Бизнес-омбудсменнің хаттары

30.01.2026

Жоғарғы Сот Төрағасына «БИКО» ЖШС-нің ісі бойынша (30.01.2026)

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының төрағасы
А.А. Мерғалиевке 

Асламбек Амангелдіұлы!

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының заңдылықты қамтамасыз етуге, құқық нормаларын біркелкі қолдануға, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған қызметіне айрықша көңіл бөлетіні үшін шынайы құрметім мен ризашылығымды білдіремін. Сонымен бірге «БИКО» ЖШС ісі бойынша қалыптасқан жағдай елеулі алаңдаушылық туғызады, өйткені ол құқықтық айқындықтың, сот шешімдерінің түпкіліктілігінің және меншікке қол сұғылмаушылықтың іргелі қағидаттарына тікелей әсер етеді.

Осы өтініштің мәні – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамашылық наразылығы негізінде «БИКО» ЖШС-нің азаматтық ісі бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің қайта және негізсіз қаралуына байланысты. Аталған наразылық нәтижесінде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы шешім қабылдап, жуырда құрылған кассациялық сот бұрын 2019-2024 жылдары қабылданып, расталған және күшіне енген сот шешімдеріне тікелей қайшы келетін сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.

2002 жылы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – «ҚЗҚ» ҚБ) мен «БИКО» ЖШС арасында жалпы ауданы 3145,3 шаршы метрді құрайтын тұрғын емес үй-жайды және жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарты жасалды. Мәміле толық көлемде орындалды, есеп айырысу қарыз шарты бойынша өзара есепке алу жолымен жүргізілді, меншік құқығы заңда белгіленген тәртіппен тіркелді және он жеті жылдан астам уақыт бойы дауланған жоқ.

Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 8 мамырдағы шешімімен «ҚЗҚ» ҚБ-ның талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот «БИКО» ЖШС-нің заң шеңберінде әрекет еткен адал сатып алушы екенін және мәмілені жарамсыз деп тануға негіздердің жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар, «ҚЗҚ» ҚБ-ға келтірілген материалдық зиянды өтеу мәселесі бұрыннан сотпен шешілгені, талапкер өз құқығын қылмыстық іс жүргізу шеңберінде азаматтық талап қою арқылы іске асырғаны және осы жағдайда жылжымайтын мүлікті қайтаруды талап ете алмайтыны көрсетілді, өйткені бұл бір мүддені екі рет қанағаттандыруға әкеледі, ал мұндай мүмкіндік заңда көзделмеген. Аталған тұжырымдар апелляциялық саты сотымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен расталды.

Соттар сондай-ақ «ҚЗҚ» ҚБ-ның бұрынғы басшысы Б.А. Аубакировқа қатысты қылмыстық істе даулы мүлікті иеліктен шығару бөлігінде ұрлық белгілерінің жоқ екенін анықтады. 2016 жылғы 16 ақпандағы сот үкімімен келтірілген зиянды өтеу мәселесі түпкілікті шешіліп, сотталған адамнан «ҚСҚ» ҚБ пайдасына бір миллиард теңгеден астам сома өндіріп алу белгіленді, оның елеулі бөлігі нақты өндірілді. Осылайша «ҚЗҚ» ҚБ-ның мүліктік мүдделері қалпына келтірілді, ал даулы жылжымайтын мүлікті қайтаруға құқықтық негіздер болмады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы «БИКО» ЖШС-нің 2024 жылғы 26 маусымдағы өтінішіне берген жауабында наразылық келтіруден бас тартып, бұл даудың Бас Прокурор тараптардың өтініші бойынша сот актілеріне наразылық келтіре алатын істер санатына жатпайтынын, яғни «ҚЗҚ» ҚБ-ның тиісті өтінішін қарауға процессуалдық мүмкіндік жоқ екенін көрсетті.

Алайда соған қарамастан, 2024 жылғы 10 қыркүйекте бастамашылық наразылық енгізіліп, ол істі Жоғарғы Сотта қайта қарауға негіз болды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысы бұрын соттармен зерттеліп, негізсіз деп танылған уәждерді іс жүзінде қайталап қана қоймай, сонымен қатар 2002 жылы жасалған мәмілені бағалау үшін құқықтық маңызы жоқ жаңа мән-жайларды қамтыды.

Мұндай тәсіл сот шешімдерінің түпкіліктілігін білдіретін res judicata қағидатын – құқықтық мемлекеттің негізін құрайтын қағидатты бұзады және азаматтық айналымның тұрақтылығына деген сенімді әлсіретеді.

Дауланып отырған сот актілерінде заңды тұлға басшысының құқыққа қарсы әрекеттері мен мәміленің өз құқыққа қарсы сипаты негізсіз түрде теңестірілген. Белгілі бір тұлғаның заңсыз мінез-құлқы азаматтық-құқықтық мәміленің құқыққа қайшылығымен тең емес. Қылмыстық үкімнің салдарын адал контрагентке автоматты түрде жүктеу құқықтық айқындық қағидатын бұзып, азаматтық заңнаманың негіздеріне қайшы келеді.

