Жаңалықтар

07.08.2020

Салықтық тексерулер қайта жанданды

571

«Казахстанская правда»

Кейде шамадан тыс белсенділік танытатын шенеуніктер бизнесті қолдау шараларын жоққа шығарады.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (ҚМ МКК) өңірлік бөлімшелері маусым айында көптеген ұйымдардың карантинге байланысты қашықтан жұмыс істеуге көшкеніне қарамастан, кәсіпкерлердің заңды мекен-жайлары бойынша нақты орналасуын тексере бастады.

- Локдаун кезінде мұндай салықтық тексерулер бас санитарлық дәрігердің шешіміне қайшы келеді, ол алдымен кеңсе қызметкерлерінің кемінде жартысын, содан кейін 80%-ын қашықтан жұмыс режиміне көшіруді шешкен болатын, - деген пікірде ҚР Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Кәсіпкерлер Салық кодексінің 70 бабына сәйкес салықтық тексеру бақылаудың қажетті нысандарының бірі екенін түсінеді, алайда олар қазіргі қалыптасқан жағдайда МКК-нің тексеру жүргізудегі мақсатын түсіне алмай отыр.

Мәселен, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Акеновтың айтуынша, оларға бизнесмен өңірлік Мемлекеттік кірістер басқармасының (МКБ) әрекеттеріне қатысты шағымданған. Тексеру кезінде компанияның кеңсесі жабық болған екен.

Қызметкерлердің уақытша қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілгендігі туралы хабарландыруда компания басшысының телефон нөмірлері көрсетілген болатын, дегенмен салық инспекторы компания басшысына хабарласпаған. Ол компанияның орнында болмауы туралы акт жасап, кәсіпкерге ағымдағы шотты қамауға алу туралы қаулыны жіберген.

- Компанияның өтініші бойынша біз Шымкент қаласы бойынша МКБ-на хат жолдадық. Бізге техникалық себептерге байланысты қателік орын алғанын және келесі күні шотқа салынған тыйымның күші жойылғанын хабарлады. Салық қызметкерлері өз қателіктерін мойындады, - дейді Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Майя Исаева.

Алайда, оның айтуынша, шенеуніктер асығыс шешімімен кәсіпкердің жүйкесін жұқартқан.

- Тексеру жүргізуге тыйым салынбайды. Негізгі талап - компанияның кеңсесін мекен-жайы бойынша табу үшін визуалды сәйкестік болуы керек. Ұйымның атауын және оның жұмыс режимін көрсететін маңдайша жазу жеткілікті. Бүкіл ұжымның немесе басшының кеңседе болуы талап етілмейді. Егер тексеру кезінде кеңсе жабық болса, онда салық төлеуші орнында жоқ деп санауға негіз жоқ. Дегенмен мұндай жағдайларда инспекторлар асығыс әрекет жасап, компанияның шотына тыйым салады, - деп түсіндірді Майя Исаева.

Сонымен қатар, мұндай түсінбеушіліктер салық органдарына деген сенімсіздік пен кәсіпкерлік ортада алаңдаушылық тудырады.

Жақында Алматыда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында салық органдарының әрекеттеріне қатысты кәсіпкерлердің шағымдары талқыланды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық қорғау бөлімінің бастығы Салтанат Лесбаева телефон арқылы айтқанындай, бұл мәселе дәл қазір пайда бола қалған жоқ. ТЖ режимі алынып тасталғаннан кейін кәсіпкерлердің заңды тіркелген мекенжай бойынша бар-жоқтығын растау мақсатында тексерулер қайта басталды.

Оның айтуынша, компания қызметкерлері қашықтан жұмыс істейді, сонымен қатар, көптеген адамдар ауырып жатыр, ал салық инспекторлары кәсіпкерлердің заңды мекен-жайы бойынша нақты орналасқан жерін тексеруге келгенде ең алдымен басшыны талап етеді.

- Мәселен, кәсіпкер бізге Бостандық ауданы бойынша МКБ-нің әрекеттеріне шағымданды. Тексеру кезінде компания қызметкерлері ЖШС заңды тіркелген мекен-жайы бойынша кеңседе жұмыс атқарып жатқан, ал директоры ауырып жатқан екен. Соған қарамастан, салық инспекторы салықтық тексеру актісін жасап, 24 маусымда компания орналасқан жерінде болмады деген хабарлама жіберді, - деп нақтылады Салтанат Лесбаева.

Оңтүстік мегаполистің Кәсіпкерлер палатасына Алмалы және Медеу аудандары бойынша МКБ қызметкерлері қабылдаған шараларға қатысты шағым түсті. Бұл жерде де компания қызметкерлері тіркелген орны бойынша кеңседе болмаған немесе салықтық тексеру қорытындылары бойынша олардан Салық кодексінде көзделмеген қосымша құжаттар талап етілген.

Кеңес отырысында Алматы қаласы бойынша МКБ өкілі әрбір факті бойынша қызметтік тергеу басталатынын, сондай-ақ аудандық салық органдарының қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Сонымен қатар, соңғы уақытта көптеген кәсіпкерлер жазылған хабарламаны орындау үшін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жеке келіп, растайтын құжаттарды тапсыру қажет деп шағымданады, осылайша салық органдарына түсетін ауыртпалық пен аурудың таралу қаупі артады.

Осыған байланысты, Кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласы бойынша МКД-ға тексеру актілерін жүргізу тетігін өзгерту туралы МКК-ға ұсыныс енгізуді сұрады.

- 4 жарым ай ішінде салық қызметкерлері уақыт талабына сай жұмыс істеу үшін ешқандай әрекет жасамады. Адамдар арасындағы физикалық байланыстарды азайту үшін тексерулерді онлайн режимінде жүргізуге де болады ғой. Өйткені, қажетті құжаттарды тапсырудың көптеген өзге де әдістері бар. Неліктен салық қызметкерлері бәрін бұрынғыша жасап, адамдардың өзінің қатысуын талап етеді? Куәгерлермен келетін салық инспекторы көптеген адамдармен байланыс жасайды, тұтас бір тізбек пайда болады, нәтижесінде біреу болмаса біреу ауру жұқтыруы да мүмкін ғой. Біздің білуімізше, салық төлеушілердің көпшілігі ауырып жатқандықтан, жіберілген хабарламаға дер кезінде жауап бере алмайды, нәтижесінде шоттарға тыйым салу орын алады, - деді Салтанат Лесбаева.

Шенеуніктер компаниялардың шоттарына тыйым салу барысында автоматты түрде олардың қызметін шектейді. Қазіргі уақытта мұндайға жол беруге болмайды, өйткені осы шектеулер нәтижесінде қызметкерлер жалақысын уақтылы ала алмайды, ал олардың отбасылары қаражатсыз қалады.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Әсел Ахметованың айтуынша, 1 маусымнан бастап салық органдары салықтық әкімшілендіру аясында қабылданып жатқан барлық шараларды қайта жандандырды.

- Карантин кезеңінде салықтық тексерулерді жүргізу кезінде салық төлеуші орналасқан жері бойынша болмаған жағдайда, ол аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына осы мекенжай бойынша тіркелгенін растайтын құжаттарды және орнында болмау фактісі бойынша түсіндірмені ұсынады. Түсіндірмеде кеңседе болмау себептерін көрсетеді. Мысалы, карантинде үйінде болғандығы туралы, мұндай түсіндірмелерді біз жұмысқа қабылдаймыз. Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлерінен біздің атымызға шағым түскен жоқ. Біз салық төлеушілердің жағдайын түсінеміз, - деді Әсел Ахметова.

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов салық инспекторларының әрекеттеріне қатысты шағымдарды назардан тыс қалдырмайды. Ол жақын арада "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан Мемлекеттік кірістер комитетіне оның аумақтық органдары қызметкерлерінің іс-қимылдарының заңдылығы туралы сұраныс жіберетінін мәлімдеді. Осындай фактілер орын алған жағдайда қорғаушы кәсіпкерлерден өңірлік палаталарға жүгінуді сұрады, палата мемлекеттік кіріс органдарымен проблеманы одан әрі пысықтайтын болады.

- Біз Үкімет алдында салықтық бақылау шараларын тоқтата тұру туралы бастамашылық жасадық. Төтенше жағдай кезінде салықтық тексеру мерзімдері, өсімпұл есептеу және банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларына тыйым салу тоқтатылған болатын. Жұмысын қайта бастаған көптеген кәсіпкерлер шоттарына тыйым салынғандықтан дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін қаржы таппай қалды, ал кейбіреулері медициналық мекемелерде емделіп жатқандықтан, Мемлекеттік кірістер органдарының хабарламаларына уақтылы жауап бере алмады, - деп нақтылады Рустам Жүрсінов.

Оның пікірінше, коронавирустық инфекция жағдайы тұрақтанғанша бақылау мен салық төлеушілерден мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын тоқтата тұру қажет.

 

Марина Демченко

 

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі