Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бас Прокурорға «БИКО» ЖШС-нің өтініші бойынша (21.04.2026 ж.)
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Маған «БИКО» ЖШС-дан оның мүліктік құқықтарының бұзылғаны және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне заңсыз араласуы туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш иесінің уәждеріне сәйкес, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі № 7599-24-00-2а/13311 қаулысымен «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ-ға ауданы 3 145,3 ш.м. болатын тұрғын емес үй-жайды және ауданы 0,3113 га жер учаскесіне жер пайдалану құқығын қайтару түріндегі мәміленің жарамсыздығының салдары қолданылған.
Аталған сот актісін зерделеу арқылы сот «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ-ның «БИКО» ЖШС-ға мәмілені жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырғаны; жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты (новация) 2002 жылғы 11 желтоқсандағы № 30 жарамсыз деп танылғаны; жоғарыда көрсетілген мүлікті қайтару түріндегі мәміленің жарамсыздығының (реституция) салдары қолданылғаны анықталды.
Сонымен қатар, объектіні иелену кезеңінде «БИКО» ЖШС оны 3 145,3 шаршы метрден 4 095,8 шаршы метрге дейін кеңейтуді жүзеге асырғаны анықталды, ал бұрын жер пайдалану құқығында болған жер учаскесі 2003 жылғы 21 наурыздағы № 303 сатып алу-сату шарты негізінде жеке меншікке сатып алынды.
Бұл ретте 2024 жылғы 03 сәуірдегі объектіні пайдалануға беру актісін және 2003 жылғы 21 наурыздағы жер учаскесін сатып алу-сату шартын қоса алғандағ «БИКО» ЖШС құқық белгілейтін құжаттары сот қарауының мәні болып табылмады және жарамсыз деп танылмаған.
Осыған қарамастан «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ қосымша құрылған алаңды қоса алғанда, бүкіл жылжымайтын мүлік объектісі мен жер учаскесін қайта тіркеуге бастамашы болды. Жауап ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ (бұдан әрі – КеАҚ) Алматы қаласы бойынша филиалы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабының 1-тармағына сәйкес, құқықтық кадастрдағы жазбалардың күшін жою үшін негіз болып табылатын заңды күшіне енген сот актілерінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, тіркеу іс-әрекеттерін жасаудан негізді түрде бас тартқан.
Сонымен қатар, өтінішке сүйенсек, Алматы қаласы Әділет департаментінің атына Алмалы ауданы прокуратурасының ұсынысы енгізілгеннен кейін, соңғысы бұл ұсынысты орындау үшін КеАҚ-ға жолдады. Нәтижесінде КеАҚ сот тәртібімен дауланбаған құқықтарды қоса алғанда, «БИКО» ЖШС меншік құқығы туралы жазбалардың күшін жойды және мүлікті «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ-ға, оның ішінде өтініш берушінің меншігінің бір бөлігіне қайта тіркеді.
Өтініш беруші аталған әрекеттер тиісті меншік құқықтарының тоқтатылуын тікелей көздейтін заңды күшіне енген сот актілері болмаған кезде жүзеге асырылғанын көрсетеді, бұл оның пікірінше, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағының императивті талаптарының бұзылғанын куәландырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағына қайшы келеді, онда ешкім сот шешімінсіз өз мүлкінен айырылмайтыны көзделген.
Бұдан басқа, өтініш беруші прокуратура органдарының сот рәсімдерін прокурорлық ден қою актілерімен іс жүзінде ауыстырудан, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне орындау үшін міндетті ұсыным енгізу арқылы заңсыз араласудан көрінетін өз өкілеттіктерін асыра пайдалануын көрсетеді. КеАҚ-ның және прокуратураның талаптарын орындаған Әділет органдарының тиісті құқықтық негіздер болмаған кездегі әрекеттері де құқықтық бағалауды талап етеді.
Баяндалғанды ескере отырып, кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарын қорғау және заңдылық пен құқықтық айқындық қағидаттарын бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында, баяндалған дәлелдерге жан-жақты тексеру ұйымдастыруды және Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының, Алматы қаласы Әділет департаментінің және КеАҚ-ның іс-әрекеттеріне прокурорлық ден қою актілерін енгізудің, оларды орындаудың және тиісті сот шешімінсіз меншік құқығын кейіннен жоюдың заңдылығы тұрғысынан құқықтық баға беруді сұраймын.
Сондай-ақ «БИКО» ЖШС-нің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған прокурорлық ден қою шараларын қабылдау туралы және негіздер болған кезде – кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауды сұраймын.
Нәтижелері туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге заңда белгіленген мерзімде хабардар етуді сұраймын.
Құрметпен,
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров





