Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Камералдық бақылау бизнестің тиімділігін қалай арттырады
Мемлекеттік кірістер комитеті өзекті сұрақтарға жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
Алматыда өткен "Салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері" атты конференция барысында ҚР салық заңнамасының нормаларын камералдық бақылауда қолдануға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
2019 жылдың 2 қыркүйегінде мораторий жарияланды, ол шағын бизнес субъектілерін үш жылға салық төлеуден босатады және тексеруге тыйым салады. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қашықтықтан жүргізілетін мониторинг басқармасының басшысы Әнуар Сүлейменов өз сөзінде енгізіліп жатқан өзгерістерге байланысты камералдық бақылаудың рөлі аса маңызды болып табылатынын атап өтті. Мұндай бақылаудың мақсаты – салық төлеушіге қатысты айыппұл санкциялары болса, оған жол берілген бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру. Бұл салық тексерулерін қысқартуға мүмкіндік береді.
"Жылдан жылға камералдық бақылау хабарламаларын жіберу арқылы бұзушылықтарды өз бетінше жоюға баса назар аударылып отыр. Өткен жылы салық төлеушілер 1 трлн 854 млрд теңгенің айырмашылығын жойды, нәтижесінде 317 млрд теңгеге салық есептелді. Бұзушылықтарды талдау жіберілген хабарламалардың басым бөлігі сауда саласындағы салық төлеушілерге тиесілі екендігін көрсетеді. Хабарлама саны - 86 мың", – деді Әнуар Сүлейменов.
Департамент басшысының айтуынша, түсімдердің ең көп сомасы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі. Олардан 126 млрд теңге түсті. Екінші орында шағын бизнес – 110 млрд теңге.
Қазіргі уақытта камералдық бақылау салық төлеушіге декларацияны ұсыну қажеттілігі туралы ескерту құралы ғана емес, сонымен қатар салықтан жалтаруды және кәсіпкер жасырған табысты анықтау құралына айналды. Бұған бір күндік фирмалармен өзара есеп айырысудың болуы, растаушы құжаттарсыз шығыстардың артуы және т.б. мысал бола алады. Атап айтқанда, 2019 жылдың басынан бастап фискалдық чектер пайдаланылады, субсидиялар, электрондық шот-фактуралар, ЕЭО шеңберіндегі экспорт және т. б. онлайн режимде іске асырылады. Нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы бұзушылықтар үш есеге, ал 2017 жылмен салыстырғанда бес есеге өсті. Қалыптасқан жағдайға байланысты жіберілген хабарлама саны да артты. Хабарлама саны 2017 жылмен салыстырғанда үш есе, 2018 жылмен салыстырғанда екі есе өсті.
"Жыл сайын біз фискалдық әкімшілендіруді оңтайландырамыз, қашықтықтан бақылауды мөлшерлеу мен құру іске асырылады. Нәтижесінде жіберілген 380 мың хабарламаның 118 мыңы (42%) 1,8 млн.теңге сомасындағы бұзушылықтарды жоюға әкелді. 7 мың хабарламаға қатысты немесе 27% жағдайда салық төлеушілер түсініктеме берді, ол түсініктемелерді келесі камералдық бақылау кезінде қолданады. 12%-ына немесе 33 мың хабарламаға келер болсақ, салық төлеушілер хабарламаны ескермеген, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды", – деп толықтырды Әнуар Сүлейменов.
Басқарма басшысы алшақтықтар көбіне ҚҚС, КТС және жеке табыс салығында байқалатынын айтып өтті. 2019 жылы аталған салық түрлеріне қатысты 200 мыңдай (жалпы көлемнің 74%-ы) хабарлама жіберілген, бұзушылықтар сомасы 4,7 трлн. Салық төлеушілер есептеген негізгі сома ҚҚС бойынша 139 млрд теңгені, КТС бойынша 109 млрд теңгені құрады.
Тәжірибе мен шағым
Әнуар Сүлейменов камералдық бақылауға қатысты келіп түскен шағымдарды қарау тәжірибесін де назардан тыс қалдырмау қажет екендігін атап өтті. 2019 жылы 897 шағым берілді. 635 жағдайдың 74-і салық төлеушілердің пайдасына шешілді, бұл 11% құрайды. Сотқа берілген 267 шағымның 12-сі салық төлеушілердің пайдасына шешілді. Шағымдардың қалған бөлігі салық комитетінің пайдасына шешілді. Шағымдардың басым бөлігі тіркеуі жарамсыз деп танылған салық төлеушілердің контрагенттерінен түскен. Олар 31%-ды құрайды. Екінші орында - сот мәмілелерін жарамсыз деп таныған контрагенттердің шағымдары - 12%.
"Келіп түскен шағымдардың жоғарыда аталған статистикасы бізді ойға қалдырды. Шағымдарды азайту керек, мұны жеке камералдық бақылау процестерін қайта қарау арқылы іске асыруға болады. Қазіргі уақытта камералдық бақылау бойынша жұмыс тобы аясында камералдық бақылаудың үлгілері мен рәсімдері талқыланып жатыр. Мұндай талқылаулардың қорытындысы бойынша тиісті түзетулер енгізілетін болады", – дейді спикер.
Сондай-ақ салық төлеушілердің, атап айтқанда Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне ағымдағы жылдың басында камералдық бақылау бойынша бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, бұдан былай Министрдің бұйрығымен бекітілген хабарламалардың орындалмауы туралы шешім бес күн ішінде шығарылады, ал бұрын шығару мерзімі көрсетілмеген еді. Бұл салық төлеушіге банк шоттарына тыйым салынбай тұрып бұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, салық төлеушілерге бес жұмыс күні ішінде хабарламаларды орындау кезінде шешімдерге шағымдану құқығы берілген. Монополияға қарсы комитет мүшелерінің ұсынысына сәйкес осы жоба шеңберінде мерзімін бес жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін ұлғайтуға қатысты түзету әзірленді. Заң жобасы қаралып жатыр. Сондай-ақ мерзімі өтіп кеткен қаулыға салық төлеушінің өтінішхатын енгізу құқығы берілді. Және де шағым қаралғанға дейін шешімдерге шағым берген кезде салықтық тексерулер тағайындалмайды.
Министрдің жоғарыда аталған бұйрығына өзгерістер әзірленді, оған сәйкес хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешімді салық есептілігін тапсыру немесе түсініктеме беру сәтінен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік кіріс органдары шығарады. Бұл салық төлеушіге хабарламаның аяқталу мерзімі аяқталғанға дейін бұзушылықтарды толық көлемде жоюға құқық береді. Осы бұйрық жобасы Әділет министрлігіне қарауға жіберілді.
"Сондай-ақ, 2020 жылы салық төлеушілер тарапынан наразылық тудырмау үшін біз Монополияға қарсы комитет, "Атамекен" ҰКП, МКК өкілдерінен тұратын комиссия құруды ұсынамыз. Тиісті ұсыныс жіберілді. Аталған комиссия шеңберінде шағымдар, атап айтқанда камералдық бақылау хабарламаларына қатысты түскен шағымдар қаралатын болады. Шағымдарды қарау қорытындылары бойынша хабарламаға берілетін жауап үлгілерінің базасы құрылды. Камералдық бақылау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бізге салық төлеушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік кіріс комитеті жұмысты одан әрі жалғастырмақ ниетте", – деді департамент басшысы.
Мария Галушко
Толығырақ: https://inbusiness.kz/ru/news/kak-kameralnyj-kontrol-povysit-effektivnost-biznesa