Жаңалықтар

24.02.2021

«Мемлекеттік кіріс органдарының іс-әрекеті заңсыз!»

519

Қазыналық органдар шетелдік компаниялардың құқықтарын заңсыз бұзуда. Мемлекеттік кіріс органдары шетелдік компаниялардың дивидендтеріне негізсіз салық салып отыр. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Қазақстанда көптеген жылдар бойы шетелдік компанияларды дивидендтерге салынатын салықтан босату бойынша жеңілдік мынадай шарттар сақталған жағдайда болған: қазақстандық компаниялардағы қатысу үлесі 3 жылдан асуы тиіс; оффшорлық емес аймақтарда қатысушыларды (акционерлерді) тіркеу; жер қойнауын пайдаланбайтын қызметті жүзеге асыру. Бұл көптеген шетелдік инвесторларды филиал арқылы жұмыс істемей, қазақстандық компанияларды (АҚ, ЖШС) құру арқылы инвестициялық қызметті жүзеге асыруға ынталандырып келді.

"2020 жылғы 10 желтоқсанда Салық кодексінің 645-бабына өзгерістер енгізілді және 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап дивидендтерге салынатын салықтан босату бұрын КТС салынған табыстарға ғана қолданылатын болды. Енді өткен кезеңдерге қатысты мемлекеттік кіріс органдары Ұлттық экономика министрлігінің Заңның кері күшін қолданудың заңсыздығы туралы ұстанымына қарамастан, жаңа норманы қолдана бастады, яғни Салық кодексінің 645-бабының жаңа редакциясы 2021 жылға дейін туындаған қатынастарға қолданылмауы тиіс", - деді бизнес-омбудсмен.

Мемлекеттік кіріс органдарының пікірінше, дивидендтерге салынатын салықтан босатуды қолдану үшін таза кіріс салықтық есепке алу деректері бойынша анықталуы тиіс. Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңда, ҚЕХС (Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты) және ҚЕҰС-та (Қаржылық есептіліктің ұлттық стандарты) "таза кіріс" термині анықталмағандықтан, салық салу үшін бұл термин салық заңнамасының нормалары арқылы түсіндірілуі керек.

"Қазыналық орган Салық кодексінің мақсаттары үшін "таза кіріс" терминін қолданған кезде 1995 жылғы ескі салық заңының нормаларына негізделген ескі ұғымды басшылыққа алу керек деген пікірде. Біздің ойымызша бұл ұстаным заңнама негіздеріне қайшы келеді, өйткені 1995 жылғы Салық туралы заң күшін жойды және оның ережелері бүгінде қолданылмайды да. Таза кіріс қаржылық есептілік (салықтық емес) негізінде анықталады", – деп түсіндірді Рустам Жүрсінов.

Мемлекеттік кіріс органдарының мұндай тәсілі көптеген компаниялардың қызметіне қауіп төндіріп, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына кері әсер етуі мүмкін, деп атап өтті спикер.

"Біз жағдайды түзету мақсатында уәкілетті органдарға жүгіндік. Осы мәселе бойынша Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс органдарының әрекеттеріне тосқауыл қойып, бизнеске қатысты заңсыз әрекеттерге жол берген тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылдайды деген үміттемін", – деп жазды Рустам Жүрсінов.

 

Саян Абаев

Ақпарат көзі: https://inbusiness.kz/ru/news/dejstviya-organov-gosudarstvennyh-dohodov-nezakonny?fbclid=IwAR2wh2muQOVJ47mMaEWCQFdIeGwXh20zVrjtxWsyZ23d0GuO9qdhywsU438

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі