негізге алуды ұсынды.
Форум қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот пен "Атамекен" ҰКП осы жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын жасасты. Алдағы жұмада проблемалық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау үшін кездесу жоспарланған. Саян Абаев Atameken Business Telegram-арнасына жазылыңыз және өзекті ақпаратқа бірінші болып қол жеткізе аласыз!
Саян Абаев