Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Қазақстандық өндіруші Қытайда сабын саудасын жолға қойды
Қытайда бизнесті жүргізудің ерекшелігі жөнінде қазақстандық сабын қайнату компаниясының басшылары айтып берді
Қазақстандағы алғашқы және бүгінгі таңдағы жалғыз сабын қайнату зауыты Алматы облысындағы Түрксіб ауданында орналасқан. Онда айына әртүрлі сабынның 100 тоннасы шығарылады, олар көпшілікке арналған TAZA (экономдық сегменті) және SULU брендімен сатылады. Қазақстандық нарықта SULU сабыны жақсы танымал, ол елдің барлық ірі супермаркеттерінде сатылады. Қазіргі кезде зауыттың иесі «Адал плэнт» ЖШС осы брендті көршілес елдердің нарығына шығаруда. Қытай нарығын зерделеп, онда өз тауарын шығару үшін менеджерлер екі жылдан астам уақыт жұмыс істеді.
- Сабын халықаралық стандарттарға сай шығарылады. Оған Түрік технологиялары негіз болды, өйткені Түркия сабын жасаудан әлемдік көшбасшы болып табылады. Осы сала бойынша беделді маман, Еуропа мен Азия елдерінде жұмыс тәжірибесі мол Чилик Ата Кемалді жұмысқа шақырдық. Ол өндірісті ұйымдастыруға, қызметкерлерді оқытуға көмектесті, ерекше рецептер жасап шығарды. Қазір қатты сабынның 40-тан астам түрі бар – иіс сабын, дерматологиялық сабын, балалар сабыны, әмбебап «кір сабын», - деп, өндіріс жайында «Адал плэнттің» коммерциялық директоры Ерген Сейсебаев айтып өтті.
Зауыт құрылысына салынған инвестиция мен ол орналасқан 1,5 гектар жерді сатып алуға 680 млн. теңгені жұмсалды. Өндірісте пальма майы негізінде жасалған малайзиялық түйіршіктер қоданылады, ал хош иістендіргіштер, сығындылар мен дәрумендер – Еуропада шығарылады. Өткен жылы зауыт зиянсыздыққа қол жеткізді және 2018 жылы пайда табуға үміттенеді. Осыған байланысты қытайлық нарыққа үлкен үміт артып отыр. Компания Қазақстандағы соңғы девальвациядан кейін бағаны көтермеу туралы шешім қабылдап, минималды маржа деңгейінде жұмыс істеуде.
- Маркетологтар бізге бағаны көтермеуге кеңес берді. Бізге қалайда нарыққа шығу және танымал бренд құру қажет болды. Осы бастамамызда бізге ірі супермаркеттер мен «Қазақстанда жасалған» акциясы қолдау көрсетті, - дейді «Адал плэнттің» бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Толқын Исабекова.
Неге Қытай? Өйткені Толқын Исабекованың айтуынша, Ресей нарығына шығудың келешегі жоқ деп бағалаған екен зауытта. Себебі Ресейде сабын жасау саласында елеулі бәсекелестік бар. Көптеген зауыттар май комбинаттарымен бірлесе жұмыс істеп, олардан арзан шикізат сатып алады. Қазақстанда ондай комбинаттар жоқ. «Адал плэнт» зауыты жануар майын емес, өсімдік майын қолданады, ол қымбатырақ болғанымен, бүгінде «органиқалық» өндіріс өте танымал. Есесіне Қытайда өздерінің үлкен нарығы болғанына қарамастан, шетелдік брендтерге сұраныс жақсы.
Бүгінде SULU иіс сабыны Қытайдағы супермаркет сөрелерінде әйгілі әлемдік брендтердің жанында сатылуда. Бірақ зауыт басшыларының пікірінше, келіссөздер ұзаққа созылып, шыдамдылық танытуға тура келген екен. Қытай нарығына кіру үшін зауыт өзінің өкілдігін ашуы немесе өнімнің сапасына кепіл бергісі келетін жергілікті дистрибьюторларды іздеуі керек болған. Менеджерлер Қытайда оқу семинарларына қатысып, бизнесмендермен және шенеуніктермен кездесті, бизнес жүргізудің ерекшеліктерін зерттеді. Қытай тілін жақсы білетін, Қытайдан шыққан сату бойынша маман - этникалық қазақ жұмысқа шақырылды. Соңында, SULU сабынының дистрибьюторы RT Mart супермаркеттер желісі болды, ол гонконгтық сауда компаниясы Sun Art Retail Group-ке тиесілі.
- Екі жыл бойы келіссөздер жүргізіліп жатқан уақытта үлгілерге бірнеше рет Бейжіңде сараптама жүргізіліп, қажетті сертификаттар берілді. Бұған қоса, әр партияның сапасы жеке тексеріледі. Дистрибьюторлық компания 20 күндік «карантиндік» тауарларды қабылдайды. Осы уақыт ішінде сабынның мәлімделген стандарттарға сәйкестігі тексеріледі. Қытайлықтар тұтыну тауарларының сапасын жіті қадағалайды, - деп түсіндіреді Ерген Сейсебаев.
Қазақстан үшін ақылға қонымсыз болып көрінгенімен, Қытайда сапасыз өнімді өндірушілер өлім жазасына кесілген жағдайлар болған. Мәселен, 2009 жылы улы нәресте тамақ өнімдерін шығаратын компаниялардың топ-менеджерлері ең жоғары жаза алды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін елде көп деңгейлі тексерулер жүйесін қабылдаған. Бұған моральдық жағынан дайын болу керек дейді зауыт менеджерлері. Өйткені, дистрибьютор өндірушімен бірге сатылатын тауарларға қатысты жауапкершілікті бірдей бөліседі.
- Біз үшін нарықты зерттеп қана қоймай, артықшылықтарды түсіну маңызды болды: қытайлық тұтынушыға не қажет? Олардың қазақстандықтардан қандай айырмашылығы бар? - дейді Толқын Исабекова.
Қытайдағы ауқымды нарық кез-келген өнімді «жұта береді» деген танымал пікір дұрыс болмай шықты. Мысалы қазақстандық сатып алушы жеңілдіктерге көп көңіл бөледі және целлофан қаптағы «3+1» немесе «4+1» сабындарды сатып алуға дайын. Ал қытайда сәнді қаптама мен дизайнға көбірек көңіл бөледі. Сондықтан да күн асты елінде SULU иіс сабыны арнайы картон қорапта жеке-жеке сатылады. Құрамы бірдей болғанымен бұл пакеттегі сабын аса беделді көрінеді. Және де Қытай супермаркеттері сары түсті «лимон» сабынынан бас тартты, олар жарқын түстер - қызғылт түсті раушан мен жасыл алма түстісіне таңдау жасады.
Сонымен қатар, Қытайда Интернет-сауда өте жақсы дамыған. Зауыт сауданың бұл түрін әлі игерген жоқ, бірақ оның болашағы зор деп санайды.
- Қытайда бизнесті дамытуды жоспарлап отырған қазақстандықтар бұл тәжірибені үйреніп, қабылдауы керек. Қытай - Alibaba, Taobao жұмыс істейтін ел. Бүкіл дистрибуция жүйесінің дерлік интернет-дүкендері бар, ал Қытайдағы сауда айналымының шамамен 70%-ы интернет-сатылымға жіберіледі, - дейді Толқын Исабекова.
Қазір компания басшылары Қазақстандағы сабын нарығының көшбасшысы болуға, сондай-ақ алыс және жақын шет елдердің нарықтарын мұқият меңгеруге тырысуда. Бұл тауар желісін кеңейтуге көмектесуі тиіс, кір жуу ұнтағын шығару жоспарланып отыр. Жақында дерматитті емдеу үшін емдік сабын сатуды бастады, онда төрт шөптің майы бар, зауыт оған үлкен сенім артуда.
шолушы