Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
ҚР Мәжілісінің депутаты А.А. Баккожаевқа Бәсекелестік туралы заң жобасы бойынша (22.12.2025)
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
Экономикалық реформа
және өңірлік даму
комитетінің мүшесіне
А.А. Баққожаевқа
Құрметті Анас Ахатұлы!
Жаңа жыл қарсаңында шын жүректен құттықтауымды және ізгі тілектерімді қабыл алыңыз. Бірлескен жұмыс барысында көрсеткен конструктивті өзара іс-қимыл мен кәсіби ұстанымыңызды ерекше атап өткім келеді, сондай-ақ ашық әрі байыпты диалог үшін алғыс білдіремін. Алдағы жылы кәсіби қызметіңізде толағай табыс, тұрақтылық және қойылған міндеттердің табысты іске асуын тілеймін.
Сізге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қаралып жатқан «Бәсекелестік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасына (бұдан әрі — Заң жобасы) байланысты жұмыс тобының жетекшісі ретінде жүгініп отырмын.
Заң жобасында ұжымдық талап-арыздар институтын енгізуге қатысты бірқатар нормалар қамтылған. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі ретінде ұсынылып отырған өзгерістердің кәсіпкерлік субъектілері үшін ықтимал құқықтық және экономикалық салдарына назар аудару қажет деп санаймын.
Ұсынылған редакцияда ұжымдық талап қою институтын енгізу мәселелері мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен түрлі сараптамалық және диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Менің атыма бірнеше рет бизнес-қоғамдастықтардан осы институтты ұлттық заңнамаға енгізудің ықтимал тәуекелдері мен теріс салдарларына, атап айтқанда мынадай негіздер бойынша алаңдаушылық білдіретін жазбаша және ауызша өтініштер келіп түсті.
Біріншіден, ұжымдық талап-арыздар институтын енгізу бастамасын бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органның көтеруі сұрақ тудырады. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі мемлекеттік орган — Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті болып табылады және ол адамдар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында соттарға жүгіну өкілеттігіне ие. Бұл ретте адамдар тобының құқықтарын қорғау институты өзінің табиғаты бойынша тек антимонополиялық құқықтық қатынастар аясымен шектелмейді және жалпы азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайларда қолданылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бастамасымен адамдар тобының құқықтарын қорғау негіздерін кеңейту оның функционалдық құзыретінің шегінен шығу ретінде қарастырылуы мүмкін.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында анықталмаған адамдар тобының құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктері қарастырылғанын атап өткен жөн. Тиісті нормалар Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде бекітілген, бұл ұсынылған түрде қосымша нормативтік реттеу қажеттілігіне күмән келтіреді.
Екіншіден, жетекші қазақстандық құқықтанушы ғалымдар бірнеше рет атап өткендей, ұсынылған институт азаматтық заңнаманың базалық тұжырымдамалық ережелерінен ауытқумен, атап айтқанда сот процесіне қатысуға өз еркін білдірмеген адамдардың мүддесі үшін талап қою мүмкіндігі бөлігінде енгізіледі. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне енгізілетін тиісті түзетулер бойынша академик Майдан Сүлейменовтің қолымен дайындалған қорытынды Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне жолданған. Алайда бүгінгі күні әзірлеуші бұл ескертулерді ескерген-ескермегені туралы ақпарат жоқ, бұл салыстырмалы кестеде де көрсетілмеген.
Үшіншіден, ашық қолжетімділікте орналастырылған нормативтік құқықтық актілер жобаларының ғылыми-құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама қорытындыларында ұжымдық талап-арыздар институтын енгізуге қатысты ұсынылған нормалардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тұжырымдамалық тұрғыдан сәйкес келмейтіні, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екендігі көрсетіледі. Осыған байланысты әзірлеушінің аталған сараптамалық ескертулерді ескеру мәселесіне қатысты түсіндірме қажет деп санаймыз.
Төртіншіден, Заң жобасының салыстырмалы кестесінде залалды есептеу тәртібін көздейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілетін пысықталған түзетулер бар. Алайда залалдың құрамы мен есептелу мәселелерін реттеу процестік заңнаманың емес, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің нысанына жатады. Бұдан бөлек, ұсынылып отырған өзгерістер тек нақты келтірілген емес, сондай-ақ болжамды (келтірілуі тиіс) залалды да есепке алуды қарастырады, бұл азаматтық құқықтың негізгі қағидаттарына және залалды өтеу тұжырымдамасына қайшы келеді. Іс жүзінде Азаматтық кодекске тұжырымдамалық тұрғыдан даулы нормаларды енгізуді айналып өту әрекеті орын алып отыр.
Бесіншіден, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ұжымдық талап-арыздар институты тиісті процестік және материалдық-құқықтық шектеулер болмаған жағдайда жосықсыз субъектілер тарапынан бизнеске қысым көрсету құралы ретінде, оның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілерді банкроттыққа дейін жеткізу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Қазіргі экономикалық жағдайды, сондай-ақ жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты бизнеске түсетін жүктеменің артқанын ескере отырып, ұжымдық талап-арыздар институтын енгізу мәселелері бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Парламент депутаттарының, уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің, бизнес-қоғамдастық пен заң қауымдастығының қатысуымен кең қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру орынды деп санаймын.
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров





