Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Темекі сатып алу үшін құжат талап етіледі
АЛМАТЫ, Sputnik, Тимур Ниталиев
Жақында қабылданған Денсаулық кодексі тағы да қазақстандықтардың сынына ұшырады. Екпе салдыруға қарсы болғандардың орнын енді темекі шегетіндер басты, өйткені кодекс нормасына сәйкес енді олар темекі сатып ала алмайды
Темекі шегетін қазақстандықтар темекі сатып алу кезінде проблемаға тап болды - сатушылар сатып алушының жеке басын және жасын куәландыратын құжаттарды көрсетуді талап етеді. Жақында қабылданған, 17 шілдеде күшіне енген Денсаулық кодексіне сәйкес құжат талап ету міндеттелді.
"Менің көз алдымда супермаркетте 70 жастағы қарияға темекі сатудан бас тартты, өйткені оның жеке басын куәландыратын құжаты жоқ еді. Кассир сатып алушының 21 жастан әлдеқашан асып кеткенін көріп тұрса да, сұраған тауарын сатпады, заң солай. Қария дүкеннен темекі ала алмай кетті", - деді алматылық Виктор.
Кодексте не жазылған
110 баптың 4-тармағында былай делінген:
"Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелері мен олар үшін сұйықтықтарды сатуды жүзеге асыратын адамдар:
- жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге міндетті;
- егер жеке басын куәландыратын құжат ұсынылмаса, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелері мен олар үшін сұйықтықтарды сатудан бас тартылсын".
Заңның тұжырымдамасында ерекше жағдайлар ескерілмеген, яғни сатушы тіпті зейнеткерлерден де құжат сұрауға міндетті.
"Жеке куәліктен басқа, біз төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін де қабылдаймыз. Өкінішке орай, наразылық көп. Кассирлер бұл жаңа кодекстің талабы екенін түсіндіреді. Бірақ олар барлық сатып алушылардан құжат сұрауға міндетті", - деді супермаркеттер желісінің бірінің PR-менеджері Дмитрий Шишкин Sputnik Казахстан-ға берген түсініктемеде.
Бұл талапты тұрғындар әлеуметтік желілерде барынша сынға алды, өйткені қазақстандықтар мұншалықты қиындық тудыратын ереже не үшін енгізілгенін түсінбейді. Біразы заң жобасын әзірлеушілер оны қабылдауға асықты және Кодекстің іс жүзінде қалай әрекет ететінін ойламады деген болжам жасады.
Кодекс жобасында басқа тұжырымдама болған
"Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмилә Садықова Sputnik Казахстан-ға мәжілісте Кодекс жобасын талқылауға қатысқандығын, және де жобада басқа тұжырым болғандығын мәлімдеді. Онда сатушы сатып алушыдан оның жасына қатысты күмән туындаған жағдайда ғана құжат талап етуі тиіс деп жазылған.
Алайда, Жәмилә Садыкованың айтуынша, бұл тұжырым Үкіметте "жоғалып кеткен".
"Мен қоғамдық ұйымның өкілі ретінде Мәжілістегі жобаны талқылауға қатыстым. Бұл тұжырымға өзгеріс енгізілгендігіне назар аудармаппын. Құжат Үкіметте мақұлдаудан өтті. Бірнеше департамент пен заңгерлер қарады. Мен жобаны Үкіметке жіберер алдында көрген едім. Онда азаматтың жасы туралы тұжырым болған еді, Денсаулық сақтау министрлігі оған ешқандай өзгеріс енгізген жоқ. Мәжілісте де еш өзгеріс енгізілген жоқ, өйткені мәжіліске үкіметтік нұсқа енді. Өзгеріс Үкіметте енгізілді", - деді Жәмилә Садықова.
Егер темекі сатып алуға байланысты осындай қолайсыздықтар біреуді темекіні тастауға итермелесе, құба-құп.
Қаз қалпына келтіруге бола ма
"Атамекен" ҰКП-да темекі өнімдерін сату кезінде жеке куәліктің сөзсіз және міндетті талабы бойынша нормаларды талқылау кезінде палата мен Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері бұл мәселені ауызша көтерді.
"Жұмыс тобының мүшелері бұл мәселені назарға алды, алайда тиісті түзетулер енгізілмеді", - деді" Атамекен " ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Еркін Наурызбеков Sputnik Казахстан-ға берген түсініктемеде.
"Атамекен" ҰКП кодекске түзетулер енгізу туралы өтінішпен Үкіметке жүгінуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды.
Бизнес-омбудсмен: талаптар көңілге қонымсыз
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов әзірге кәсіпкерлерден ресми шағым түспегендігін мәлімдеді.
"Бірақ телефон арқылы хабарласып, шағымданушылар бар. Шағын бизнес түсіндіру мен кеңесті қажет етеді, өйткені кейбір талаптар (ашық айтайық) көңілге қонымсыз. 21 жасқа дейінгі жастарға темекі мен басқа да темекі өнімдерін сатуды шектеуге қатысты бәрі түсінікті, ал әрбір сатып алушыдан жеке куәлікті талап ету өте жоғары талап", — деді Жүрсінов.
Ол бұл жағдайда қарапайым кәсіпкерлер көп зардап шегетінін айтты. Бір жағынан - наразы сатып алушылардың агрессиясы, екінші жағынан — тексеруші органдар тарапынан бопсалау әрекеттері де орын алуы мүмкін. Оның айтуынша, қазір "Атамекен" ҰКП сарапшылары Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мәселені шешу мүмкіндіктерін қарастыруда.
"Талаптарды нақтылау қажет. Халықтың, оның ішінде өскелең ұрпақтың денсаулығына қамқорлық жасау қажет екендігіне ешкім қарсы дау айтпайды. Бірақ талап ақылға симайтын жағдайға жетіп, оны сақтау мүмкін болмаған кезде, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туындайды", - деп, түйіндеді Жүрсінов.
Алкоголь өнімдерін сатып алушылар алдында да осындай проблема тұр. Sputnik Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінен түсініктеме беруін өтінді.