Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Мобильді аударымдарға салық салу ақшасыз есеп айырысудың өсуін баяулатуы мүмкін
Мемлекеттік органдар онсыз да әрең күнін көріп жүрген шағын бизнесті тағы да тығырыққа тіреуі мүмкін
Мобильді аударымдарға салық салу ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер арасында қорқыныш тудырып, ақшасыз есеп айырысудың өсуін баяулатуы мүмкін. LS -ке берген сұхбатында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов осындай пікір айтты.
Сарапшының айтуынша, табысқа салық салу әрекеті мемлекет пен халық арасындағы қалыптасқан шартты бұзады. Сатып алынған жеке мүлік үшін, жеке тұлға өзге бір жеке тұлғадан өтеусіз негізде алған активтер үшін төлемдер, сондай-ақ пассивті кірістер, мысалы, депозиттер бойынша сыйақыларға салық салынбайды.
"Бұл әлеуметтік келісімшарттың бір түрі, оған сәйкес мемлекет осындай түсімнен салық төлеуді талап етпейді, өйткені Қазақстан азаматтарының шегерімге, мысалы, оқу немесе емделу ақысын өз табысынан төлеуге құқығы жоқ, ал өзге мемлекеттің азаматтары мұндай төлемдерді өздері жүзеге асыра алады. Бұл жағдай 2025 жылы өзгереді, біз жалпыға бірдей декларациялауға көшеміз және сәйкесінше көрсетілген шегерімдерге құқық аламыз. Мәселен, бүкіл батыс әлемі осылай өмір сүреді. Сондықтан мұндай кірістерге салық салу әрекеті қолма-қол ақшасыз төлемдердің дамуына кері әсер етіп қана қоймай, қалыптасқан шартты бұзады", - деді Жүрсінов.
Ол Ұлттық банк ұсынған мәліметтерге тоқталып өтті, оған сәйкес 2018 жылы қазақстандық карточкалармен қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 6,4 трлн теңгеге жуық, 2019 жылы - 14 трлн теңге, ал 2020 жылы - 35 трлн теңгені құрады. Алайда, қолма-қол ақшаны айналымнан шығару үшін әлі біраз уақыт керек, дейді Жүрсінов.
"Егер бизнестің қолма-қол ақшасыз жасаған аударымдарын тексеруді бастасақ, онда біз қайтадан қолма-қол ақшаға ораламыз. Сондай-ақ, жергілікті салық қызметкерлеріне шағын бизнесті үрейлендіруге тағы да мүмкіндік береміз", - дейді Жүрсінов.
Сондай-ақ, сарапшы мұндай салықты басқару қымбатқа түседі және алым сомасын ақтамайды деген пікірде. ЖК болып табылмайтын, бірақ тіркеусіз саудамен айналысатын жеке тұлға алдымен ескерту алады. Бірақ ӘҚБтК – нің 269-бабы бойынша әкімшілік айыппұлды салық органы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда ғана қолдана алады - бұл 43 755 теңге.
"Салық салу объектілерін және салық есептілігінде көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасырғаны үшін әкімшілік айыппұл бұл жерде қолданылмайды, өйткені жеке тұлға салық есептілігін жүргізбейді", – деп түсіндірді Жүрсінов.
Ол мобильді аударымдар арқылы түсетін түсімге салық салу ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер арасында сенімсіздік тудыруы мүмкін деген пікірде.
"Нәтижесінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуды және ЖК ретінде тіркелуді көтермелеудің орнына, әлеуетті кәсіпкерлердің зәресін аламыз. Дегенмен салық органдары қол қусырып тектен-тек отыра алмайды ғой. Сондықтан әрекет етпес бұрын ойлану қажет, халықты түсініксіз баптармен және ұрандармен қорқытуға болмайды", – дейді сарапшы.
Екінші жағынан, мобильді аударымдарға салық салу көлеңкелі экономиканың өсуіне ықпал етеді, ал тауарларды сатып алушы тұтынушы ретінде өз құқықтарын қорғай алмайды, деп жалғастырды Жүрсінов.
Бірақ Қаржы министрлігінің бизнесті тексеруге мораторий жариялауға қатысты ұсынысын сарапшы мақұлдамады. Естеріңізге сала кетейік, ведомство чек бермейтін кәсіпкерлерді тексеруді көздеп отыр.
"Кәсіпкерлер өз тауарларын жеке тұлғаларға сатады, ал оларға, мысалы, сапасыз тауарларды қайтару үшін фискалдық чек немесе түбіртек қажет. Ал Р2Р - өтеусіз аударым. Қарапайым адам үшін тауарды сатып алу барысында мобильді аударым арқылы төлем жасағанын дәлелдеу мүмкін емес", - деп түйіндеді Жүрсінов.
Алиби САРУАР
Ақпарат көзі: https://lsm.kz/ocherednoj-uzhastik--ekspert-o-naloge-na-mobil-nye-perevody
© LS