Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
ҚР Президенті: Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық айтарлықтай нығая түсті
НЬЮ-ЙОРК. Қазақпарат – Мемлекет басшысы Нью-Йорктегі ресми бағдарламасын ірі америкалық компаниялар басшыларының қатысуымен өткен дөңгелек үстелмен аяқтады, деп хабарлайды "Қазақпарат" ХАА хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан-Америка бизнес-қауымдастығының мүшелерін 20 жылдығымен құттықтап, осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Президент америкалық бизнесмендердің назарын Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы АҚШ-қа сапары аясында өткен Қазақстан-американдық кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылған сәттен бастап екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың айтарлықтай нығая түскендігіне аударды.
Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін еске салды: біздің елімізге құйылатын американдық инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд доллардан асты, Қазақстанда 500-ден астам америкалық компания жұмыс істейді.
"2018 жылы Қазақстанға тікелей құйылған американдық инвестициялар 5,3 млрд долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты, өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 млрд долларды құрады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айта отырып, америкалық бизнесмендердің назарын еліміздің прогресінің үш маңызды құрамдас бөлігіне аударды: қолайлы инвестициялық ахуал, нарық пен коммуникацияны дамыту, сондай-ақ адами капиталды нығайту.
Мемлекет басшысы америкалық серіктестерге Қазақстан Үкіметі заң үстемдігін, келісім-шарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету жолымен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыратынын айтып өтті. Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыстың негізгі міндеті тұрақтылық пен болжамдықты сақтау болып табылады.
Сондай-ақ баяндама барысында Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және адами капитал саласындағы мүмкіндіктері туралы да сөз қозғалды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көліктік-логистикалық мүмкіндіктеріне жеке тоқталып өтті.
"Қазақстан Шығыс пен Батысты қосатын маңызды көлік хабы болып табылады. Трансконтиненталдық бағыттардың 70%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді", - деп атап өтті Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Америка іскер топтарының өкілдеріне ел Президенті ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсайтындығын айтып өтті.
Сол күні Мемлекет басшысы бірқатар ірі халықаралық компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.
"Royal Dutch Shell" компаниясының бас атқарушы директоры Бен Ван Барденмен Президент мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
"JPMorgan Chase & Co" трансұлттық компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен Мемлекет басшысы қаржы институттары желісі бойынша өзара іс-қимылды қарастырды.
"Tyson Fresh Meats" компаниясының президенті Стив Стауффермен және "Valmont Industries" компаниясының бас атқарушы директоры Стив Каневскимен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Стартап-жобалар саласындағы ынтымақтастық перспективалары "Plug' n Play" компаниясының бас атқарушы директоры Саид Амиди және басқарушы серіктес, венчурлік қордың және "500 Startups" стартап-акселераторының вице-президенті Беди Янгпен кездесу барысында қаралды.
Қазақстан Президенті электрондық сауда саласындағы өзара іс-қимылды "Amazon Web Services" компаниясының жаһандық мемлекеттік саясат жөніндегі вице-президенті Майкл Пункемен талқылады.