Сонымен қатар апелляциялық және кассациялық саты соттары талап қою мерзімінің өтіп кеткенін толықтай елемеді. Мәміле 2002 жылы жасалып, «ҚЗҚ» ҚБ-ның уәкілетті органдарымен бекітілген, әрі ұйым органдары мүлікті иеліктен шығару мән-жайлары туралы шарт жасалған сәттен бастап хабардар болғаны анық. Осылайша талап қоюдың жалпы үш жылдық мерзімі 2005 жылы-ақ аяқталған.

Бұдан бөлек, реституция формалды түрде қолданылған – объектінің нақты жағдайына, мүліктің елеулі өзгерістеріне, тараптар мен үшінші тұлғалар үшін салдарларға, сондай-ақ таңдалған қорғау тәсілінің тепе-теңдігіне баға берілмеген. Мұндай көзқарас реституцияны қалпына келтіру тетігінен нақты заңды мүдделер теңгерімін қамтамасыз етпейтін формалды құралға айналдырады.

Даулы объектінің нақты құны мен «БИКО» ЖШС-нің шеккен шығындарына да назар аудару қажет. 2002 жылы объект 33 миллион теңгеге сатып алынғанымен, бүгінгі таңда оның нарықтық құны едәуір артқан. Сонымен қатар «БИКО» ЖШС объектіні тиісті күйде ұстау және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат салды, алайда бұл да істі қайта қарау кезінде ескерілмеді. Аталған мән-жайлар Бас прокуратура тарапынан да, барлық сот сатыларында, соның ішінде «ҚЗҚ» ҚБ-ның өзімен де толықтай назардан тыс қалдырылды.

Осыған байланысты нақты сұрақ туындайды: сот бүгінгі экономикалық жағдайды, инфляцияны, индексацияны және жылжымайтын мүлік бағасының өсуін ескере отырып, ақшалай қаражатты қайтару мәселесін қалай бағаламақ. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 239-бабына сәйкес, ақшалай талаптар сомасы индексациялануға жатады, бұл реституция көлемін айқындау кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адал азаматтық айналым қатысушыларының құқықтарын қорғау және мүліктік міндеттемелерді экономикалық шынайылықты ескере отырып әділ есептеу қажеттігін бірнеше рет атап өткен, бұл аталған жағдайға тікелей қолданылуы тиіс.

Осыған орай 2025 жылғы апелляциялық және кассациялық саты соттарының шешімдері болашақта міндетті түрде қайта қаралуы тиіс, өйткені керісінше жағдайда адал кәсіпкердің мүлде ештеңесіз қалу қаупі туындайды, сондай-ақ 2019 жылғы «БИКО» ЖШС пайдасына шығарылған шешімдерді екі рет өзгеріссіз қалдырған Жоғарғы Соттың беделіне нұқсан келуі мүмкін. Мұндай тұрақсыздық жағдайында құқықтық коллапс қалыптасады: индексацияны және өзге де экономикалық факторларды ескере отырып, ақшалай қаражатты қайтару туралы жаңа талап қою ықтималдығы туындайды, ал «ҚЗҚ» ҚБ бастапқыда мұны ескермей, өз құқықтарын өзіне шығын келтірмей мүлікті қайтару жолымен іске асыруға тырысты. Мұндай тәсіл жол берілмейді, өйткені ол заңды түрде сатып алынған мүлікті қорғау қағидатын бұзады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде «БИКО» ЖШС-нің заңды түрде иеленген мүлкі адал сатып алушының меншігінде сақталуы тиіс, ал оған қойылатын кез келген талаптар индексацияны қоса алғанда, қолданыстағы құқықтық нормаларды ескере отырып есептелуі және адал тарапқа зиян келтірмеуі қажет.

Осыны ескере отырып, Сізден:

  • істі қайта қарау барысында шығарылған сот актілерінің заңдылығына тексеру жүргізуді;
  • олардың материалдық және процестік құқық нормаларына, сондай-ақ құқықтық айқындық пен сот практикасының біркелкілігі қағидаттарына сәйкестігіне баға беруді;
  • бұзушылықтар анықталған немесе жол берілген құқықтық ауытқуларды жою орынды деп танылған жағдайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2025 жылы заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізу мәселесін қарастырып, оларды жою және адал кәсіпкер «БИКО» ЖШС-нің құқықтарын қорғауды әрі оның мүліктік құқықтарын толық қалпына келтіруді қамтамасыз ететін бұрын 2019-2024 жылдары қабылданған шешімдерді күшінде қалдыруды сұраймын.

Қарау нәтижелері туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге заңда белгіленген мерзімдерде хабарлауыңызды өтінемін.

Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі