Бизнес-омбудсменнің хаттары

14.11.2025

ҚР Бас Прокурорына “БИКО” ЖШС ісі бойынша (14.11.2025)

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа 

Құрметті Берік Нығметұлы!

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы заңдылықты нығайту, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелеріне тұрақты түрде ерекше мән беріп келе жатқаны үшін шынайы құрмет пен ризашылық білдіремін. Құқық үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы конструктивті өзара іс-қимыл мен бірлескен жұмысты жоғары бағалаймыз. Алайда дәл осы жағдайда Бас прокуратураның әрекеттері алаңдаушылық туғызып, құқықтық тұрақтылыққа қауіп төндіруде.

Алаңдаушылық тудырып отырған мәселе – Бас прокуратураның «БИКО» ЖШС ісі бойынша бастамашылық тәртіппен наразылық енгізуі. Соның нәтижесінде заңды күшіне енген сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында қайта қаралды. Наразылық, мәні бойынша, 2019-2024 жылдары қабылданып, барлық сатыдағы соттармен, оның ішінде ҚР Жоғарғы Сотымен де расталған сот шешімдерінің заңдылығына күмән келтірді.

2002 жылы «Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – «ҚЗҚ» ҚБ) мен «БИКО» ЖШС арасында жалпы ауданы 3145,3 ш.м. болатын Алматы қаласы, Мұратбаев көшесі, 134 мекенжайындағы тұрғын емес ғимарат пен жер теліміне жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарты жасалды. Бағасы — 33 000 000 теңге, бұл сома 2002 жылғы 20 тамыздағы қарыз шарты бойынша бұрын берілген қарыз есебіне жатқызылды. Мәміле толық орындалды және 17 жылдан астам уақыт бойы ешқашан даулар тудырған жоқ.

2019 жылғы 8 мамырда Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «ҚЗҚ» ҚБ-ның мәмілені жарамсыз деп тану туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот «БИКО» ЖШС-нің заң аясында әрекет еткен адал сатып алушы екенін, мәміле жасасу кезінде оның тарапынан қандай да бір құқық бұзушылықтың болмағанын анықтады. Керісінше, соттың тұжырымдары жауапкердің адал еместігін толықтай жоққа шығарып, мәміленің заңдылығын растады.

Апелляциялық инстанция (2019 жылғы 14 тамыздағы қаулы) және ҚР Жоғарғы Сотының сот алқасы (2020 жылғы 16 наурыздағы қаулы) бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, «БИКО» ЖШС-нің әрекеттерінің құқыққа сай екенін және дау нысанындағы мүлікке меншік құқығының заңды түрде өткенін қайта растады.

Соттар «ҚЗҚ» ҚБ бұрынғы төрағасы Б.А. Аубакировқа қатысты қылмыстық іс материалдарында баспахана ғимаратын иеліктен шығару бөлігінде ұрлық белгілері жоқ екенін айқындады. Пайдакүнемдік ниеттің болмауы оның әрекеттерін меншікке қарсы қылмыс ретінде саралауға жол бермейді. Сот үкімімен залалды өтеу мәселесі түпкілікті шешілді: Аубакировтан «ҚЗҚ» ҚБ пайдасына 1 091 430 952 теңге өндіру белгіленген, оның 372 000 000 теңгеден астамы іс жүзінде атқарушылық іс жүргізу арқылы өндірілді. Осылайша, «ҚЗҚ» ҚБ-ның мүліктік мүдделері қалпына келтірілді және даулы мүлікті қайтаруға құқықтық негіз болмады.

«ҚЗҚ» ҚБ-ның сот актілерін қайта қарау туралы өтінішіне байланысты «БИКО» ЖШС Бас прокуратураға жүгінген кезде, Бас прокуратура 2024 жылғы 26.06.2024 ж. № 2-01-24-51352 жауабында аталған даудың Бас Прокурор тарапынан тараптардың өтініші бойынша наразылық келтіруге жатпайтын санатқа кіретінін, яғни тиісті өтінішті қарауға процессуалдық мүмкіндік жоқ екенін ресми түрде көрсетті.

Соған қарамастан, Бас прокуратура 2024 жылғы 10 қыркүйекте № 2-01-24-73006 бастамашылық наразылық енгізді, ол 2024 жылғы 7 қарашада Жоғарғы Соттың істі қайта қарауына негіз болды.

Жоғарғы Сот қаулысын зерттеу көрсеткендей, онда бұрын соттар зерттеп, негізсіз деп тапқан және қабылдамаған дәл сол уәждер қайталанған. Сонымен бірге наразылықта бұрын мүлде қаралмаған жаңа мән-жайлар пайда болған:

  1. қарыз шартының орындалуына күмән келтіру – алайда бірінші сатыда «БИКО» ЖШС ақша қаражаттарының берілгенін және қарыздың өтелгенін растайтын барлық құжаттарды ұсынған;
  2. «БИКО» ЖШС 1992 жылдан бері жалдау төлемдерін төлемеді деген уәж – бірақ талапкер ешқашан мұндай талап қоймаған, бірде-бір сот сатысында мұндай талаптары болмаған, қарыз немесе сатып алу-сату шарттарын жасасу кезінде де қандай да бір берешек туралы мәлімдемеген;
  3. сот үкімі бойынша залал толық өтелмеді деген тұжырым – бұл ретте «ҚЗҚ» ҚБ өзі «БИКО» ЖШС сатып алған нысан бойынша залалдың ақшалай түрде өтелгенін мойындаған;
  4. мәміле бағасының төмендетілгені туралы болжам – ал 2015 жылғы қылмыстық іс бойынша сараптама 2002 жылғы мәміленің жарамдылығын бағалауға әсер ете алмайды, өйткені мәміле кейінгі сараптамалық қорытындыға тәуелді емес және тараптардың еркін волясы негізінде жасалды.

Бұл уәждер іс материалдарына сәйкес келмейді және res judicata – сот шешімдерінің түпкілікті және өзгермейтіндігі қағидатына қайшы келеді. Яғни соттар түпкілікті шешкен мәселені қайта қарауға болмайды.

Бас прокуратураның наразылығы 22 жыл өткеннен кейін адал сатып алушының құқықтық мәртебесіне күмән келтіріп, құқықтық айқындықты бұзады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Азаматтық кодексінің меншік құқығын қорғау және азаматтық қатынастардың тұрақтылығы туралы нормаларына қайшы келеді.

Айта кететін жайт, «БИКО» ЖШС-нің «ҚЗҚ» ҚБ бұрынғы төрағасы Б.А.Аубакиров әрекеттеріне еш қатысы жоқ. Кәсіпкер мүлікті толық көлемде төлеп, меншікті заңда белгіленген тәртіппен тіркеді. «БИКО» ЖШС-не тағы да жауапкершілік жүктеу – адал азаматтық айналым қатысушысын өзге тұлғаның қылмысы үшін жазалау деген сөз. Бұл әділеттілік пен заң алдындағы теңдік қағидаттарына толықтай қайшы.

Бас прокуратураның жеке тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық дауға араласуы ҚР АПК 54-бабында және «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 3-бабының 3-тармағында белгіленген өкілеттіктер шегінен шығады. Аталған іс прокурор наразылық келтіре алатын санатқа жатпайды: ол кәмелетке толмағандардың құқықтарын, мемлекет мүддесін немесе белгісіз тұлғалар шеңберін қозғайтын іс емес. Сондықтан бұл бастамашылық наразылық — заңға сыйымсыз және мемлекеттік органдардың жеке меншікке орынсыз араласуының қауіпті прецеденті.

Жоғарыда айтылғанның негізінде Сізден келесі сұрақтар бойынша ресми түсініктеме беруді сұраймын:

  1. Бас прокуратура бұл істің прокурор наразылығына жатпайтынын бұрын ресми түрде мәлімдей отырып, өзінің ұстанымын қандай себептермен өзгертті?
  2. 10.09.2024 ж. наразылыққа соттарда қаралмаған және заңды күшіне енген сот актілерімен белгіленген мән-жайларға жатпайтын жаңа уәждер қандай негізде енгізілді?
  3. Б.А. Аубакиров қатысты қылмыстық іс аясында «ҚЗҚ» ҚБ-ға залал толық ақшалай түрде өтелгенін ескере отырып, Бас прокуратура қандай құқықтық логикамен бұл мәселені қайта қарауға бастамашылық жасады?
  4. Прокуратура қандай негізде сот үкімімен кінәлі деп танылған тұлғаның әрекеттерінің теріс салдарын адал сатып алушы – «БИКО» ЖШС-не жүктеуді мүмкін деп санады?

Жоғарыда баяндалғанның негізінде бастамашылық наразылықтың заңдылығын тексеріп, көрсетілген сұрақтар бойынша заңмен белгіленген мерзімде толық ақпарат беруді сұраймын. Бұл мәселе қоғамдық маңызға ие, себебі прокуратура органдарының сот төрелігіне және жеке тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық дауға араласуын көрсетеді. Бас прокуратураның бұл наразылығы res judicata қағидатына қайшы келеді, өйткені залал өндіру мәселесі түпкілікті шешілген, ал «БИКО» ЖШС – адал сатып алушы. Мұндай араласу бизнес үшін меншік құқығының қорғалуы мен құқықтық айқындыққа деген сенімді әлсіретеді.

Құрметпен,
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі