Бизнес-омбудсменнің хаттары

28.01.2026

Жоғарғы Сот Төрағасына Сот әкімшілігінің қызметі туралы (28.01.2026)

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының төрағасы
А.А. Мерғалиев
ке 

Асламбек Амангелдіұлы!

Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кеңсесіне келіп түсетін өтініштерді талдау барысында «Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі» ММ (бұдан әрі – Сот әкімшілігі) қызметінде сот төрелігіне қол жеткізуге заңсыз кедергілер келтіретін және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгіну арқылы соттық қорғау құқығын іске асырып отырған кәсіпкерлердің құқықтарын бұзатын фактілер анықталды.

 «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігі тек сот арқылы жүзеге асырылады. Сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жататын өтініштер, арыздар мен шағымдар қандай да бір өзге органдармен, лауазымды немесе басқа тұлғалармен қаралуы мүмкін емес.

Аталған Конституциялық заңның 56-бабына сәйкес, Сот әкімшілігі соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Сот әкімшілігі сот органы болып табылмайды, ал оның лауазымды тұлғалары судья өкілеттіктеріне ие емес.

Соған қарамастан, іс жүзінде кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР АПК) 454-2-бабында көзделген тәртіппен заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау қажеттігі туралы өтініштері Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына ұсынылғанымен, Жоғарғы Сот судьясының қарауына берілмей, Сот әкімшілігінің жалпы бөлімінің лауазымды тұлғаларының хаттары арқылы өтініш ретінде қайтарылып, мәні бойынша қаралмай отырған жағдайлар орын алуда. 

Атап айтқанда, 2025 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына Н.Е. Джакишевтің заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау қажеттігі туралы өтініші тапсырылған.

Аталған өтініш Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүргізілген, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген сот реформасына байланысты берілген. Аталған реформа аясында ҚР АПК-нің 434-бабына өзгерістер енгізіліп, бұрын кассациялық сатыда заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауға кедергі келтірген процестік шектеулер алынып тасталған болатын.

Алайда, көрсетілген өтініш Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьясының қарауына берілмей, заңда белгіленген тәртіппен қаралмады және 2025 жылғы 15 шілдеде Сот әкімшілігінің жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары К.Ж. Жақсыбергеновтің тарапынан «қайта берілген» деген негізбен өтініш иесіне қайтарылды.

Бұл ретте, қолданыстағы процестік заңнамада ҚР АПК-нің 454-2-бабында көзделген тәртіппен берілетін өтініштердің санына да, оларды беру мерзіміне де шектеулер көзделмеген, ал оларды қарау Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьясының айрықша құзыретіне жатады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №106 Жарлығымен бекітілген Сот әкімшілігі туралы ережеде Сот әкімшілігіне процестік құжаттарды қарау, судьяның орнына шешім қабылдау, сот актілерінің заңдылығын бағалау немесе процестік өтініштерді судьяға жолдамай қайтару жөніндегі өкілеттіктер берілмеген. Осылайша, Сот әкімшілігінің лауазымды тұлғаларының сот ісін жүргізуге қатысушылардың өтініштерін іс жүзінде қарап, қайтаруы өкілеттіктерді асыра пайдалану және судья функциясын алмастыру болып табылады, бұл заңға қайшы.

Аталған әрекеттер сот төрелігіне қол жеткізуге заңсыз кедергілер туындатып, кәсіпкерлік субъектілерінің сот жүйесіне деген сенімін әлсіретеді және оларды Конституциямен кепілдік берілген соттық қорғау құқығынан іс жүзінде айырады. Бұл әрекеттерге әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен шағымдану әрекеттері де бұзылған құқықтарды қалпына келтірмей отыр, себебі әкімшілік әділет соттары мұндай талап-арыздарды қараусыз қайтарады.

Осыған байланысты сұраймын:

  • «Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі» ММ лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін көрсетілген фактілерді зерделеуді;
  • Заң бұзушылықтар расталған жағдайда, өкілеттіктерін асыра пайдаланған Сот әкімшілігі қызметкерлеріне қатысты тиісті шаралар қабылдауды;
  • ҚР АПК-нің 454-2-бабында көзделген тәртіппен қаралуға жататын кәсіпкерлік субъектілерінен бұрын келіп түскен барлық өтініштердің Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьялары тарапынан ғана және заң талаптарына қатаң сәйкестікте қаралуын қамтамасыз етуді;
  • Сот төрелігіне қол жеткізуге кедергі келтіретін осындай заң бұзушылықтардың алдағы уақытта орын алмауына бағытталған шаралар қабылдауды.

Осы хатты қарау нәтижелері туралы, сондай-ақ Н.Е. Джакишевтің өтінішін жан-жақты әрі толық қарауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді хабардар етуіңізді сұраймын. 

Қосымша: өтініш. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі